«Тіл шебері» анықталды
Павлодар қаласындағы Естай атындағы Мәдениет сарайында үш тілді, яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында қалалық «Тіл шебері» байқауы өтті. Байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Сайыстың мақсаты – үштұғырлы тіл саясатын дамыту. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, жастардың көп тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын арттыру.
Байқауға мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін 21-29 жас аралығындағы 15 маман қатысты. Сынақ үш бөлімнен тұрды. Бірінші – «Тұсаукесер», екінші – «Ұлттаным», үшінші – «Өнертаным». Үміткерлер берілген тапсырма бойынша, үш тілде өздерін таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Соңғы бөлім бойынша, ағылшын және орыс тілдерінде көркем шығармадан үзінді оқыды. Нәтижесі бойынша Ұлжан Озыхан І орын, Гүлбаршын Қасенова ІІ орын, Сандуғаш Елшібаева ІІІ орынға ие болды. Сонымен бірге Айнұр Әмірғалиева «Өзге тілдің бәрін біл…», Салтанат Садыбекова «Жеті жұрттың тілін біл» аталымдарымен марапатталды. Байқау жеңімпазына облыстық кезеңге жолдама тапсырылды.
Өз тілшімізден