Тіл – тағдыр. «Magnum» оқиғасы тілге жасалған қиянат па?
Қазақстан – егемен, тәуелсіз ел. Тілі, діні, ділі бөлек мемлекеттердің ортасында отырып, өз тілін сақтап қалу – халықтың рухының, намысының биіктігі. Бірақ өз елінде, өз жерінде мемлекеттік тіл үшін күресу осы заманның ащы шындығына айналып бара жатқандай. Бұған жуырда орын алған «Magnum» супермаркетіндегі жанжал дәлел.
Бір қарағанда, бұл жай ғана курьер мен тұтынушы арасындағы қарапайым түсініспеушілік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе әлдеқайда тереңде. Бұл – тіл саясатына, ұлттық болмысқа, ұлттың өз еліндегі орнын айқындайтын факторларға тікелей қатысты жағдай. Және бұл оқиға қоғамда бұғып жатқан үлкен жараның бетін ашты. «Magnum»-да жұмыс істеген қазақтілді курьер тұтынушыдан «Қазақша сөйлеңіз» деп өтінгені үшін жұмыстан қуылды. Бұл талап – дөрекілік емес, өз тілін, өз мемлекетін сыйлаудың белгісі еді. Бірақ осы бір қарапайым өтініш үлкен дау тудырып, нәтижесінде курьер жұмыстан біржола қуылды.
Сонда сұрақ туындайды: «Қазақ азаматы Қазақстанда қазақша сөйлеуді сұраса, бұл неге «агрессия» саналады?» Бұл – тек бір курьердің мәселесі емес. Бұл – мемлекеттік тілдің тағдыры, ұлттың намысы, қоғамның қаншалықты өз құқығын қорғай алатынының айнасы. Бұл әрекетті ешкім саясиландырмай-ақ қойсын. Бойкот – бұл науқан емес, бұл жұрттың ашынған дауысы. Жетіп жығылған шек. Тек қазақ болғасын емес, өз елімізде өз тіліміз үшін қысым көруімізге қарсы үн.
Сонда біздің мемлекетте мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету жазаланатын әрекет пе? Егер өз елімізде, өз жерімізде, өз тілімізді талап ету орынсыз, артық әрекет ретінде қабылданса, онда біз қай бағытта кетіп барамыз? Мемлекеттік тілді талап еткен адам жұмыстан қуылса, онда Конституция қайда қалды?
Тіл – елдің айнасы десек, сол айна қазір кімнің қолында?
Көптен бері айтылып келе жатқан шындық – қазақ тілін заңмен емес, халықтың әрекетімен ғана қорғай аламыз. «Magnum» оқиғасы дәл осыны дәлелдеді.
Қоғам үнсіз қалса, ертең басқа компаниялар да мемлекеттік тілді менсінбеуі мүмкін. Сондықтан бұл тек бір супермаркеттің қателігі емес, бұл – жүйелі көзқарастың кесірі. Бұған қарсы тұратын – заң емес, сана-сезімі оянған халық.
Бұл оқиға қазіргі қоғамымыздың шынайы бейнесін көрсетті. Біз дамыдық дейміз, бірақ қазақша сөйлеуді талап еткен адам қысымға ұшырайды. Ұлттық бірегейлік туралы айтамыз, бірақ мемлекеттік тілімізге меншік нысандары мен компаниялар немқұрайлы қарайды.
Осы оқиға мемлекеттік тіл мәртебесінің жай ғана «мерекелік ұран» емес, қоғамдық маңызды мәселе екенін көрсетті. Бұл – тілдің ел болашағындағы орнын қайта қарауға бастайтын қоғамдық серпіліс. 70%-ы бұл оқиғаны тіл мәселесіне байланысты қоғамның оянып, өз құқығын қорғай бастағанының белгісі деп бағалаған. Бұл азаматтық белсенділік пен тілге деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Ал қалған 15%-ы нақты көзқарас білдіре алмаған, яғни бейтарап немесе терең сараптамаға дайын емес екенін көрсетеді.
15%-ы бұл жағдайды уақытша наразылық немесе эмоциялық реакция деп санайды. Бұл топ үшін мәселе кең ауқымда емес, тек жеке жағдай ретінде қабылданған.
«Magnum» да, басқа да ірі брендтер халықтың үнін естігісі келсе, қазақ тілін шын құрметтеуден бастауы керек. Жарнама, қызмет көрсету, ішкі орта – барлығы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Сонда ғана халықтың сенімі қайтып оралады.
Тіл – біздің тағдырымыз. Оны қорғамасақ, ұлт ретінде жоғаламыз. Сондықтан тіл үшін күрес – ертеңгі ұрпақ үшін күрес. Халық енді үнсіз емес. Халықтың үні заңнан да қатты. Ал енді сөз – компанияларда, басшыларда, билік пен бизнесте. Таңдау – олардың еншісінде: халықпен бірге ме, әлде халыққа қарсы ма?
Аяулым МЫНЖАСАР,
Жансая ТОЛҚЫНБЕК