«Тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр»

Қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының өткен  жылғы нәтижесі жаман емес. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың есептік кезеңдегі мониторингі оң үрдістің бар екенін көрсетіп отыр. Белгілі нәтижелерге қарамастан назар аударатын кейбір мәселелер бар. Біріншіден, халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет.

Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін курстардың қолжетімділігін  арттыру, оның ішінде интернет, ақпараттық ресурстар арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл Мәдениет және спорт  министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Осыған байланысты халықтың арасында кеңінен  сұранысқа ие заманауи оқу әдістемелік құралдарды, балалар кітаптарын басып шығару керек. «Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшуін іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Әліпбидің кезең-кезеңімен көшуі бойынша тиісті іс-шаралар жоспары  бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын  қамтамасыз етуді тапсырамын. Ерболат Асқарбекұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Досаев) комиссия төрағасының орынбасары ретінде Арыстанбек Мұхамедиұлымен  бірлесе отырып, осы жұмыстарды бақылауға алуды тапсырамын», — деді Бақытжан Сағынтаев. Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындысын шығарған болатын.

Дереккөз: http://www.inform.kz/kz/bakytzhan-sagyntaev-kazak-tilin-akysyz-uyretetin-kurstardy-zhandandyru-kazhet_a3200058