Тілектің құны туралы әпсана
Тілекті орындатудың ең тамаша тәсілі.
Ғаламның ауласында бір ерекше дүкен бар еді. Бірақ маңдайшада жазуы жоқ – оны баяғыда дауыл ұшырып әкеткен, жаңасын қожасы қоюға асықпады, өйткені тұрғындардың бәрі мұнда тілек сатылатын онсыз да жақсы білетін.
Дүкендегі өнім аталымы тым көп еді. Мұнда жаның қалағанның бәрін алуға болатын. Үлкен яхта, керемет пәтер, тұрмысқа шығу билеті, корпорацияның вице-президенті болу, ақша, бала, жайлы жұмыс, сымбатты мүсін, байқаудың жүлдесі, зыңдай көліктер, билік, жетістік. Бұдан басқа да көптеген дүниелер сөреде сапырылысып тұратын. Тек қана өлім мен өмір ғана сатылмайды екен. Ол тек бас кеңседе сатылады. Бас кеңсе басқа Ғаламда екен.
Дүкенге келгеннің бәрі (бұл дүкенге бас сұқпағандар қаншама, үйлерінде отырып, тілек тілеуді ғана біледі екен) ең алдымен тілегінің құнын сұрайды.
Тілектің бағасы әркелкі. Мысалы, сүйікті іспен айналысу үшін — тұрақтылық пен қалыпты өмірден, өзің біліп өміріңді жоспарлаудан және өмір сүруді реттеуден, өз күшіңе сенуден, керекті жерде емес, өзің қалаған жерде жұмыс істеуден бас тартуға татиды екен.
Билік одан гөрі қымбатырақ тұрады екен: ол үшін өзіңнің мақсат-мүддеңнен бас тартып, айналаңдағы дүниенің бәріне сәйкес түсінік бермей, өзгеге жоқ дей алмай, өз бағаңды (өзіңді өте жоғары бағалауың керек) білмей, өзіңнің «Мен» деуіңді доғарып, ел-жұрттың мақұлдамай тұрғанына қарамастан өзіңді алға шығаруға тиіс болады екенсің.
Кейбір бағалар тіпті сорақы көрінді – күйеуге шығуды тегін береді де, ал бақытты өмір сүру тым қымбатқа түседі екен: өз бақытың үшін жеке басыңмен жауап беру, өмірден ләззат ала білу, өз тілегіңді нақты білу, өзгелердің қалауына сай болуға тырыспау, қолда бардың қадірін түсіну, өзіңе бақытты болуға рұқсат ету, өзіңнің құныңды білу, «құрбандық» бонустарынан бас тарту, достарың мен таныстарыңды жоғалтып алу қауіпі.
Дүкенге кірген адамның бәрі тілегін сатып алуға дайын болмайды. Кейбір адамдар бағасын көріп, теріс айналады. Енді бірі терең ойға шомады. Қалтасын қағып, жетпегенін қайдан алсам деп бас қатырады. Тым қымбат бағаға наразылық білдіреді. Жеңілдік беруін сұрайды.
Жиған-тергенін әкеп, тілегін дереу сатып алатындар да бар. Әдемі қағазға оралған тілегін бас салып, тезірек дүкеннен кетуге асығады. Ондай бақытты жандарға басқалары қызыға, қызғана қарап қалады. Біреулер дүкен иесі олардың танысы, тілекті тегін берген шығар деп сыртынан топшылап соға береді.
Дүкен иесіне бағаңды түсір деп жиі айтатын. Сонда сатып алушылардың қатары көбейеді деп ақылдымситындар қаншама. Бірақ ол әрдайым жоқ дейтін, арзандап кетсе, тілектің сапасы түсіп кетеді деуші еді.
Шығынға батып қалмайсың ба деп сұрайтын сонда ел. Ол басын шайқайтын. Әр заманда өмірін өзгерткісі кеп, тәуекелдің жел қайығына мінетін, іш пыстырарлық өмірден қашып, өзіне сене білетін, өз тілегінің лайықты құнын төлей алатын қайсар жандар табылатыны сөзсіз дейтін.
Ал, есіктің маңдайшасында жүздеген жылдар бойы: «Егер тілегің орындалмаса – әлі құнын төлемегенің» деген хабарлама ілініп тұрады екен.
Автор: Минакова Юлия
Аударған Шынар Әбілдә