ТІЛІ ЖОҚ ҰЛТТЫҢ, ӨЗІ ЖОҚ

Өз елінде жүріп жүріп тілінің мәртебесі үшін күресетін, өз тілінде сөйлегені үшін қуғындалатын, өз елінде өзге тілдер алға шығып өз тілі өгей тіл болатын, өз баласы өзінің тілін өзегінен тебетін, бізден басқа ел бар ма екен, осы?!

Бабадан қалған бай да шұрайлы қазыналы қазақ тілінің, Абайдың тілінің өз елінде өгейдің күнін кешіп жүрген бүгінгі мүшкіл халіне қарап «өз тіліне жаны ашымайтын неткен сорлы ел едік»,- деп айғайлап тұрып жылағың келеді. Бірақ құр жылағаннан не пайда?

 

 

Қарапайым қара қазақтың мұң-зарын, ұлтының болашағына, елінің ертеңіне алаңдаған аналардың үнін ұлты қазақ президентің, билігің естімесе немесе естігісі келмесе, не үміт, не қайыр?

29 мамырда Елордамыздағы №93 мектеп-лицейдің маңында тұратын жиырма шақты ата-ана орыс сыныптарын ашсын деп жатыр дегенді естіп, арасында ардагер ақсақалдарымыз, мәжіліс депутаттары, жазушылар, өнер адамдары, журналисттері, қоғам қайраткерлері бар, бір топ тіл жанашырлары мектепке жиналдық.

 

 

Жиналған ата-аналарға қарап отырсам, бәрі өзімнің қазағым. Қазақ болғанда, аты қазақ, тілі орыс, заты өгейлер. Жас ата-аналар. Қазақтың әп-әдемі есімдерін иемденген, бірақ қазақ тіліне жаны қастар. 30-жылғы жүйеміздің «жемістері».

30 жылда ұлттық тәрбиеден жұрдай болып тәрбиеленген, үлкенді үлкен деп құрметтемейтін, жөн сөзге тоқтамайтын, тыңдау дегенді білмейтін, шапылдап беттен алып, төске шауып тұрған жастар.

 

 

Елордамыздың құрметті ақсақалдарының сөзіне қарсы шығып, боғауыз, бейәдеп сөз сөйлеп, тұрпайы іс-әрекет жасап отырған қазақтың (?!) жігітіне, не сөз ұқпайтын, не сөзге тоқтамайтын қазақтың (?!) жап-жас келіншектеріне қарап  жаным түршікті. Оларға қарап отырып Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,-деген сөзі ойыма қайта-қайта орала берді.

Ал енді ең сорақасы жиналыстан шығып бара жатқан келіншектің (өз қазағыңның?!) «мен сөйлегендердің барлығының сөзін жазып алдым. Толық видео жасадым. Мұны Ресейге, Путинге жіберемін, шағымданамын»,-дегенін естігенде шалқамыздан түсе жаздадық.

 

 

Алла сақтасын, «Іштен шыққан жау жаман» демекші, араңда осындай дұшпандарың жүрсе, жауды сырттан іздеп те қажеті де жоқ. «Отырардың қақпасын ашқандай», қақпаны іштен өздері-ақ ашып бере салады екен ғой деген ой келді, ойымнан өзім шошыдым.

Шынымды айтсам, көрші елдің президентіне «қатты риза болдым». Неге дейсіздер ғой. Өз елінің халқы оны «Құдай» көреді, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. «Орыс әлемі» күшті насихат құралы, идеологиясы мықты! Тіпті өмірі орыс елінде тұрып көрмеген, олардың өзге ұлтқа деген пиғылын сезінбеген, біздің қаракөздеріміздің жүрегін жаулағаны соншалықты, «Путинге шағымданамын»,-деп, тәуелсіз елі бар, өз президенті бола тұра, Путинге «арқа сүйеп», соны «кумир» санап отыр.

 

 

Міне, идеология, міне жастармен жұмыстың жемісі! «Жалаулатып, ұрандатып» жүрген 30 жыл тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістігіміз — өзге идеологиямен қаруланған тұтас бір ұрпақты өсіріп шығарыппыз. Обалы кімге?

«Қаңтар оқиғасына» әсіре діншілдер араласты десек, мынандай идеологияға уланғандар да олардан асып түспесе, кем емес. Олардың қатарын жылдан-жылға көбейіп бара жатқан, шала мектептің (аралас) орыс сыныбында оқитын қарагөздеріміз көбейтіп жатқанын тағы ұмытпайық. Тілі басқа, ділі басқа, қазақтың қаракөз Жәмила, Әйгерімдері «Орыс әлемінің» өлмеуіне «өлшеусіз үлес» қосып жатыр, өздерінің орнын басар ұрпағын да өзге идеологияға «табындырып» тәрбиелеп жатыр. Бұған қарап, Мағжан Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті».

Осы жиыннан кейін ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмадым. Қандай ұрпақ тәбиелегенбіз, ұлт болашағы қалай болмақ, ел боп қала аламыз ба? Ұланғайыр жерінің бір шетін шашау шығармай қорғаған бабаларымыз ол жердің бүгінгі мұрагер ұрпағы туған тілінен, ділінен, ділінен безген безбүйрек болып ақ сақалды қарттарды балағаттайтынын білсе, не дер еді?,-деген ?,-деген сансыз сұрақ санама маза бермей, ұйқым  әбден қашты.

Құрметті Президент, биліктегі ағалар, депутатар, бауырлар! Халқым!

Халқы мынандай жік-жік, дай-дай болған, ақырындап іштен іріп жатқан елде қайдағы «Жаңа Қазақстан»? Тәуелсіз елі бар, туы бар мемлекеттің азаматының «өзге елдің орманына қарап ұлуының» түбі жақсылыққа апармайды.

 

 

Өз ұлтының тілінде сөйлемеген, тәрбиесін, тәлімін көрмеген ұрпақ өз елінде өмір сүріп, суын ішіп, нанын жеп, өзге елдің патшасына арқа сүйеп, тілін, ділін мәртебе көреді. Ойбуй, 50 елдің қатарындамыз, рухани жаңғырып жатырмыз, ұлттық кодымыз оянып жатыр дегеніміз қайда?! Жеткен жеріміз осы екен.

Айтпақшы, «жиылып алып оппозиция келді» деді бізге. Үлкеннің де, кішінің де сөзі өтпейтін жас ата-аналарға қарап бойымды елімнің ертеңіне деген үрей, қорқыныш биледі. Бір ұлтты екіге бөліп, екіншісін рухани өзегінен айырған 30-жылдық жүйеге, ұрпағымызға ұлттық құндылықты сіңірейік, ұлттық тәрбие берейік,-деп шырылдап жүргенімізді қолдамайтын, «немене артқа тартып жүрсіз, жаһандану заманы, бәрі өзгереді, жасап жүргеніңіздің құны бес тиын» деген «ұлттық құндылықтың, ұттық тәрбиенің жауларына» қаным қарайды.

 

 

Рухани өзегінен айырылған, орыстың тәрбиесін көрген жастардың көбінің «үлкенге құрмет» дегеннен жұрдай, беттен алып тұратын өнегесіз, өресіз, рухсыз, тексіз болатынына тағы көзім тағы жетті.

Айтпақшы, кейбіреулер мұндай мінезді қазақша оқыған балалар ұялшақ, орысша оқығандар олардан әлдеқайда алда, «өз ойын ашық айта алатын, мықты» деп жатқандарға айтарым, ұрпақты мұндай сорақы қылық көрсетуге тәрбиелейтін, өзге  елдің ділі мен тілі менің ана тілімнен садаға кетсін. Туған тілден безгендер Паустовскийше айтқанда, «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік».

 

 

Осының барлығын көріп отырған әр ұлт жанашыры тек тілдің ғана емес, елдің елдігі мен ұлттың болашағына қауіп төніп тұрғанын ұқтық.

Мемлекет құраушы ұлттың тілі, қазақтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі болмаса, қазақ тілі ынтымақ пен бірліктің тіліне айналмаса, мемлекеттік тілінің қадір-қасиеті жоқ «Жаңа Қазақстан» кімнің Қазақстаны болмақ?!

Тіл – ұлттың рухани өзегі, ал өзегінен айырылған ұлт өледі.

 

 

Тәуелсіз мемлекетте, егеменді елде тұрып жатқан, тәуелсіз ұлттың өз Президентін емес, өзге елдің басшысын «пір тұтып», қорғаушы санағаны, өз президентінен емес, өзгенің президентін араша сұрағаны дабыл қағарлық, ойлантарлық ахуал. Қатты ойланыңыздар. Тіл мәселесі шешілмей, бұл бөлінудің арты жақсылыққа апармайды. Қорқытпаймыз, бірақ түптің-түбінде «Қаңтар оқиғасынан да» асып түспесін. Жер иесі, ел иесі, қазақ ұлтының азаматы ретінде, ана ретінде қорқамын. Мұндай санасы жат идеологиямен уланғандарға құрмақ болып жатқан «Жаңа Қазақстанның» түкке қажеті жоқ, оларға көршіде не боп жатқаны қызық, олар солардың сойылын соғады, соны түсініңіздер.

Менің бала кезімде орыстанған Целиноградта орыстар аузымызды ашқызбаушы еді, енді олар үндемейді. Олардың орнын өз өгейлеріміз басты. Жаныма бататыны сол. Тілім үшін 15 жасымда орыс араласқан ауылға көшіп келгеннен бастап «күресті» бастап едім. Міне, 52 келдім. Әлі тілімнің бейшара күйін көріп күйінемін. Анамның сүтімен 72 тамырыма бойлай сіңген, қасиетті тілімнің өз ұрпағына қадірлі болғанын, төрден орын алғанын көрмей кетемін бе?,-деп қорқамын.

 

 

Осылай кете берсек, күні ертең құрмақшы боп жатқан «Жаңа Қазақстанда» қазақша сөйлеп, қазақша түс көретіндердің бәрін «фашист» дерсіздер, бәлкім. Қазақша тәрбиелеп жатқан ұрпағымыздың ертеңіне алаңдаймыз.

«Жаңа Қазақстан» дейсіздер, ана тіліміз басын биік көтеріп, кеудесін кере есіктен кіре алмайтын елде ескі ойлайтын, «көне» тілде сөйлейтін қазаққа орын жоқ шығар, тілі де, ділі де өзгерген жаңа қазақтар ғана тұратын болар, онда?!

Біз сияқты ескі қазақтар Асан Қайғы бабам сияқты «Жер ұйықты іздеп кетеміз бе»?

Айтпағым, онда мемлекеттің атауында өзгерте салыңыздар. «Қазақ» деген қасиетті сөзді аманаттап кеткен батыр, текті, рухты бабалардың аруағынан ұят болар.

Тіл тағдыры ғана емес, бүткіл ұлт тағдыры қыл үстінде тұр, ал біз болсақ, әлі сол, сөзбен қатырып, көсемсіп жүрміз. Отыз жыл болды, құр сөзден, ұраннан «мүйіз шықса», баяғыда-ақ шығар еді ғой?!

Мемлекет құраушы ұлттың тілі -біріктірер күш болмай, «Бір тіл, бір ұлт» идеологиясы болмай, бәрі бекер. «Тілі жоқ ұлт, өзі жоқ ұлт».

Қазақ ғана тілін де, жерін де, отанын да анаға теңеген. Ал бала үшін анадан қасиетті кім бар?! Ал біз болсақ, сол анамызды өз қолымызбен өзіміз буындырып,  тұншықтырып жатырмыз. Бүйте берсек, ана тілін өзге емес, өзі қолымен «буындырып өлтірген» ұлт болып, тарихта қаламыз.

Қорқынышты…

Мемлекет құраушы ұлттың тілі, қазақтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі болмаса, қазақ тілі ынтымақ пен бірліктің тіліне айналмаса, мемлекеттік тілінің қадір-қасиеті жоқ «Жаңа Қазақстан» кімнің Қазақстаны болмақ?! Тіл – ұлттың рухани өзегі, ал өзегінен айырылған ұлт өледі.

Қазір еліміз шешуші, бетбұрысты жағдайды бастан кешіп жатыр

Тарихшылар айтпақшы, «Төмендегілер бұрынғыша өмір сүре алмайтын, жоғарыдағылар төмендегілерді бұрынғыша басқара алмайтын» кәрі тарихтың қарапайым заңдылығы емес пе? Халықпен санасатын кез жетті. Халық – теңіз. Теңізді толқыта бермеңіздер. Жанды жеріміз тіл үшін күйсек, күйіп-ақ кетейік деп жүрген қалың қазақтың мүддесін аяққа таптамаңыздар.

Дәл қазір тек Тіл тағдыры ғана емес, Ұлт тағдыры да қыл үстінде тұрғанын ұмытпаңыздар. Бүгін болмаса, ертең бәрі кеш болады.

Қадірлі халқым, өзін қазақ деп санайтын барша ағайын!

Қара шаңырақ ұғымы кең. Бұл ұғымға ұлт та, тіл де, діл де, жер де, жер иесі де, ұлттық құндылық та сыйып кетеді.

Марқұм Мырзағам (Мырзагелді Кемел) 2019 жылы «Қазақтың қара шаңырағы шайқалып тұр, қарындасым»,-деп еді. Кешегі жиында жиылғандарға қарап, Мырзағамның сөзінің шындығына тағы куә болдым.

 

 

Қара шаңырақты шайқалтып жатқандар 30 жылғы жүйенің миы шайқалған «өнімдері». Бүгінде ұлтымыз жік-жікке бөлініп кеткен екен. Салафилер, асыра діншілдер, орысшылар және аз ғана нағыз қазақтар. Біз идеологиялық соғыста жеңілгенімізді мойындауымыз керек.

Ел анасы, белгілі қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Сәуле Мешітбаева апамның жүрегінен шыққан сөздері, жан айғайы қай қазаққа болсын ой салсыншы:

Депутаттардың ішінде санаулы ғана тіл үшін шырылдап жүргендер бар. Соның бірі Қазыбек Иса. Ол «Ертең тілім өлсе, мен бүгін өлем»,-деп дағыстандық ақын Расул Гамзатовтан кем айтып жүрген жоқ. Оны да ертең лақтырса, қайтесіңдер, қайдасыңдар, ағайын!

Бұл үлкен қасірет, ұлтым. Ертең болатын референдум нәтижесі белгілі. Себебі қазақ шала қазақ, мәңгүрт қазақ, мәмбет қазақ, бай қазақ, әсіре діншіл қазақ деп бөлініп кеткен, солай бөліп тастаған.

Ағайын, билікті де ниетімізге қарай берді. Енді құр сөзді қойып, іске көшетін кез келді. Айғайсыз, сабырмен ұлт болып Президент Қ.Тоқаевқа ашық хат жазайық, қабылдасын. Бас-басына би болған, ақылшы кадрлары көбейіп кетті ғой. Дәл осы мәселе кезек күттірмейді, айналайын қазағым?

Мұны да 2-3 күн шулап, қоя салмай, іске кіріселік. Асылы Осман апамыздан артық кім айтады, шырылдап жүргелі неше жыл. Билікте естиін деген ниет жоқ. Кешегі жиынға Аманжол Алтай да барыпты. Жүрегінің қан жылағаны сөзсіз. Солар бас болсын. Бұл бастамасы ғана кеш болмай тұрғанда қалың қазақ болып қолдайық, айналайындар, ояныңдар. Ұйықтап жатып, тілсіз ұлтқа айналып кетпейік.

Қылышынан қан сорғалаған кеңес заманында өлмеген қайран тілімді қызым, өзің айтқандай, өз аузымыз өзімізге жеткенде «өз қазағым өлтіріп жатыр», «сексеуіл саясатын» өз ұл-қыздарым жүзеге асырып жатыр, әттеген-ай, айналайын».

Ел анасының жүрегінен шыққан, еңіреп айтқан жан айғайы бұл!

Кешегі жиында болған құрметті депутаттар, Қазыбек Иса, Аманжол Әлтай, ағалар, мектепте өткен жиында не болғанын өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Бір шоғыр «санасы уланған» жастар ақсақалдарды да, билік өкілдерін де тыңдап жатқан жоқ. Біздің қарапайым халықтың үні билікке жетпейді, бізді ешкім естімейді. Сондықтан ана тіліміз де, қазақтың ділі мен құндылығы да, қазақтың өзі де сіздерге аманат. Аманатқа қиянат жасамаңыздар. Баршамыз тіл болашағы үшін, ұлт болашағы үшін рухани «күресте» бірге болуымыз керек. Тіл үшін қалың қазақтың жаны    шүберекке түюлі.

Бабалар аманаттап кеткен Қарашаңырағымызды сақтап қалайық, тілімізді тұншықтырмайық, құндылығымызды құрметтейік!

ҚР азаматы  ретінде Тәуелсіз елдің азаматы бола тұра өзге мемлекет басшысын өз елінің Президентінен биік қойып, өз Президентін президент деп санамайтын әйелге қатаң шара қолданылсын. Мемлекеттік тілді қорғағандарды елден аластатқанша, осы әйелді де мемлекет аумағынан шығарсын. ҚР азаматтығынан айырсын.

Шәкен Тұрар Сәттарқызы, «Ел ана» сайтының үйлестіруші, тілшісі