«ТІПТІ БОЛМАЙ БАРА ЖАТСА…»

(жас келіндерге кеңес)

Көп әйелді осы «тіпті болмай бара жатса…» деген жаман ой құртады. Сондықтан «тіпті болмай бара жатса, сөйте салам ғой, болмай бара жатса, кете саламын» деген ой басыңа кіріп те шықпасын. Азғырушы шайтанның ең жақсы көретін нәрсесі – ерлі-зайыптыларды ажырастыру екенін ұмытпағайсың.
Есіңде болсын. Қалатын адам – қалатын себеп іздейді, кететін адам – кететін себеп іздейді. Осыны есіңнен шығарма. Егер сенің ниетің шынында да қалу болса, осы жерде өсіп-өніп, көгеру болса, сол мақсатыңа қарай талпыныс жаса. Қиындыққа сынып кетпе. Егер көңілің қалып, ренжіп қалсаң, олардың осы уақытқа дейін жасаған барлық жақсылықтарын, олармен өткізген қызықты күндеріңді, олардың жақсы істерін, мінездерін ойыңа ал. Тек жақсы нәрселерді ғана ойыңда сақта. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Мен сенен ешқашан жақсылық көрмедім» дейтін әйелдерге ескерту жасап, оның түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан…
Құрбым! Отбасы болған соң қыз баланың да, ер жігіттің де бойынан неше түрлі мінездер шығып жатады. Өзің де білмейтін алуан түрлі сезімдер пайда болады. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін біл. Қазір у-шу болып ажырасайын деп жатсаң, ертең мүлде басқаша, сендерден асқан тату-тәтті отбасы жоқтай бақыттан бал-бұл жанып отырасың. Бұл өзі ежелден солай. Бұлқан-талқан болып ашуланып, «бәрін біттіге» санап тастаған талай әйелдің ертең «Менің күйеуімнен артық адам жоқ!» деп отырғанын талай рет көргенбіз. Сондықтан сабыр, сабыр және де сабыр!

Зауре Даулетова фб парақшасынан