Тіріні жеп, тауысып,  өліге ауыстық па?..

Баяғыда, кеңес заманында жемқорлық қырық жастан асқанда басталатын. Онда да мемлекеттің қаржысынан жымқыру аз еді. Жүз мың рубль жегендер атылып кететін заң бар еді. Бүгінде елімізде жемқорлық жасарып кетті, орын-таққа отырысымен нені жеп, нені бүлдіріп тастауды ойлайтын жымысқы қулар баршылық. Билік қолында тұрғанда, қаржы жымқыратын сыбайластарын да тез тауып алады. Кеңес заманында жемқорлықты балаларға дейін ажуалап, есін шығаратын еді. Бүгінде әжуа мазаққа жемқордың ешқайсысы қыңбайтын болды. Ертеде әжуаның бір түрі бухгалтерді, мінеу болатын.

Бухгалтер есептеп жейді,
Бастық кесектеп жейді,
Парторг сұрап жейді,
Бермесе, құйрығын бұрап жейді, — деуші еді.
Осындай әжуаны естіген жемқорлар арбаға кебежесін тиеп, бала-шағасын ертіп, көзі көріп, құлағы естімес жерге кетіп жататын. Өйткені өздерін өлімнен ұят күшті деп сезінетін.
Бүгінгі жемқорлардың теориясы ұялмаған бұйырмағанды алады деп шалқып жүр. Қалтасы қалыңдаса шетел шарлап, аспаннан да жол тауып, қалқып жүр. Басқасы басқа, Қарағандыда бір жемқор әйел миллиардтарды жымқырып, оған сот алты жылға үкім шығарды дегенді ақпараттан естігенде таң қалдым. Баласын ақ сүтімен асыраған, әйел ақ сүті мен нанның киесінен қорықпады ма? Қылмыскер атанғандар ұрпағына қиянат келтіріп, өмір жасын қысқартатынын сезуден қалдық па? Ақпараттарда жол апатынан, не басқа жағдайда өліп жатқан қыршын жастарды естігенде әке-шешесінің қиянатына ұшырады ма деп, жүрегің шошиды. Жемқор өзінің туған-туыстарының несібесінен жейтінін сезбейтініне таң қаласың. Ұрының қатыны өзіне лайық деуші еді ертеде. Бұрын аналарымыз: ұрпағыма адал ас ішкіземін, адал жолмен жүргіземін, олжаның, ұрлықтың жолы ауыр, жолама деп айтып отыратын. Демек, ондаған, жүздеген жемқорлардың есімін естігенімізде олардың әйелдері неліктен намыстанудан қалды, ұрпағы неліктен әкенің не ананың жемқорлық жолға түсіп, қарабет болуына ұялудан қалды деп ойлаймын. Ақтөбеде бір сыбайлас жемқор бір жарым миллион теңге қаржы жымқырды деп ақпаратта айтқанын естідік. Сонда елдің бір айтқышы сол бір жарым миллионнан басталатын жемқорлық миллиардтардың «қызығына» бастайды ғой деп түңіліс білдірді.
Жемқорлардың қиянаты туралы айта беруге болар еді, бірақ әңгіме өлілерді о дүниеге жөнелтіп, ұлттық салтымызды сақтауда да жемқорлық қылаң бере бастады. Түрлі өлікті жөнелту рәсімдерінің өзіне екі миллиондай қаржы кетеді. Оның үстіне, ең сұмдығы, кей жерлерде екі метр өлік жататын жерді мың долларға бағалайтын көрінеді.
Мысалы, орыстардың табыты төрт-бес мың теңге болса, басқадай шығындары да жетіп артылады. Осыны ескерген қариялар ұрпағым қиындық көрмесін деп қаралы күнге қаржысын жинайды. Бірақ сол қаржыны өлік жөнелтер кезде, үпит-сүпит деп, алаяқтық жолмен біреулердің қағып кететінін естіп жүрміз. Жалғыз басты қарттардың қаржы жинайтынын естіген қулар ұрып-соғып, тіпті өлтіріп, жиған-тергенін орден-медальдарына дейін тонап кететін оқиғаларға жаның түршігеді.
Облыстарды басқарған Кулагин ақпаратта: «менің иелігімде жетпіс мың гектар жерім бар», — деп еді. Оның салығын төлеп жерді тиімді жағдайда қалай пайдаланып жатқанын ол кісі айтқан жоқ. Ал осы жетпіс мың гектар жерде елді мекендер болса, ол жерлерде молалардың бары анық. Демек, өлі адамдардың екі метр жерін осындай жеке жер иеленішулер сатып жатқан жоқ па? Сондықтан республикамыздағы тиісті орындар әрбір елді мекендердегі молалардың жерін тегін пайдаланудың шараларын қарастыруға тиісті. Егер өлілердің жерлеу рәсімдері, тағы басқа шаруалары қымбаттай берсе, кедейлердің тұрмыс-тірлігіне үлкен ауырлық келтіретіні ақиқат қой.
Аталарымыз «тасынба, тасынған жетер басыңа, мазақ боларсың досың мен қасыңа. Тасынсаң төгілерсің, ар-ұяттан айырылып, қара жерге көмілерсің. Басыңа шоқпар тигендей егілерсің, аруақ атсын деген қарғысқа қалма, қарғыс түбі оңдырмайды», — деуші еді. Бүгінде бабалардың аманаттай айтқан сөзін тірілеріміз ескеріп, қиянатты жолдардан сақтануды неге айтпаймыз?
«Тіріні жеп, тауысып, өлуге де ауыстық па?» деп ойланғанда қазақтың «жегенің желкеңнен шықсын» деген қарғысы еске түсе береді. Ата заңымызда «Жер сатылмайды» деген бап бар. Абайлаңдар, қарғыс атпасын сыбайлас жемқорлар!