«Тірінің қамын тірі жер» әні 2004 жылы жазылған еді…
Қазақ руханияты қара жамылып қалды. 26 ақпан күні бұ жалғаннан бала күнімізден бері тыңдап өскен «Сәби болғым келеді…» , «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн» , «Нені аңсаймын?», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз ару» сияқты жан дүниеңді тебірентетін әндердің авторы, қазақтың танымал сазгері – Тұрсынғазы Рахимов өтті. Бұл қаза – бар қазақтың қабырғасын қайыстырып, көкірегіне өксік толтырған ауыр қаза болды. Ақиқатында, Тұрсынғазы өлген жоқ, жер бетінде ақырғы қазақ қалғанша, оның әні өлмейді! Ол тірі күнінде-ақ, әнге айналып кеткен саңлақ сазгер еді.
18 ақпан күні Семейде сазгер шығармаларының құрметіне арналған Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» атты бірінші республикалық ән фестивалі өтті, оған сазгердің өзі де қатысқан болатын. Сонда көрнекті әншіміз Еркін Шүкіман сазгердің көпке белгісіз «Тірінің қамын тірі жер» атты әнін орындаған болатын.
Сөйтсек, бұл әннің өзіндік тарихы бар екен. Әннің тууына тікелей себепкер болған қазақтың талантты жазушысы Талғат Кеңесбаев мырза екенін естіген соң, Талғат мырзадан әннің тарихы жайында сұраған едік:
– Бір күні Павлодардан Семейге келдім, автобустан түссем, аялдамада Келденбай ағам бастаған бір топ әншілері тұр Семейдің. Өй, Амансыңдар ма? Неге тұрсыңдар бәрің? Қалжыңдап тиісіп ем, әшейін де жарқылдап жүретін Тұрсекеңнің қабағы қатулы сондай. Күн деген ыстық, сосын қайда барасыңдар?- дедім. Бұл 2004 жыл еді. Сосын Төке не болды саған? -дегенімде «Қалғаным осы ғой, қалдым…» деді. «Қалғаны несі?», «Қайдан қалдың?» деп мен тұрмын ештеңені ұға алмай. Сосын айтты: «Мыналардың барлығы Көкшетауға бара жатыр, қазақтың дәстүрлі әнінен фестиваль болады». Содан сен неге бармайсың деп сұрағам жоқ. Бірақ, өзі айтты «мені алып тастапты, мен дәстүрлі әнші емес екенмін»- деп кейіді. Өзі қомаға тұрды. Сосын жігіттерді шығарып салғаннан кейін, үйіме шақырып, қонақ қылдым. Жуырда ғана марқұм Нұрланның кітаптарын баспадан алып келгенбіз. Кітапты алып, оқып қарап , отырып «мынау керемет ақын ғой, мынадай ақынды қалай біз байқамағанбыз!»,- деді. «Көке шығаршы мынаған бір ән»,-дедім. Ол жерде ән туралы ойымда болған жоқ еді. Бірақ енді көңілін аулайын деп алып келгенмін ғой. Бірақ, «болашақта шығарамын» деп айтқан өзі. Екеуіміз үнемі қалжыңдасатын едік, содан кейін мен айттым, « әй шығара алмайсың ғой» дедім. «Шығарамын!Мына сөзің жыныма тиіп тұр!» деді. Күн ыстық қайта-қайта терезені ашып тастаймыз. Аспанда бір бұлт жоқ, сен әнді шығарсаң жаңбыр жауар, — дедім. Бір уақытта түрі өзгеріп кетті, домбыраны шатұр-шұтыр етіп қағып-қығып жіберіп, «өлінің қамын тірі жүр»,- деп қайта-қайта айналып тұрып алды. Содан кейін камерамды қосып үлгердім, содан кейін құлады. « Демаламын» деді. Шамалыдан кейін домбыраны қағып-қағып жіберіп, өлеңді айтқан кезде терезені сындырардай жаңбыр жауды. Көл-көсір жаңбыр 15 минуттай жауды да, күн шайдай ашылды. (Менің камерамда бұл сәттің бәрі жазылулы тұр)
Содан мен жергілікті телеарнадағы жігіттерге қоңырау шалып, сазгердің марқұм Нұрлан Мәукенұлының сөзіне жаңа ән жазғаны жайында айтып ем, олар сазгерді бірден тікелей эфирге шақырды.Содан таңғы 4-те звондайды, эфир таңғы 7-де басталады. Әй, кешегі әнді жазып берші ұмытып қалдым, сөзін қалтасына салып алған. Содан эфирге барып айтты орындады, біз Нұрланның жылына кеттік бәріміз. Бір касета Тұрсынғазының өзінде , бір касета телеарнада, үш касета менде, дисктің бірі Нұрланның үйінде. Біреуін сазгер аманаты бойынша Тоқтар Серіковке бер деген еді.
Алматыға Нұрланның асына бардым, сосын Тоқтарды іздеп таба алсамшы, маған Семейге қайту керек. Содан Серік Жанболатқа қоңырау шалдым, Тоқтарды сұрадым, «түнде ғана тойда бірге болдық» деді. Жағдайды айттым, « маған әкеліп таста мен беремін»,- деді. Сол кезде Еркін Шүкіман келе қалды. Бірінші Еркін орындап шықты. Одан кейін Серік Жанболат ( өзі сазгер) әнді жылдам қағып алды, «жақсы ән екен»,- деп орындап жүрді. Диск Серіктің редакциясы өртенгенде қоса өртеніп кетіпті. Содан Тоқтар Серікке диск жетпеді. Тұрсынғазыны Семейде жүргенде көрдім, сонда ол «ән менде тұр, тұрса тұра берсін. Оны нотаға түсіру керек еді,- деп қойды.
Содан бері арада он екі жыл уақыт өтіпті. Сосын анда-сонда сұрайтынмын «әлгі әнді не істедің?» деп. «Үйде жатыр»,- дейді. Бірде сұрағанымда есіне түсіре алмады, «қайдағы ән?» деп. Видеоны өзім көріп қоямын болды. Кейін қарамайтын болдым, уақыт өтіп кетті. Кейін Еркін Шүкіман хабарласты шаруамен, сол кезде Тұрсын ағаның фестиваліне барамын деген еді, әлгі ән ауызыма түсіп, соны айтып қалдым, құдай салған шығар, қайдан білейін, содан ол маған бер деп жабысты. Үйімде 200-дей диск-касета бар, қайсысы екенін білмеймін, Еркін қайта-қайта қоңырау шалып, «тап!» дейді. Әйтеуір, тауып, оны Еркінге жібердім. Араға 12 жыл салып, Еркін тұңғыш рет үлкен сахнада орындап шықты. Енді, міні, суық хабар естіп отырған жайымыз бар.
PS: Талантты ақын Нұрлан Мәукенұлының «Тірінің қамын тірі жер» өлеңіне жазылған әннің тарихы осылай екен. Ақынның да, сазгердің де жандары жәннатта болғай!
Елдос Нүсіп