ТІРКЕУГЕ ТҰРҒАНЫҢ ҮШІН – 425 МЫҢ ТЕҢГЕ
Ана мен бала өлімінің алдын алатын ұтымды ұсыныс қабылдана ма? «Жүктілігімді жеті айымда білдім», «Қой қайырып кеп, туып алдым» деп отыратын апаларымыздың естелігі ертегі сияқты боп қалды. Қазір бұл сөйлемдердің орнын «Мені генетикке жіберді», «Балам катамнез кабинетінде жатыр» сияқты санаға салмақ түсіретін ауыр толқу басты.
Өйткені, таза ауа мен табиғи тамаққа зәру заманда ана мен бала мәселесі кәдімгідей келелі мәселеге айналды. Осы олқылықтың алдын алу үшін, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасына жүктіліктің 12-ші аптасына дейін тіркеуге тұрған әйелге жергілікті бюджеттен 425 мың теңге беруді енгізу ұсынылды. Алдымен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратын, одан соң ана мен баланың денсаулығын сақтайтын ұтымды ұсыныс шынымен қабылдана ма? Мәселе – сонда. Бүгінде жүкті әйелдердің 70 пайыздан астамы ауыр экстрагениталды және акушерлік патологияларға байланысты ауруханаға жатады. Мерзімінен бұрын 11 пайыз әйел босанып қалады. Жыл сайын реанимация бөлімінде 350-ге жуық салмағы төмен және шала туған нәрестелер емделеді.
Айтуға ауыр болса да, ана өлімінен алдыңғы орында келе жатқанымыз тағы шындық. Былтыр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы нәтижесіз көрсеткіштің біріне осы ана өлімін жатқызып еді. Оның негізгі себебі ретінде жүкті әйелдердің кеш есепке алынуын айтты. Ол да рас.
Соңғы уақытта халықтың қалауымен билік те ана мен баланың мәселесіне мән бере бастады. Осыған дейін қордаланып кеткен дүр дүниенің дүрмегіне «дәрі» беру кезеңі де келіп жеткендей күйдеміз. Жыр болған 21 мыңды да аналарымыздың алды осы айдан бастап ала бастайды. Ал енді жүктілігі үшін төленетін 425 мың теңге, тіпті, өз алдына бөлек әңгіме. Жағымды жаңалыққа қуанған әйелдер жағы: «Біз қай бір жетіскеннен тіркеуге тұрмай жүр дейсің?! Жұмыс-жұмыс деп, емхананың ұзын-сонар кезегіне уақыт таппай сарылудан қашып жүреміз ғой. Жылдап табатын табысымызды бір реттік көмек етіп беретін болса, неге бармасқа?» дейді.
Шындығы – осы. Былтыр еліміз бойынша ана өлімі көбейгеніне алаңдаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов статистика тұрақты емес екенін, бірде жақсы, бірде төмендеп кететінін ашып айтып, бұған денсаулығына немқұрайлы қарайтын әйелдердің де кінәсі барын ашып айтып еді. Әйелдердің дені денсаулығына алаңдамағаннан емес, күйкі тірліктің күйбеңінен шыға алмай қалып жататыны рас. Сөйтіп, мезгілінен кеш қимылдаған әрекеттің соңы сан соқтырып жатады.
Қалай десек те, ана мен бала өлімін азайту – мемлекеттің басты мақсатты индикаторларының бірі. Бүгінде шала туған шақалақтардың өсу, даму қабілетін 3 жылға дейін қарайтын катамнез кабинеттер жұмыс істейді. Еліміз бойынша мұндай арнайы бөлмелер әзірге Астана, Алматы қалалары мен кейбір облыстарда ғана бар. Астанадағы катамнез бөлімі ашылған 3 жылда салмағы 1,5 келіге жетпейтін 3 мыңнан астам бала тіркелген. Былтыр салмағы тым төмен 25 баланың барлығы тірі қалған. Осындай орталықтардың көмегімен соңғы 10 жылда бала өлімі 2,6 пайызға азайған. Десе де, бұл көрсеткіш алақайлап қуануға сеп емес.
Ресми деректерге сенсек, былтыр еліміз бойынша 402 209 бала өмірге келген. Оның 23 900-і мерзімінен бұрын туған. Көз жұмған сәбилердің 41 пайызы салмағы аз балалар. Әрбір мың баланың 9-ы шетінеген.
«Бала өліміне әртүрлі жағдай себеп болады. Дені сау анадан дені сау бала туады. Перинаталдық кезеңде ананың денсаулығы дұрыс болмаса, ол да баланы ауыр дертке шалдықтыруы мүмкін. Міне, сондықтан біз өлім-жітімнің 55 пайызы ананың денсаулығымен тікелей байланысты деп айта аламыз. Бұл оқиғалардың 4,4 пайызы адами фактордың әсерінен болады. Былтыр туғанына 28 күн де болмаған 100 нәрестеге операция жасалып, оның 83-і аман қалды. Бала өліміне дәрігерлерді жазғыруға бейім тұрамыз ғой. Бірақ өлімнің жартысынан көбінде ананың уақытылы қаралмауы, өз денсаулығына салғырт қарауы да себеп болады», – дейді неанотолог дәрігер Ырымгүл Хасенова.
Ақша – қалталылар үшін байлықтың маңызды аспектісі болса, қарапайым адамдар үшін күнкөрістің өлшемі. Осы тұрғыдан алғанда, көп ана бұл жаңалыққа қатты қуанды. «Жетінші балаға аяғым ауыр. Енді осы ұсыныстың қабылдануын қалап жүрмін. Өйткені көпбалалы ана үшін бұл ақша көптік етпейді. Бір баламыздың киімін айтпағанның өзінде, қазір азық-түліктің қандай қымбат екенін өзіңіз жақсы білесіз. Бұл бәлкім жоғары жақтағылардың бір ғана жалақысы шығар. Бірақ біз үшін үлкен көмек. Бұл өзім сияқты әйелдерге үлкен мотивация беретін болды. Меніңше, қазақ енді көбейеді», – дейді көпбалалы ана Дидар Есенова. Иә, бізді қуантқаны да ардақты анамыздың соңғы сөйлемі еді…
Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Мәжіліс депутаты:
– Көп мемлекетте мұндай материалдық көмек көрсетіліп тұрады. Бізде енді-енді қолға алынып отыр ғой. Әрине, бұл жаңалыққа қуану керек. Біз үшін ең маңыздысы – ананың денсаулығы. Ол уақытында тіркеуге тұрса, баласының, өзінің денсаулығының дұрыстығына көзі жетсе – үлкен жетістік. Бала – болашақ дейміз. Мұның артында елдің, мемлекеттің тағдыры тұр. 12 аптаға дейін баланың дене құрылысының барлығы қалыптасады. Түрлі генетикалық аурулардың барлығы екіқабат болған кезде анықталады. Адамның аяғы ауыр кез ол әйелдің организміне үлкен күш түседі. Кейбір патологиялар сол кезде өзінің белсенділігін арттырады да, ол ауруды дәрігерлер дер кезінде анықтай алады. Ананың денсаулығы бірінші орында тұрады. Кейбір адамдарға бала көтеруге болмайды. Оның белгілі бір ауруларын емдеп барып, қарастыру керек. Міне, тізе берсек, осылай кете береді…Сондықтан әр анаға осылай қолдау білдіру – қуанарлық, құптарлық іс.
Жеткербай ШОРА, теолог:
– Қасиетті Құранда «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» деген аяттар бар. Яғни, Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға тыйым салынған. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына қатер төнсе ғана ол баланы алдыртуға болады. Іштегі сәбиге 40 күн дегенде жан беріледі. Яғни 40 күннен кейін ол кәдімгі адам, тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды. Осы тұрғыдан алғанда әр әйел ертерек қимылдап, өзінің денсаулығын бақылауға алу керек. Бұл уақыт та осы кезеңмен сәйкес кеп тұр екен. Яғни, одан арғы уақытта барып, кеш тіркеуге тұрып, баланы алуға мәжбүр болмау үшін ана ертерек әрекет ету керек.
Айдын ӘШІМХАНОВ, №2 Қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, яғни, 80 пайызының денсаулығында түрлі ақау бар екен. Мұның басты себебі, жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралмауында жатыр. Жүкті әйелдердің 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрмайды. Дәрігерлік кеңес алмайды, диагностикалық тексеруден өтпейді. Бұл балада туабітті ақаулардың, тұқым қуалайтын немесе әйелдің денсаулығына зиянды аурулардың бар-жоғын дер кезінде анықталу мүмкіндігін шектейді. Бала өмірге сау болып келуі үшін әйелдің өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Мамандардың айтуынша, ана өлімі көбіне әйелдің аяғы ауыр кезінде, босану кезінде және бала туғаннан кейін 42 күн ішінде орын алып жатады. Сондықтан еліміз бойынша мұндай бастаманың қолға алынғаны көңілге қуаныш ұялатады. Біздің арманымыз, қандай жағдайда да, аналарымыздың денсаулығы мықты, уақытында тіркеуде тұрса болды.
P.S. Еліміз бойынша 3,5 миллиондай әйел бала тууға қабілетті. Солардың ішінде 600-ден астам әйелге денсаулығына байланысты бала көтеруге тыйым салынған. Бүгінде тек 200 мыңнан астамы жүктілік бойынша диспансерлік есепке тіркеліпті. Енді бұл ұсыныс қолдау тапса, жүктілігі бойынша есепке тұрғандардың қатары он есеге артпасына кім кепіл?! 30 жылда 1,5 миллионға ғана өскендігіміз – құрғақ қасықпен ауыз жыртқанымыздың көрінісі емес пе? Сананы тұрмыс билейтін қоғамда көбеюдің жалғыз жолы тек осы демеске амалымыз да жоқ-ау, сірә… Гүлжан РАХМАН