ТІРКЕУГЕ ТҰРҒАНЫҢ ҮШІН – 425 МЫҢ ТЕҢГЕ

Ана мен бала өлімінің алдын алатын ұтымды ұсыныс қабылдана ма? «Жүктілігімді жеті айымда білдім», «Қой қайырып кеп, туып алдым» деп отыратын апаларымыздың естелігі ертегі сияқты боп қалды. Қазір бұл сөйлемдердің орнын «Мені генетикке жіберді», «Балам катамнез кабинетінде жатыр» сияқты санаға салмақ түсіретін ауыр толқу басты.

Өйткені, таза ауа мен табиғи тамаққа зәру заманда ана мен бала мәселесі кәдімгідей келелі мәселеге айналды. Осы олқылық­тың алдын алу үшін, «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жоба­сына жүктіліктің 12-ші апта­сына дейін тіркеуге тұрған әйелге жергілікті бюджеттен 425 мың теңге беруді енгізу ұсыны­лды. Алдымен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратын, одан соң ана мен баланың денсаулығын сақтайтын ұтымды ұсыныс шынымен қабылдана ма? Мәселе – сонда. Бүгінде жүкті әйелдердің 70 пайыздан астамы ауыр экстра­ге­ни­­талды және акушерлік пато­ло­гия­ларға байланысты ауруханаға жатады. Мерзімінен бұрын 11 пайыз әйел босанып қалады. Жыл сайын реанимация бөлімін­де 350-ге жуық салмағы төмен және шала туған нәрестелер емделеді.

Айтуға ауыр болса да, ана өлімінен алдыңғы орында келе жат­қанымыз тағы шындық. Был­тыр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина сала­сындағы нәтижесіз көрсет­кіштің біріне осы ана өлімін жатқызып еді. Оның негізгі себебі ретінде жүкті әйелдердің кеш есепке алынуын айтты. Ол да рас.

Соңғы уақытта халықтың қалауымен билік те ана мен бала­ның мәселесіне мән бере бастады. Осыған дейін қордаланып кеткен дүр дүниенің дүрмегіне «дәрі» беру кезеңі де келіп жеткендей күйдеміз. Жыр болған 21 мыңды да аналарымыздың алды осы айдан бастап ала бастайды. Ал енді жүктілігі үшін төленетін 425 мың теңге, тіпті, өз алдына бөлек әңгіме. Жағымды жаңа­лыққа қуанған әйелдер жағы: «Біз қай бір жетіскеннен тіркеуге тұрмай жүр дейсің?! Жұмыс-жұмыс деп, емхананың ұзын-сонар кезегіне уақыт таппай сарылудан қашып жүреміз ғой. Жылдап табатын табысымызды бір реттік көмек етіп беретін болса, неге бармас­қа?» дейді.

Шындығы – осы. Былтыр елі­міз бойынша ана өлімі көбей­геніне алаңдаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов статис­ти­ка тұрақты емес екенін, бірде жақсы, бірде төмендеп кететінін ашып айтып, бұған денсау­­лы­ғына немқұрайлы қарай­тын әйелдердің де кінәсі барын ашып айтып еді. Әйел­дер­дің дені денсаулығына алаңдама­ған­нан емес, күйкі тірліктің күйбеңінен шыға алмай қалып жататыны рас. Сөйтіп, мезгілінен кеш қимыл­даған әрекеттің соңы сан соқты­рып жатады.

Қалай десек те, ана мен бала өлі­мін азайту – мемлекеттің басты мақсатты индикаторлары­ның бірі. Бүгінде шала туған шақа­лақтардың өсу, даму қабі­летін 3 жылға дейін қарайтын катамнез кабинеттер жұмыс істейді. Еліміз бойынша мұндай арнайы бөлмелер әзірге Астана, Алматы қалалары мен кейбір облыстарда ғана бар. Астанадағы катамнез бөлімі ашылған 3 жылда салмағы 1,5 келіге жетпейтін 3 мыңнан астам бала тіркелген. Былтыр салмағы тым төмен 25 баланың барлығы тірі қалған. Осындай орталықтардың көмегі­мен соңғы 10 жылда бала өлімі 2,6 пайызға азайған. Десе де, бұл көрсеткіш алақайлап қуануға сеп емес.

Ресми деректерге сенсек, был­­­тыр еліміз бойынша 402 209 бала өмірге келген. Оның 23 900-і мерзімінен бұрын туған. Көз жұмған сәбилердің 41 пайызы салмағы аз балалар. Әрбір мың баланың 9-ы шетінеген.

«Бала өліміне әртүрлі жағдай себеп болады. Дені сау анадан дені сау бала туады. Перинаталдық кезеңде ананың денсаулығы дұрыс болмаса, ол да баланы ауыр дертке шалдықтыруы мүмкін. Міне, сондықтан біз өлім-жітім­нің 55 пайызы ананың денсаулы­ғы­мен тікелей байла­нысты деп айта ала­мыз. Бұл оқиғалардың 4,4 пайы­зы адами фактордың әсері­нен бола­ды. Былтыр туғанына 28 күн де болмаған 100 нәрестеге опера­ция жасалып, оның 83-і аман қалды. Бала өліміне дәрігер­лер­ді жазғы­руға бейім тұрамыз ғой. Бірақ өлімнің жартысынан көбін­де ананың уақытылы қарал­мауы, өз денсаулығына салғырт қарауы да себеп болады», – дейді неано­то­лог дәрігер Ырымгүл Хасенова.

Ақша – қалталылар үшін бай­лық­тың маңызды аспектісі болса, қара­пайым адамдар үшін күн­көрістің өлшемі. Осы тұрғыдан алғанда, көп ана бұл жаңалыққа қатты қуанды. «Жетінші балаға аяғым ауыр. Енді осы ұсыныстың қабылдануын қалап жүрмін. Өйткені көпбалалы ана үшін бұл ақша көптік етпейді. Бір бала­мыз­дың киімін айтпағанның өзін­­де, қазір азық-түліктің қандай қым­бат екенін өзіңіз жақсы біле­сіз. Бұл бәлкім жоғары жақ­та­ғы­лар­дың бір ғана жалақысы шы­ғар. Бірақ біз үшін үлкен көмек. Бұл өзім сияқты әйелдерге үлкен мотивация беретін болды. Менің­ше, қазақ енді көбейеді», – дейді көпбалалы ана Дидар Есенова. Иә, бізді қуантқаны да ардақ­ты анамыздың соңғы сөйлемі еді…

Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Мәжіліс депутаты:

– Көп мемлекетте мұндай материалдық көмек көрсетіліп тұрады. Бізде енді-енді қолға алынып отыр ғой. Әрине, бұл жаңалыққа қуану керек. Біз үшін ең маңыздысы – ананың ден­саулығы. Ол уақытында тіркеуге тұрса, баласының, өзінің денсау­лы­ғының дұрыс­тығына көзі жетсе – үлкен жетістік. Бала – болашақ дейміз. Мұның артында елдің, мемлекеттің тағдыры тұр. 12 аптаға дейін баланың дене құрылысының барлығы қалыпта­сады. Түрлі генетикалық аурулар­дың барлығы екіқабат болған кезде анықталады. Адамның аяғы ауыр кез ол әйел­дің организміне үлкен күш түседі. Кейбір пато­л­огиялар сол кезде өзінің бел­сен­ділігін арт­тыра­ды да, ол ауруды дәрігерлер дер кезінде анық­тай алады. Ананың денсау­лығы бірінші орында тұрады. Кейбір адам­дарға бала көтеруге бол­майды. Оның белгілі бір ауру­ларын емдеп ба­рып, қарас­тыру керек. Міне, тізе берсек, осылай кете береді…Сондықтан әр анаға осылай қолдау білдіру – қуанар­лық, құптарлық іс.

Жеткербай ШОРА, теолог:

– Қасиетті Құранда «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнә­сіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» деген аяттар бар. Яғни, Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға тыйым салынған. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына қатер төнсе ғана ол баланы ал­дыр­туға болады. Іштегі сәбиге 40 күн дегенде жан беріледі. Яғни 40 күннен кейін ол кәдімгі адам, тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды. Осы тұрғыдан алғанда әр әйел ертерек қимылдап, өзінің денсау­лығын бақылауға алу керек. Бұл уақыт та осы кезеңмен сәйкес кеп тұр екен. Яғни, одан арғы уақытта барып, кеш тіркеуге тұрып, бала­ны алуға мәжбүр болмау үшін ана ертерек әрекет ету керек.

Айдын ӘШІМХАНОВ, №2 Қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, яғни, 80 пайызының денсау­лығында түрлі ақау бар екен. Мұның басты себебі, жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралмауында жатыр. Жүкті әйелдердің 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрмайды. Дәрі­гер­лік кеңес алмайды, диагнос­тикалық тексеруден өтпейді. Бұл балада туабітті ақаулардың, тұқым қуалайтын немесе әйелдің денсаулығына зиянды аурулардың бар-жоғын дер кезінде анықталу мүмкіндігін шектейді. Бала өмірге сау болып келуі үшін әйелдің өз денсау­лығына аса мән беруі қажет. Мамандардың айтуынша, ана өлімі көбіне әйелдің аяғы ауыр кезінде, босану кезінде және бала туғаннан кейін 42 күн ішінде орын алып жатады. Сондықтан еліміз бойынша мұндай бастама­ның қолға алынғаны көңілге қуаныш ұялатады. Біздің арманы­мыз, қандай жағдайда да, аналары­мыздың денсаулығы мықты, уақытында тіркеуде тұрса болды.

P.S. Еліміз бойынша 3,5 миллиондай әйел бала тууға қабілетті. Солардың ішінде 600-ден астам әйелге денсаулығына байланысты бала көтеруге тыйым салынған. Бүгінде тек 200 мыңнан астамы жүктілік бойынша диспансерлік есепке тіркеліпті. Енді бұл ұсыныс қолдау тапса, жүктілігі бойынша есепке тұрғандардың қатары он есеге артпасына кім кепіл?! 30 жылда 1,5 миллионға ғана өскендігіміз – құрғақ қасықпен ауыз жыртқанымыздың көрінісі емес пе? Сананы тұрмыс билейтін қоғамда көбеюдің жалғыз жолы тек осы демеске амалымыз да жоқ-ау, сірә… Гүлжан РАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.