Тіршілігіңнің қорғаны — жайқалған жасыл орманың

ТМД елдерінің өкілдері қатысқан Үкіметаралық Кеңестің түйіні осындай болды

Бабаларымыз «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деп кесіп айтқан. Бұл нақыл әлі күнге маңызын жоймаған және жоймайды да. Өйткені тіршілік көзі — таза ауаның (оттегінің) жасыл желектен берілетінін білмейтін жан жоқ. Ал соңғы жылдардағы, тіпті, соңғы жарты ғасырдағы өзекті мәселеге айналған бір жағдай — ормандардың сиреуі. Жер бетінен түгелдей жоқ болып кетпесе де, қатары азайған ну ормандардың проблемалары ТМД елдерін де айналып өтпеген.

Кеңес Одағы кезінде де бірлесіп жұмыс істеп, қалың орманды құтқарып қалуда ауызбіршілік танытқан мемлекеттердің осы саладағы ынтымақтастығының деңгейі егемендік алғаннан кейін артпаса бәсеңдемеді. IMG_0012Оның дәлелі 25 жылдағы сол мемлекеттердің орман шаруашылығында өзара іс-тәжірибе алмасып, бір-біріне қол ұшын созуында деп түсінген абзал болмақ. Сондай-ақ, осы айдың төртінші және бесінші жұлдызында Ақмола облысының Зеренді ауданында Қазақстан Республикасының төрағалық етуімен атап өтілетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдығына арналған Орман өнеркәсібі кешені мен орман шаруашылығы бойынша XVI Үкіметаралық Кеңестің отырысы өтті. Кеңестің кезекті үлкен отырысына елімізден бөлек көрші Ресей Федерациясы, Армения, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларының орман шаруашылығы бойынша мемлекеттік органдарының басшылары, ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері мен ТМД Кәсіподақтар федерациясының орман саласы қызметкерлері қатысты. Екі күнге созылған жиында ең өзекті деген екі мәселенің басы ашылып, түйіні тарқатылды.

IMG_0010    IMG_0037

Мөлдір суы айнадай, ауасы қос өкпеңді тесіп жіберердей тап-таза Зеренді көлінің жағасындағы демалыс орнында өткен жиында қаралған бірінші мәселе орман шаруашылығында тілсіз жаумен күресу болса, екіншісі жасыл алқапта таралу қаупі бар аурулардың алдын алу болды. Алты мемлекеттің орман саласындағы мүйізі қарағайдай басшыларының баяндамаларын жіпке тізіп отыру артық болар. Сондықтан біз солардың ішінде жиында қабылданған нақты шешім мен тобықтай түйінді оқырманға жеткізеді деген үмітпен бірқатар азаматтарды сөзге тарттық. Мәселен, «Осы орман шаруашылығы саласында Қазақстанның шекаралас мемлекеттерге үйретер тұсы қандай, керісінше олардан үйренетін негізгі әдіс-тәсілдерге нені жатқыза аласыз?» деген сұрағымызға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев былай деп жауап қатты:

— Әр мемлекеттің жеріне, табиғатына және қаражатына қарай жинаған ұзақ жылғы тәжірибелері бар. Біздің IMG_0064де өзгеден үйренер тұстарымыз жетерлік және басқалардың бізден үйренетін жерлері аз емес. Мысалы, ТМД елдері ішінде Қазақстан алғаш болып микроканалдық әдіспен ағаш өсіруді бастады. Бізден үйренгенін іс-тәжірибеде жүзеге асырып, белгілі бір деңгейге жетіп отыр деп Беларусь мемлекетін айта аламын. Сондайақ, осы аталған Беларусь елі мен Ресей Федерациясынан орман шаруашылығында өте көп тәжірибе алмасуға тырысамыз. Мәселен, жиында өздері баяндамаларында айта кеткендей, Беларусь мемлекетінің мамандары аурулардың алдын алуда жоғары деңгейде жұмыс атқарып жүр. Молекулярлы-генетикалық әдіспен ауруларды анықтау бұрыннан келе жатқан тәсіл болғанмен, оны жүзеге асыру оңай шаруа емес. Екіншіден, беларусь халқының ағаш өңдеу технологиясы үлгі аларлықтай. Олар орманнан ағашты жұлып алатын техниканы өздері дайындап шығарып отыр. Бізге де аса қажет болғандықтан, олардан мұны да үйреніп аламыз деп ойлаймын. Ал Ресейге келсек, орман жағынан өте үлкен мемлекет, 1 млрд. 200 миллион жасыл желегі бар. Көршілеріміздің орманды қорғау, оны сақтап қалу секілді жұмыстарда үлкен жетістіктерге жеткенін көз көріп отыр. Осыншама жасыл аймақты қарапайым әдістермен сақтап отырғаны шынында таңқаларлық.  

Аурулардың алдын алу үшін жұмыс тобы құрылмақ

Конференция барысында ТМД-ның жиынға қатысушы мемлекеттерінің орман шаруашылығы мен 2025 жылға дейінгі кезеңдегі орман өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары да талқыланғанын айта кетейік. Жиынның басынан соңына дейін айтылған бір сөз «орманды күзету мен қорғау» болса, нақты шешімдердің негізгілеріне Е.Нысанбаев былайша тоқталды:

— Кеңес отырысында екі мәселе қаралды деп жатырмыз. Соның біріншісі — орманды өрттен аман алып қалу. Бұл — тек бізді немесе ТМД-ны ғана емес, бүкіл әлем халқын алаңдатып отырған өзекті мәселе. Өйткені тілсіз жаудың қайдан және қашан пайда бола қалатынын ешкім болжап біле алмайды. Осы отырыстың арқасында біз жаңа бір жетістікке жетіп отырмыз деп ауыз толтырып айта аламын. Ол — шекаралас мемлекеттермен өзара бірігіп, өртті әуе транспортымен дер кезінде өшіру. Яғни қай елдің болмасын шекарасында орман өрті басталса, екінші мемлекеттің өрт сөндіру қызметі көмекке келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жиында қаралған екінші мәселе — орманда таралған аурулардың алдын алу. Бұл да көкейкесті, бүгінгі күні жаһандағы күйіп тұрған мәселенің бірі деп санаймыз. Оның да қай кезде және қай жерден бастау алып кететінін нақты біле алмайтынымыз қиын. Бірақ мамандар бірігіп жұмыс істесек, оның да алдын алуға болады деп отыр. Өздеріңізге жиында белгілі болғандай, шекаралас мемлекеттер арасында бірігіп жұмыс атқару тобын құруға бірауыздан келісті. Мәселен, Беларусь пен Ресей, Ресей мен Қазақстан дегендей. Келешекте сол жұмыс тобы таралу қаупі бар аурудың негізгі ошағын тауып, сол аймақты зарарсыздандырумен айналысатын болады. Яғни бір елде басталған аурудың келесі елге жайылып кетпеуін қадағалауға жұмыс жасаймыз деп бекініп отырған жайымыз бар. Осындай ынтымақтастық арқасында біз тіршіліктің қайнар көзі — оттегіні бөлетін жасыл желектерімізді сол арқылы болашағымызды аман сақтап қала аламыз деп сенемін, — дейді вице-министр.

IMG_0054

Ал Беларусь мемлекетінің орман шаруашылығына баса назар аударып, бұл салаға бей-жай қарамайтындығын өз алдына білдей бір министрлік қызмет істейтінінен анық байқадық. Осы елдің Орман шаруашылығы министріне де бір-екі сұрақ қоюдың сәті туып, мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстық. Бір аңғарғанымыз, министр Михаил Амельянович қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсіліне қанық екен:

IMG_0059— Жиынға қатысушы мемлекеттердің орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының тарихы тереңде жатыр. Кеңестің отырысында екі мәселе қаралғанмен, сансыз сұраққа жауап іздедік. Қалың орманды шарпитын жалын да, таралып жатқан түрлі ауру да тұтас әлем халқын алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан бұл салада майда-шүйде деген болмайды, орманшыларға жүктелген міндеттің салмағы да ауыр. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы дәуірінен бері біздің «айнамыз» Ресей еді. Ал соңғы жиырма бес жылда егемендік алған мемлекеттер өз алдына бір ел болып, әр саланы өздері игеретін жағдайға жетті. Уақыт өте келе бәрі де алға қарай дамып, бір-біріне үлгі болатын жағдайға жетті. Мәселен, сіздердің мемлекеттеріңіздің де орман шаруашылығында өзіндік істәжірибесінің барын жақсы білеміз. Жылдан-жылға түрлі факторлармен саны азайып бара жатқан жасыл аймақтарымызды талға толтырудың бір жолы тұқымбақ өсіру технологиясын қазақтардың қолға алып отырғаны қуантады, — деп ағынан жарылды М.Амельянович.

Жоғарыда Беларусь елімен бірге Ресей тәжірибесінің де маңызды екенін айттық. Көрші мемлекеттің Табиғат ресурстары және экология министрлігі Орман шаруашылығы федералды агенттігі жетекшісінің орынбасары Панфилов Александр Викторовичтен «Қазақстан орманшыларының қызметіне берер бағаңыз қандай?» деген сұрақ қойған болатынбыз. Александр мырза:

— Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейі белгілі. Ал орманына келсек, климаты орман шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Сондықтан белгілі бір деңгейде қалып қоймай, алға ілгерілеу керек, — деп қысқа қайырды.

ТҮЙІН: Орман өртеніп жатыр деген ақпаратты әлсін-әлсін естіп қаламыз. Расында, орманға түскен өрт — жаһандық проблема. Он алтыншы рет өткен бұл жиында 25 жыл бойына шешімі шықпаған келелі мәселелер қозғалып, көп сұрақтың жауабы табылды. Нәтижесін уақыт өзі көрсетері анық. Тек күткеніміздей болса игі.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«ЕлАна»