Тоқаев сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру Жоспарын бекітті
Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл Жоспарын бекітті, — деп хабарлайды Elana.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясының барысында ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық Президенттің сайлауалды бағдарламасында баяндалған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы жөніндегі барлық міндеттердің нақты мерзімдері мен жауапты мемлекеттік органдарын көрсете отырып, уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Іс-қимыл жоспарына сот жүйесін жаңғырту, полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік қызметті жетілдіру, квазимемлекеттік секторға қоғамдық бақылау мен есеп беруін күшейту, монополистер тарапынан бәсекеге кедергілерді жою және асыра пайдалануды болдырмау, азаматтарға кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуде бірыңғай стандарттар белгілеу, олардың қаржылық мүдделерін қорғау және басқа да бірқатар іс-шараларды қамтыған. Кешенді және ұзақмерзімді сипаттағы ведомствоаралық іс-қимылды қажет ететін мәселелерге қатысты мемлекеттік органдар тарапынан жеке Жол картасы жасалады. Оны әзірлеуге қоғамдық сарапшылар тартылатын болады. Бұл құжаттар Мемлекет басшысының жүктеген міндеттемелерінің нәтижелі әрі бекітілген мерзімінде орындалуын реттейді. Жоспардың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.
Elana.kz