Той жасау «модаға» айналды ма?
Ертеде халқымыз үйінде бір қуаныш бола қалса бүкіл ауылды жиып, қуанышын бөлісетін болған. Тойға келгендер алдымен қариялардың батасын алып, сосын ұлттық ойындар ойнап, қымыз-қымыран ішіп, мәре-сәре болып тарқайтын.
Той – халықтың қазынасы дейді. Әрине, той тойлаған дұрыс-ақ. Алайда қазіргі тойлар бұрынғыдай осы күнге жеткізген «Аллаға шүкір» деп емес, «жұрттардан қалмайық» деп жарысуға айналып бара жатқандай. Қаражаты жоқ болса да, «кредит» деген нәрсені ала салып той жасап, ақырында «шығынға баттым» деп зар илеп жүр талай қазақ.
Той жасаудың әлегі өз алдына, оған баратын қонақтар мен дастарханға қойылатын ас-судың әңгімесі бір бөлек.
Арақ пен шарапты судай сіміріп, бір-бірін «сыйлай» қалып, жарыса билеп жүргендері. Жай билесе мақұл-ау, қазір кісілердің шешініп тастап, қызара бөртіп бұралаңдап жүргені сәнге айналып барады. «Бұларың дұрыс емес, қойыңдар» дейтін үлкендердің өзі қызық көріп, шапалақтап мәз. Мұндай «мәдениетті» жастарымыз да жалғастыруда: ұзатылып бара жатқан қыз ата-енесі, әке-шешесі, аға-апаларының көзінше шетелдің жынойнақ музыкасын қойып «флешмоб» жасайды. Осылайша «шоу» жасадық, қызық болды дейді. Ертеде қыз ұзатылып бара жатқанда «сыңсу» айтушы еді, қазіргілер қуанып, секіріп билейтін болды. Ал үйлену тойда оған күйеу жігіт қосылады. Өкініштісі сол, үлкен-кішінің барлығы қызығып, «таң қалып» тұратындары.
Қуанышты дүйім жұртпен бөлісіп, арқа-жарқа болып, той жасаған дұрыс, әрине. Алла баршамызға сондай қуанышты күндерді жазсын. Алайда осы біз шектен шығып, тым асыра сілтеп жіберген жоқпыз ба? Не болса да, судың да сұрауы бар екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Сондай бас қосқан жиындарда жақсы әңгімелер айтылып, кішілерге үлгі болатындай жақсы істер жасалса нұр үстіне нұр болар еді.
Сондай қуанышты күнімізде мұсылманшылыққа теріс, адамшылыққа қайшы қылықтардың болмағаны жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр діннің мінезі болады. Ал мынау діннің (Исламның) мінезі – ұят» — деген.
Айдың, күннің аманында ұяттан безбейік, ағайын!
Дайындаған: « ЕлАна»