«Той-жиында ошақ басында жүрем»: Қазаққа келін болған депутат беларусь қызы жайлы не білеміз
Бұрынғы мәжіліс депутаты Снежанна Имашева «Сұрауы бар» бағдарламасының «Қазақ бол» жобасында қонақ болып, қазаққа қалай келін болғанын және дәстүрлерді қаншалықты ұстанатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Снежанна Имашева Қазақстанда туған беларусь қызы. Ол 2021 жылдан бастап мәжіліс депутаты болып қызмет етті. Оның туыстары негізінен Украинада тұрады. «Атам мен әжем Украинаның Харьков қаласы маңында тұрады. Олар тоқсаннан асқан. Телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз. Амандығын тілеймін. Қолымыздан сол ғана келеді. Ал Беларусь еліне мен депутат болған соң екі рет іссапармен барғанмын. Басқа ештеңе байланыстырмайды. Атажұртымды қырықтан асқанда көріппін. Қазақстандағы Беларусь елшілігі іс-шараларға шақырса, барып тұрамын», — дейді ол. Снежанна Имашева қазақ тілінде еркін сөйлейді және келін ретінде барлық міндетін атқаратынын айтады. «Мен тұрмысқа шықпай тұрып, енем дүние салған. Сондықтан менде енемен қарым-қатынас болған жоқ. Үш қайын ағам мен екі қайын апамның тәрбиесін көрдім. Олар керемет жандар. Бәрі де мейірімді. Менің жолдасым үйдің кішісі, сондықтан, келін ретінде бар міндетімді орындаймын. Үйге қайын жұртым келсе, шай-тамағымды беремін. Той-садақа, жиын болса, ошақ басында қызметімді атқарамын. Сәлемімді саламын. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Балаларым түсінеді, бірақ қызым әлі сөйлемейді. Уақыт өте келе, олардың сөйлеп кетеріне сенем. Себебі қазір орыс тілінің дәурені кетіп барады», — дейді Снежанна.
Экс-депутат дінге қатысты пікірін де бөлісті. «Мен құдайдың барына сенемін. Бірақ қатты діншіл адам емеспін. Некеміз мешітте қиылды, күйеуім, балаларым — мұсылмандар. Мен де қайда барам? Мұсылманмын. Жалпы дін мәселесіне қатты тереңдемеймін. Ал некеміз қиылған соң мәһрге алтын сақина сұрадым. Күйеуім алып берді», — дейді ол.