ТОҚАЕВТІКІ НЕ ТҰРЫС?
Тоқаевшылдардың уәжіне сенсеңіз президентіміз сұмдық супер азамат көрінеді.
Рас, солай-ақ шығар. Бірақ, алдымызда табаны күректей жеті жыл жатыр. Ол жеті жылда қазақтың қазақ болып қалу, я ұлт ретінде жойылу қаупі тұр.
Мұның сыртында шекаралық тұтастығымыздан айрылып қалу күдігі және бар.
Ресейден ағылған жүз мыңдаған «қашқындар» ішкі проблеманы күрделендіре түсері айтпаса да түсінікті.
Дәл осындай алмағайып заманда мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға ұмтылмау, мемлекет идеологиясы деген дүниенің ақсап жатуы, бұқара халықтың қалауын орындамау, әділет, шындық, қазаққа бет бұру, цензурасыз қоғам секілді ұғымдардан қашқақтау, тендерге байланған шіріген жүйенің сақталып тұруы, әлеуметтік теңсіздіктің қарқын алып бара жатуы, өндіріс орындарының, жұмыстың болмауы, елдегі диаспоралардың мәселесін қазақ ұлтын жерге жығып беру арқылы шешу, т.б сансыз мәселер жайлы нақты қадамдардың жасалмауы азамат ретінде кез-келген қазақстандықты қынжылтып отыр.
Тоқаев президент болғаннан кейін Алматының Төле би көшесіндегі кесілген ағаштарға айбат көрсеткенінен-ақ ол кісінің қандай супер азамат екенін көрдік.
Оның сыртында әлгі «бандиттік системамен» құрылған «Қазақстан халқына» атты қордың не бітіргенін білетін адам бар ма?
Шетелден келетін көліктен алынатын алым-салықтарды жеңілдету ісі не болып кетті?
Назарбаев дәуірінде қолды болып, шет елге асқан миллиардтар ше?
Ақпарат құралдары неге үнсіз?
Тоқаев бұл мерзімде мыңдаған уәдені үйіп төкті. Соның соңына жеткен қайсысы бар?
Біреуін тарқатып айтып беретін жан бар ма?
«Мемлекетке сатқындық істеді» делінген екі адамның бірі алты, екіншісі жеті жылға сотталды. Ауылда мал ұрлаған ұрлықшылар одан көп мерзімге темір торға тоғытылып жатқан жоқ па? Мал ұрлау мемлекет қаржысын жымқыру мен мемлекетті сатудан ауыр қылмыс саналатын мемлекеттен қандай әділдік сұрайсыз?
Бүгінде Қанды Қаңтардағы Тоқаевтің бұйрығын ақтап алғыштар көп. Сол бұйрық қаршадай қыздың өмірін қиғанын қалай ұмытуға болады? Әлгі ақтағыштар тым құрығанда сол бүлдіршіннің әруағынан қорықпай ма?
Әрине, жүйеге күйлерлік хәлім жоқ. Сөйтсе де, ақыры ойыншық кандидаттармен күресіп, жеті жыл таққа отырады екен. Тым құрыса, назарбаев дәуірінің одашыларының тізгінін тартуға болады ғой.
Осы Фейсбүкте өтірік мадақ айтқызып, сөзінде пәтуа жоқ блогерлерге ақша төлемей нақты іс жасаса, ол іс халықтың көңіліне жақса, жарнама деген өзі дүркіремес пе?
«Еркін қимылдайын десе, Қытайдан — бір, Ресейден — екі қорқар» дерсіз. Ондай болса, әлгі үйіп-төккен уәделерді орындау механизмі неге жасалмайды? Берілген тапсырманы қадағалау, соны істету референдум һәм сайлау өткізуден қиын ба? Путекең «Халқыңа берген уәдеңді неге орындайсың?» дей қоймас.
«Үрлемей жатып, көзің қалай?» деуден аулақпыз. Сонда да үрленген көздің жазылар уағы болды емес пе?
Бір жылда Конституциясын екі рет өзгерткен елде қарапайым халықтың өмірінде бір өзгерістің болмауының себебі неде?
Мемлекет деген — Заң. Заңның қарапайым халыққа жүріп, биліктегілерге жүрмеуі, халықтың басындағы ноқтаны босатып, биліктегілерге қылбұраудың салынбауы, онсыз да кетеуі кеткен Ресейге, ресейліктерге жайылып төсек болу, т.б мәселелер Тоқаев тұлғасына деген іштегі сенімді сетінетіп бітті.
Біз осылай айтты екен деп, ол кісінің «абыройы» кеміп, президент болмай қалмас. Бірақ, мен өзімді былай қойып, ұрпағымның жеті жылдық өмірін Тоқаев дәуіріне табыстағалы отырмын. Қаласам да, қаламасам да осылай болары анық…
Сол жеті жылдың жауапкершілігін ол кісі сезіне ала ма? Оны сезіну білім арқылы келмейді. Ол сезіну жүректен қайнап шығуға керек. Ол жүрек «қазақ мемлекеті» деп соғуы керек. Ол жүрек қазақтың балалар-ай деп ауруы керек. Ол жүрек қазақтың жаңа дәуірге аяқ басқанын білдіруі керек. Ол жүрек тарих жасау керек.
Керей мен Жәнібек, Есім, Қасым, Тәуекел, Абылай сынды ел жадында мәңгілік қалмақтың ісі әділетсіз қоғамды сақтап тұрумен жасалмайды.
Өткен жайлар өтті. Қаңтар қырғыны да — тарих.
Енді Тоқаевтікі не тұрыс?
Сәл неғысам, кешіргейсіздер?
Қанат Әбілқайырдың фейсбук парақшасынан