ТОҚТАМ

Бір басыма жетеді қателігім,
(Мені де қарып өткен қатерлі мұң!).
…Талайды өкпелеттім,
өкінемін,
Орнына не беремін өтеуінің?

Шу асаудай жұлқынып өтеді күн,
Тере берсем, бойдағы жетеді
мін!
Адам жаны — ақ парақ,
сол параққа,
Күйе жақсам қалайша көгеремін?

Болса екен деп дін аман төңірегім,
Әр таңда ар алдына жүгінемін:
Құлы болып кетуден сақтанамын,
Жүрегі тас, меңіреу дүниенің!

Сықиып, сызданғанмен көкірегің,
Жаныңа жебеу болмас шүберегің!
Ғайбат пен күншілдіктен ер азады,
Жақсы сөз жүректердің табар емін!

Жақсылардың ығында өскен едім,
Жаны жайсаң жандарды дос көремін!
..Бақыт деген — жүректің тыныштығы,
Өмірден түсінгенім осы менің!

14.03.25

Баршаңызға бүгінгі жұманың жақсылығы мен берекесін тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Астана-Бурабай
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК