Тоқтар Әубәкіров балаларымен қазақшаны қалай үйренді?
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров өзінің, Ресейде туған балаларының қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді. Халық қаһарманы ата-әженің тәрибесін алған қазақ балалары бақытты деп санайды. Ғарышкер тұңғыш баланы ата-әжесі бауырына басып алатын қазақы дәстүрге құрметпен қарайтынын да айтады.
Балаларымның қазақы тәлім алуы үшін қазақша ән-күйлерді тыңдатам
«Рас, дәл мен секілді құрметке жеткендер аз. Бірақ, менің көкірек-кеудемді кернеген бір нәрсе болды. Ол – ұлттық сана.
Басында мен де, Талғат та (Талғат Мұсабаев – авт.) қазақша дұрыс сөйлей алмайтынбыз. Амандасып, ары қарай өзге тілде шүлдірлей кететін едік. Кейін үлкен аға-апаларым сын айтты. Осыдан соң санама нықтадым. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын, осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып.
Ең бастысы — ниет қой. Өз тілімді үйрендім деп мақтанбай-ақ қояйын. Ұлдарым Ресейде өмірге келді. Олардың қазақы тәлім алуы үшін әрқилы әдістерге бардым. Әуелі, оларға қазақша ән-күйлерді тыңдатам. Әсіресе, кіші ұлымның қазақша ән тыңдағанда көзі жайнап кететін. Алғашында оларды қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі, өзім орысша ойлайтын едім.
Ата тәрбиесі – қазақылықтың қазығы. Мен мұны еш ойланбастан айтамын. Тіпті, керек десеңіз, аталарымыз ұрпақ тәрбиесін жоғары орынға қойып, өз перзенттерін ағайын-туыс, бір қауым ел болып тәрбиелеген емес пе?
Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады.
Қала берді, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде тұңғыш бала кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады. Керемет қой, бұл!..
Менде намыс болмаса, өз Ана тілімді үйренбес едiм
Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса, өз Ана тілімді үйренбес едiм.
Құпиямды айтайын:
мен тiлді қазақи ән-жыр арқылы үйрендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өздерiне-өзі қарсы адамдар деп санаймын.
«Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген жұртты көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын, түпқазығын өзгерте алмайды ғой. Бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы. Ал оның астарында қаншама нәрсе жатыр», — дейді Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров „Абай„ порталына берген жуырдағы сұхбатында.