Төле би неге жылады немесе аласармас арман…
Тәуелсіздік мерекесі жақындаған сайын «тәуелсіздік күні неге өз деңгейінде тойланбайды?!», «бір жерден тәуелсіздік күні құтты болсын деген жазу көрмейсің», «тәуелсіздік күні жаңа жылдық шыршаның көлеңкесінде қала бере ме?!», «осыны неге жоғары жақтағылар қолға алмайды?!» деген секілді әңгімелер естисің.
Негізінен тәуелсіздік мерекесінің жоғары деңгейде атап өтілмей, еленбей, ескерілмей жүргеніне қазақтың өзі де кінәлі. Өйткені, ешкім қазаққа «тәуелсіздік күнін тойламаңдар» деп тыйым салып, қолын байлап отырған жоқ. Әрбір отбасы, ұжымдар, мектептер, университеттер, мекемелер, тым болмаса әрбір қазақ азаматы тәуелсіздік күніне жаңа жылға дайындалғандай дайындалып, жаңа жылды атап өткендей дүркіретіп атап өтіп жатса, ешкім келіп қой демесі хақ.
Менің ойымша тәуелсіздік күнінің өз дәрежесінде атап өтілмей отырғаны – қазақтың азаттықтың қадірін түсінбеуінде, еркін ел болу жолындағы ата-бабасының бастан кешкен қиян-кескі тарихын білмеуінде, білсе де терең түйсінбеуінде.
ХVIII ғасырдың басында қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына төтеп бере алмай, қатты жеңіліс тауып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» айналғаны тарихтан белгілі. Бұған себеп қазақ хандарында ауызбіршіліктің жоқтығы, қазақтың басының бірікпеуі болды. Осы кезеңде Әбілхайыр хан бастаған кіші жүз руларының дені орыстың бодандығына өтсе, Түркістан, Ташкент, Жетісу өңірі, яғни оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлер Жоңғар хандығының қол астында қалып қойды. Яғни, қазақ азаттықтан айрылған кезең еді бұл.
Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында осы кезеңді тамаша суреттей келіп, үш жүздің ханы болған Әбілмәмбеттің ордасында өткен хан кеңесіне сексен бес жастағы қарт Төле бидің қатысып, жылағанын келтіреді. Ол кезде Төле би Қалдан Сереннің Ташкенттегі басқағы болып жүрген-ді. Хан кеңесінде сөз алған Төле би былай деп күңіренеді:
«- Мен кәрі сүйегімді сүйретіп, жат қолында қалған сонау Ташкенттен келгенде, жүрегімді жарған екі үлкен арман болатын. Оның бірі – кешегі Әз-Тәукенің алтын тағын, ту тіккен ордасын көріп, көңілімді бір демеу еді, ол арманым орындалды. Бұдан кейін хан кеңесіне келіп, ағайынның алтын жүзін көремін бе, жоқ па, ол жағы – Алланың ісі. Екіншісі – ата жұрттың жау қолынан ада-күде тазарып, азат-еркін ел болғанын көріп өлсем деуші едім…».
Міне бұл, осыдан 3 ғасырға жуық уақыт бұрынғы азаттық аңсаған Төле би бабамыздың асқақ арманы мен шерге толы көз жасы еді.
Осы ұлы арман жолында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай (қазақ батырлары осы кісілермен шектелмейді) бастаған талай батырлар ат үстінен түспей, бастарын бәйгеге тікті, жыраулар жырымен халықты оятуға тырысты, ұлт қамын ойлаған кейбір хандар мен сұлтандар халықтың басын біріктіре білді.
Ақ арман орындалып, ақ түйенің қарны жарылды. Абылай хан бастаған қазақ қолы жоңғарды біржола жеңіп, жерімізден қуып шықты. Еліміз өз жері, ақ киізге отырғызып, төбеге көтерген ханы бар азат ел атанды.
Дегенмен алма-кезек дүние демекші, көп жылғы соғыстан әбден әлсіреген қазақ халқы көп ұзамай патшалы Ресейдің боданына айналды. Өз еркімен емес, күшпен.
Алайда азат ел болсақ деген асқақ арман аласармады.
Аталарының жорықты жолын жалғастырған қазақтың соңғы ханы Кенесары да өмірін ұлтты азат ету майданына арнады. Кенесары бастаған қазақ жасағы мұздай қаруланған патшалы Ресей әскеріне қарсы тұра білді. 10 жылдай уақыт жанталасқан соғыста Кенесары жасағы жеңіліс тапса да, соңынан ерген халықтың санасына еркін ел болуға деген ұмтылыстың дәнін сеуіп кетті.
Осы кезеңде Шоқан, Ыбырай, Абай сынды қазақтың кемеңгерлері қамсыз халықты білімге, оқуға шақырумен және ұлтты ағарту ісімен шұғылданды. Орыстың тілі мен батыстың білімін игеру арқылы елімізді өркениет биігіне шығаруды мақсат тұтты. Бұл да елдік ұран мен ұлттық мүдде жолындағы істер еді.
Сонымен бірге асқақ арманды ту еткен Сырым Датұлы мен Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Махамбет пен Исатай, Амангелді мен Бекболат бастаған қазақтың қайыспас қара нарлары да елдік туын төмен түсірмей, еркін ел болу жолында жандарын құрбан етті.
Бірақ азат ел болам деген ардақты іс тоқтаған жоқ. Бұл қасиетті істі Алашорда үкіметін құрып, азаттыққа ұмтылған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер (айта берсек жеткілікті) бастаған алаш арыстары жалғастырды. Олар елдік пен ұлттық мүдде аясында топтасып, еркіндікке соғыспен емес, халықты ояту, өркениет көшіне ілесу жолымен жетуді ойлады. Өйткені, ұлтқа азаттық әперемін деген талай дара тұлғалардың сол жолда қырылып қалғанын олар жақсы білетін.
Алашорда үкіметі мен Қазақ АКСР-ын құруға атсалысқан алаш арыстары елдің астанасы мен жерін түгендеп, азат ел болудың алғышарттарын жасады.
Алайда, олар да осы жолда атылды, асылды, айдалды.
Одан кейін Кеңес үкіметі тұсындағы Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев сынды біртуар азаматтардың ұлттың қайта көтерілуі жолындағы қызметі айрықша болды. Олар Кеңес үкіметінің тар құрсауында жүрсе де ұлтқа, елге, жерге адал қызмет етіп, ұлағатты істерімен ұлтқа сәуле шашты. Қазақты одақ тұсындағы еш елден кем етпей, жоғары биік белестерге көтере білді. Олар ел басқарған кезде жалпы халықты, оның ішінде жастарды жасытып, жасқаншақ етпей, еркіндікке тәрбиеледі, өз елінің егесі екенін сездірді. Осындай тәрбиенің нәтижесінде кеңестік дәуірдің мұз-құрсауын жарып, желтоқсаншыл жас өрендер өсіп шықты.
Сол жас өрендер, яғни Қайрат, Ләззат, Сәбира бастаған қазақтың қаршадай қыз-жігіттері алаңға шығып, империяға қарсы тұрып, ұлттың азаттығын, қазақтың еркіндігін талап етті. Олардың «елді өз ұлтымыздан шыққан азамат басқаруы тиіс» деген талабы өзгеге құл болмаймыз, өзімізді басындырмаймыз дегені еді. Көп ұзамай бұл ереуілдер КСРО құрамына кіретін көптеген елдерде жалғасын тауып, КСРО-ның күл талқаны шықты.
Сонымен, алаш арыстары атылып, айдауға кесілгеннен кейін өшіп қалғандай болған еркін ел болам деген еңселі үміт араға жарты ғасыр уақыт салып 1991 жылдың желтоқсан айында қайта жанды.
Алла жарылқап, үш ғасырдан бері аласармаған асқақ арманға қолымыз жетті, бабалар жетпеген арманға біз жеттік, олар көрмеген қызықты біз көрдік.
Енді осындай күрескерлік ұранмен, қилы-қилы замандарда қаншама алаш баласының құрбандығымен қол жеткізген азаттығымыздың қадіріне жете алмау — арымызға сын, сүйегімізге таңба.
Сондықтан әрбір қазақты азаттықты қадірлеуге, енді осы елді азат етіп ұстап қалу жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.
Тәуелсіздік мерекесіне мән беріп, тар жол, тайғақ кешумен келген азаттық мерекесін өз дәрежесінде атап өтуге әрбіріміз атсалысайық.
Бабаның қаны мен ананың жасы сіңген қасиетті де ұлы далада құрылған еркін еліміз күн сөнгенше сөнбесін!
Тұрарбек Сәметұлы