ТӨЛЕБИДЕ «ТҰҒЫРЫ БИІК – ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
Бүгін Төлеби ауданында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Тұғыры биік –Қазақстан» атты әскери-патриоттық форум өтті. Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа ала отырып қызмет ету маңыздылығын, өскелең ұрпақтың бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту жөніндегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымдарын айтып өтті.
Сондай-ақ Қазақстан жерін қорғауда ерлігімен есімдері тарих беттеріне жазылған тұлғалар өмірі жайында әңгімеледі. Жастардың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеу бағытында еңбек етіп жүрген азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын, ұстаздарға «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.
Форум барысында генерал-майор Ақжігіт Исабеков, аудандық маслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Ахтаев, білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев сөз алды. Жиында патриоттық әндер шырқалып, Төлеби аудандық Шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл тобының сарбаздары қоян-қолтық күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі