ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ БҰЛБҰЛЫ!
22.02.2016ж. Ақтау қаласында өткен ,Төлеген Айбергеновтің кемеңгер тұлғасын еске алып, қазақ әдебиетінің поэзия сияқты жанрына қомақты үлес қосқан қарымды қаламгердің әдеби мұрасын насихаттау, шығармашылығын таныту, Төлегеннің жан-жақты қырларын ашу мақсатында Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп – лицей – интернатының акт залында «Ата жұртын аңсаған Т.Айбергенов» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны ашу үшін сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адайдың сөзін ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың басындағы қуғын- сүргіннің зардабы мен үрейі ұлтымыздың бойында әлі бар.Сол қанжап, қаралы кезеңде Орта Азия өңірінде онсызда опасыз ойын, ойранды дауыл орнаған болатын. Оның үстіне қылша мойыны қиылған қазақтың тал-сүйегіне табыт жетпей жатты.Соның барлығын көзімен көргесін бе Әжем- Айтжан: «Я, Құдай, елге тыныштық бер!?..Адамзаттың баласына қайыр мен қанағат бер!?»-деп көкке қолын созып, дұға қылатын да жүретін. Біздің үйдің ауыз бөлмесіне ұя салып көп жыл қонақтап, бірнеше ұрпақ өрбіткен қос қарлығаш бар еді. Көктем шыға бастағаннан-ақ Әжем қос қарлығашты күтіп, олар үйдің базары мен ажары ғой деп әңгіме қыла бастайтын.Қарлығаштар сәл кешіксе жанына шоқ басқандай шыдамсызданып: «Ай, Құдай-ай,ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқап мынау көктем жақсылығы мен келгей-дағы»-деп әбігерге түсіп, кезерген еріндері кәлима-тілектен босамайтын.Сөйтіп отырғанда қанатына көктемді ілестіріп сан сырлы әнге салып қарлығаштар да келетін. Әжем байғұс қалбақтап есік пен терезенің бәрін ашып: «Елдің берекеті мен бірлігінің жаршысы , аман екен ғой қарлығашым!..Енді күн жылынады, жарқыраған жаз келеді, жақсылық атаулының барлығы осы киелі құс пен бірге келеді, қарлығаштарыңды үркітпеңдер!..»-деп біздерге де мейіріммен қарап, алыс сапардан келген ақбауыр құстарына да үн қатып жататын. Осы көрініс, қазақтың тым ескі де жаңа, тым кәрі де, мәңгі жас поэзиясының АҚ ОРДАСЫНА ЖАСАМПАЗ ЖАҢАЛЫҒЫМЕН келген — Төлеген Айбергеновті еске салады. Мен үшін Әләй жалғанды – Әжемнің жүрегінсіз, қарлығаш қанат өлеңді-Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әли, Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушановтардың жыр-кесте тілегінсіз елестету мүмкін емес. Жасампаз ғұмырды, сұлулық пен сымбатты, адалдық пен уыз сезімді қанатына ілестірген жыр-жұмақтың періштесі Олар. Шыңыраудан терең шын талант, шыңнан биік асқақ арман, аққан жұлдыздай асау көңіл, тарпаң қуат,өлімнің өзінен шабыт алған, өмірдің көзінен үміттің гүлін терген өшпес от, сөнбес шырақтың өзі еді,-Төлеген Айбергенов!.. Мәңгілік тарқамайтын тойы бар екендігін, толассыз ағыстар мен жағаласып, халқымен бірге ғасырлардан ғасырларға сапар шеге беретіндігін айтқан ақын. Ешкімнің алар асуын күндемей, өз биігінде ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты қаз-қалпында қалған ақын. Тылсым дүниемен күні бұрын серттесіп, тіл табысқан ақын да, сол, Төлеген Айбергенов!.. Ақынның құпия сандығын ашу үшін — Қазақ,Орта Азия, Кеңес Үкіметі тұсындағы әдеби танымдардың бәрін де ақтаруға тура келеді. Бірақ, ұлтымыздың ауызекі мұралары мен Маңғыстау жыршы-жырауларының орасан зор әсері, ақынның шығармасында ерекше елеулі мәнге ие. Мұны ғылым да дәлелдейтін болар. Қалай болғанда да ақынның көкірегінде Маңғыстау жырларының жаңғырығы бар. Қап теңізінің тасқынындай бұрқасын бұла шабыт пен ақынның Маңғыстауға деген ерекше жансусар жырлары соның айғағы. Жүрегінің махаббатына тамыр салмаған тақырыпты ақын қанша мықты болса да жырлай алмайды. Ақынның Маңғыстау өлкесіне деген махаббаты, айшықты жырлары — тарих пен тағдыр қалыптастырған себеп пен салдардың жантуыс, ар туыс жемісі.Төлегеннің ерекшелігі — ұлттық рухани құндылықтың адами болмысымен біте қайнасуында. Сарқылмас сағыныштың, қайсар жігер, тебіреніске толы тектіліктің үрдісі — ақынның жан бояуымен қаныға түскен. Осы халал қасиеттердің өзі ұлттық рухқа шөл оқырманның көңіл-қарнын әлі күнге дейін нәрлендірумен келеді.Бұл, кезінде әдебиет әлеміне асқан жаңалықтың лебін әкелді. Орта мен кезең, мекен мен тағдыр, тарих қалыптастырған қағидалы ғұмыр өткеннің тінін болашаққа жалғап кетті.Төлеген қазақы құнар мен нәрді, екпін мен еркіндікті,кеңістік пен тазалықты және өлшеусіз сенім мен әдепті, өрнекті, өмірге деген құштарлықты әкелді. Ақын:
— Не кездессе өздеріңмен көрмекпін,
Қарапайым адамдары еңбектің,
Барлығында бағыштар ем сендерге
Махаббатын маған берсе жер-көктің –деп ағынан жарылады.
Осы қарым-қасиеттерді ақынның бойына қарапайым орта мен бағзының бағытынан адаспаған баһадүр жырлар қалыптастырды. Шарқайрақтан шашырай шығып, ұшқын күйінде қалып қойған аталар мен әжелердің отты сөз, ойлы әрекеттері қалыптастырды. Кезінде Қарақалпақ елінде тұрған, Төлеген Айбергенов пен дәмдес , сапарлас, үндес болған көрнекті қоғам қайраткері, өнертанушы, ақын, білікті әдебиетші , марқұм- Қаржаубай Жылқыбаев, Қуандық Нұран секілді ұстаз-ағаларымыз Бейнеу өлкесінде өмір сүрді. Олар Төлегенді айрықша құбылыс ретінде мадақтап, әспенттейтін.Ақынның Маңғыстау өлкесіне, оның ақын жырауларына деген ынтызар-ықыласын баян ететін.Ағаларымыз: «Төлеген Айбергенов Маңғыстау ақындарының жырларын өте көп білетін еді»-деп отыратын. Орта Азияда соның ішінде, қарақалпақ, түрікмен елдерінде жыршы-жыраулар мігірсіз ел аралады. Олар ұлттық мұрамызды дәріптеп ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге көп еңбектерін сіңірді. Сүгір жырау, Наурызбек жырау, Дүзмағанбет жырау, Таңатар жырау, Базарбай жырау, т.с.с. көптеген жыраулардың кейбіреулерін бала болсақ та тыңдап, біздің өзіміз көріп өстік. Қырымның қырық батырынан бастап, небір жырларды іңір озып, таң атқанша жырлайтын еді. Ақсақалдар мен әжелер жылап отыратын. Сол көзден шыққан мөлдір жас пен жүректен тамған мөлдір шықтың тамшысынан жаралған Төлеген Айбергеновтың жырлары қайғырса да, қуанса да шынайылығымен қымбат. Қайғыра білмейтін ұлт, қуана да білмейді. Шетелде , жат аймақтарда жүрген қазақтар ұлттық бет-бейнесін сақтау үшін, әр қайсысы бір-бір күрескерге айналды.Бірлігімен қоса, бүкіл ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға ден қойды. Басқаша жол жоқ болатын. Төлеген Айбергенов-Атамекенін аңсаған шетелдердегі барлық бауырларымыздың ортақ келбеті, жүрегінің лүпілі. Қайғы мен қасіреттен, сарғайған сағыныштан бақыт жасап, баршаға шаттық пен шабыт сыйлап, өміршеңдіктің үлгісін көрсете білген талант иесі, тарихи тұлға! (Осы орайда сан мыңдаған қаракөз қазақтарымызға қамқор болған іргелес Орта Азия елдеріндегі діндес, ділдес бауырларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алланың нұры жаусын,туыстығымызға жік түспей, өсіп өркендей берейік дегім келеді.)
Ақын: «САПАР» атты өлеңінде:
-Көк самолет біз мінген
Көтеріле аспанға,
Мен де ұқсадым әлемнің
Көк қақпасын ашқанға.
Алда қазақ даласы
Ару қырын гүл басқан.
Артта Арал жағасы
Әмуменен сырласқан-деп толқыса, «Алматыға» атты өлеңінде:
-Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем несі мін –деп бір әке мен ананың қолтығынан түлеп шығып, бүкіл ұлтына перзент болып, қара нардай халқының жүгін көтеруге келе жатырғандығын байқатады.
Сол далалық мектептің дархан кеңістігінен жусан исі жұпар шашып барған Төлегенді Атажұрты ерекше құштар-көңілмен қабылдады. Әмуден ұшқан, қасқалдақ тектес қағілез қара баланың ішінде бүкіл қазақ елін, оның өлең әлемін дүр сілкіндіретін жанартау жатыр еді. Ойлап отырсақ:- Бізге, бүгінгі Тәуелсіздік — қазақ халқының басқаға басын имейтін, балталаса да өлмейтін ұлттық өнері мен өлеңінің, рухының және азбайтын асыл тектілігінің арқасында ғана жеткен сияқты. Міне, осындай алтынның сынығы, абыздарымыздың мұрагері – Төлеген Айбергенов бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның көктемін жақындатқан кешегі күннің ақ тілек қарлығашы . Уақыт деген құралайды көзге атқан мерген сияқты, мінтіп басып, мірдің оғындай нысанаға қадалып, дегенін жасатып, аңдығанын құлатып, аяусыз жылатып талай халықтардың тағдырына нүкте қойып жатыр. Сол, жау жағаласқа, керауыз керіске, сойқанды соғысқа толы «ӘЛЕМ!»-атты кеменің үстінде біз де бармыз.Көздің қарашығындай қазақпыз.Аруана бауыр-Төлеген, Қарлығаш қанатымен жүрегіміздің таңдайына туыстықтың таңын, бірліктің нәрін септі. Тірліктің мәні мен сәнін-адал еңбек пен адамға, Атамекенге деген шексіз махаббаттан іздеуге үйретті.Ұлттық болмысымыз бен адамзатқа тән иман-әдептен, сенім мен сезімнен бақытты ғұмыр жасауға болатындығын айтып кетті. Сергектікке, жасампаз жаңашылдыққа, ғылым мен білімге,өркениеттік өндіріске бағыт сілтеп, мұнаралардың басына жырдан шырақ жақты.Тұрмыстың тауқіметін аяусыз тартты, бірақ мойып, сынып, езілген жоқ.Болашақты сүйді. Ал, болашақ, немесе, біздің жастарымыз Төлеген сияқты аталары Аманат еткен ұлт бақытын кімдерге, қандай жағдайда табыстамақ.Қоғамның, ұлттың бүгінгі және ертеңгі жағдайы-ұлттың күрескерлігі мен сандық және сапалық болмысына тікелей байланысты. Қазақ поэзиясы-ұлт жүрегінің дәстүрлі қалыбы, сапалық көрсеткіші. Ұлттың өлең мен жырдан, өнер мен салт-дәстүрден алшақтауы-ұлттық сананың өле бастауының көрінісі екенін бәріміз де білеміз. Бірақ, Төлегенше ұлтты сүйіп, көңілге көрік, жанға ләззат алуды бәріміз бірдей білмейміз.Төлегеннің тәні ғана жас кетті. Ал, оның рухы ұлтымен бірге. Ол бәрімізден де бақытты. Себебі, оған жаратушы ЖАНИЕМ ұлтын сүйе білетін сана мен сезім және жүрек берді.Сондықтан бақытты болғысы келетін жастар Төлеген тектес ақындардың жырларын жүрегіне құндақ, тілегіне бесік қылып өсуі тиіс. Ұлтын сүйе білетін жастың өлең білмейтіні жоқ. Ал, өлең білмейтін жастың ұлтын сүйе білмегі екі талай. Өткенге құрметпен қарай білетін,ғибрат ала білетін жастардың ішінен ғана, қазақтың болашағына ие болатын тұлғалар шығады.
Қазақта: «Жаманның үйінен, жақсының моласы артық» деген сөз бар.Төлеген ортамызда жоқ. Бірақ, өз рухының аясында ұлтын сүйген ұландардың басын қосып, ту көтеріп ұрандап келеді. Бұл «ТІРІМІН»-деп жүрген кейбіреулердің бірді-бір рет санасына кірмеген амал-әрекет болуы мүмкін. Біз Төлегендерімізді іздеу арқылы ұлттық сананың сарайына енеміз, асқар шыңына шығамыз.Ұлттық сана — сән мен салтанатқа ие болып, биіктеген сайын, өзгелердің біз бен тең сөйлесіп, сыйласуына тура келеді.Міне, нағыз ұлттық Тәуелсіздік дегеніміз осы. Ақ сөз, адал жыр-ұлттық рухтың айнасы! Ұлттық сана мен дәстүрдің, өнер мен өлеңнің патшалығы құлаған жерден- ұлттық мемлекет қалыптастыру мүмкін емес. Әлемде БАР болғысы келген халық қана ақындарын іздейді. Төлеген Айбергенов сияқты аталарын іздеп, ұлтқа ұл болғысы келіп жүрген жастар мен бүгінгі жиындағы жыр сүйер қауымға бақ пен береке және Хақтың өзі қамқор болатын болашақ тілеймін.Ақынды –ғылыммен танып, иманмен сүйіп,сезіммен аялап, намыс пен дәріптеңіздер! Ұлттық сана-Тәуелсіздіктің тұғыры! Ұлттық сананы оятатын ұлы күштің бірі-ӨЛЕҢ! Өлең бар жерде-Төлеген Айбергенов бар! Бүгінгі мерейлі мереке, танымдық жиынның ұлттық рухқа берер қуаты молынан болсын! СӘТ-САПАР, ЖАСТАРҒА! Әжемнің қарлығаштары-көктемнің қаншалықты ажары мен базары болатын болса, Төлеген Айбергенов қазаққа тән руханияттық көкжиектің дәл сондай мәңгілік ажары мен базары болып қала бермек. Қарлығаштарыңызды үркітпеңіздер, сақтаңыздар,сендерге олардан асқан тілекші жоқ дегім келеді. Қазақы рухтың қайнар бұлағы — қазақтың ПОЭЗИЯСЫ!!! Оған аса құрметпен және ерекше қажеттілікпен қарау – Мемлекеттігіміздің негізін қалаумен бірдей, ілуде бір өнегелі іс.
Гүлденсін қырдың көк белі,
Тілге енсін елдің өткені.
Қарлығаш ақын сайрасын,
Жайнасын, жырдың көктемі!
Бейнелеп айтқанда: Төлеген Айбергенов – Ұлттық рухтың бұлбұлы, қарлығашы!
САБЫР АДАЙ
ҚР.Еңбек сіңірген қайраткері
ҚР. Жазушылар одағының мүшесі.