Төлен Әбдік, жазушы: Көшпелі елдің дамуы тасбақаның аяңына ұқсайды
Өткен аптада қазіргі қазақ әдебиетінің ірі өкілі, «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» «Оң қол», «Ақиқат», «Өліара» сынды классикалық туындылардың авторы, жазушы Төлен Әбдік ағамызбен сырласудың сәті түсті. Қаламгердің бүгінгі қазақ әдебиеті мен жас қаламгерлерге қатысты айтқан ойларын екшеп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қанат БІРЛІКҰЛЫ
– Төлен аға, әңгімемізді әдебиеттің бүгінгі жайынан бастасақ. Аға буын қаламгерлердің әдебиеттің болашағына күмәнмен қарайтын түрлі пікірін естіп қаламыз. Сіздің ойыңызша, қазақ әдебиетінің болашағы бар ма?
– Қазақ әдебиетінің болашағына күмән келтірмеймін. Бізде талантты ақындар да, талантты жазушылар да жоқ емес. Бірақ сол таланттар мен талантсыздар мидай араласып, жақсылары жамандардан оқ бойы озып, қара үзіп кете алмай жүр. Мәселен, Құдай талант берген, өлеңнің техникасын жақсы меңгерген, ұйқастары шымыр ақындар аз емес. Олардың деніне ортақ бір кемшілік бар. «Жаңа ғасырда әлем қайда бет алды, адамзаттың қандай құндылықтары алға озып барады, шетел ақындары қандай жыр жазып жатыр?» деген секілді сұрақтарға бас қатырмайды. Бір сөзбен айтсақ, көбінің тарих пен бүгінгі заман, қала берді көркем әдебиеттің басты қағидалары төңірегіндегі көзқарастары тобырлық деңгейде. Баяғы ескі дағдылардан, кеңестік дәуірде бойға сіңген көне түсініктерден арыла алмай жүрген секілді.
Содан кейін ақындардың қорланғыш, жәбірленгіш, өкпелегіш өлеңдері азаймай тұр. Кеңес заманында ұлттық дәрежеде еркіндігіміз болмады. Үстем ұлт өкілдері қазақты кем санады. Демек ол дәуірдегі ақындардың қорлануы, қожайынға өкпелеуі табиғи құбылыс секілді болатын. Қазір қазақ – мемлекет құрушы ұлт. Еуропалық түсінікте ұлт пен мемлекет бір ұғымды білдіреді. Сондықтан жәбірленуші этностан мемлекет құрушы ұлттың психологиясына ауысатын кез болды деп ойлаймын. Өмірдегі келеңсіздіктер аз емес – моральдық, әлеуметтік проблемалар туралы толған, жағымпаздарды, алаяқтарды, дарынсыз басшыларды сына, халықтың өзінің бойындағы кемшіліктерді де бетіне бас, мұның бәрі, жылап шағым айтқаннан гөрі, ақынның өзіне де, әдебиетке де тиімдірек деп ойлаймын.
– Сіз айтқан жылауық поэзияға кереғар баяғы түркілерден қалған рухты аңсайтын, әсіре мақтан «пафосқа» құрылған туындылар да аз емес қой.
– Мұны да түсіне алмай-ақ қойдым. Кит етсе, «ғұнмын, көк бөрімін, қасқыр болып ұлып жүрмін» дейтін мағынадағы өлеңдерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Бүгінгі ағылшын ақыны «менің арғы атам англосакс» деп немесе орыс ақыны «менің арғы тегім славян» деп айғайлап өлең оқыса, «онымен не айтпақсың?» дегендей, жұрт түсінбей олардың бетіне одырайып қарар еді. Өйткені арғы тегің кім болса да, ол сенің кісілігіңе, мәртебеңе, күнкөрісіңе ештеңе қоса алмайды. Сенің кім екенің бүгінгі күніңмен өлшенеді.
Рас, тәуелсіздік алған жылдары ұранды жырлармен ғасырлар бойы бодандықтың тауқыметін тартқан ұлттың рухын бір сілкіп алу керек те болған шығар. Ал ақындардың осы тақырыптың айналасынан әлі айналсоқтап шықпай қоюы мен айтқан дүниетанымның тарлығын тағы дәлелдейді. Ақын да, жазушы да ең алдымен адамның ішкі әлеміне үңілуі керек. Абай секілді адамзаттық деңгейде ой айтуға, философиялық тұрғыда рухани кемелденуге, әлемге гуманистік көзқараспен қарауға ұмтылмаған қаламгер әртүрлі саяси-діни идеологиялардың насихатшысына айналып кетуі әбден мүмкін. Әдебиетке жалған ұран да, жалған мақтан да қажет емес.
– Мақтан жөніндегі ойыңызды әрі жалғап көрсек. Қазіргі қазақтың күні мақтансыз атпайтын болды. Өзінен лауазымы жоғары азаматтарға жағымпаздануды «қызметтік этика» ретінде қарайтын көзқарас аз емес. Бұл дерттің шалығы әдеби қауымды да айналып өтпеді. Бір-бірін классик дәрежесіне көтеріп, жер-көкке сыйғызбай дәріптейтіндерге қатысты не айтасыз?
– Өркениетті елдерде мақтану да, мақтау да мәдениетсіздік болып саналады. Ол жақта біреуді көзін бақырайтып қойып, дәл біздегідей мақтап көріңізші, не болар екен? Ол ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайтыны анық. Тіпті «қысқартыңыз» деп сөзіңізді тыйып тастауы мүмкін. Бізде бәрі керісінше, арқасынан қаққан сайын шөлі қанбай, тағы мақтай түссе екен деп емініп отырады.
Сафуан Шәймерденовтен естіген бір әңгімемді айтайын. Біздегі белгілі бір орыс ақыны 70-ке толып, соның дастарқанында отырған көрінеді. Атын атамай-ақ қояйын, мақтау сөздің шебері атанған әдебиетші ағамыз өзінің әдетіне басып, мерейтой иесін мақтап ала жөнелген. Қызды-қыздымен «Сіз орыс поэзиясының ұлы ақынысыз» деген сөзді айтқан кезде анау шошып кеткен. «Мынауыңыз не» дегендей, қолын жайып, басын шайқап ренішін білдірген. Бірақ ағамыз тоқтай алмай, мақтау сөзін жалғастыра берсе керек. Ақыры мерейтой иесі ашуланып, аяғы жанжалға, төбелеске айнала жаздап әрең басылыпты.
– Бердібек Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятында басты кейіпкер ергежейлілер елінің президентін жер көкке сыйғызбай ұлықтаушы еді ғой. Сонда Елдесер деген ергежейлі «біздің елде кісіні көзінше мақтау қорлаумен тең іс» дейтіні бар. Мына оқиғаңыз сол эпизодқа үндес екен.
– Иә, мәдениет, этика деген қарапайым түсініктерді бойға сіңірмей мәдениетті ұлтқа айналмаймыз. Ел болғаннан кейін ішінара бойына парасат сіңген, мәдениетті тұлғалар болады. Бірақ ұлттық мәдениетті басты қалыптастырушы бұқара екенін ұмытпауымыз қажет. Яғни мәдениет деген жалпы халыққа тән құндылық. «Біздің мәдени танымымыз өзгелерден биік, рухымыз да күшті, жаужүрек батырмыз» деп есіріп кетуге де болмайды.
Жапон халқы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ұлтшылдықты жалау етіп, есірді. Гитлерге ерген неміс халқы да сөйтті. Мұның ақыры адамзаттың басына қандай қасірет төндіргенін бәріміз білеміз. Кейін жапон да, неміс те жеңілгенін мойындап, өркөкірек мінезден арылып, барлық күшін ғылым жолын игеруге бағыттады. Содан жаман болған жапонды, немісті көрдіңіз бе?
Мәдениеттіліктің бірінші белгісі – адамды сыйлау, ұлтына, дініне, тіліне қарамай жеке тұлға ретінде құрметтей білу. Екінші белгі – ұлтыңды құрметтегенің секілді басқа этностарды да, оның құндылығын да сыйлау.
«Қазақтың аттан ұлтшылдығын» жақсы көріп, елдегі басқа халық сондай қылық жасаса төзбейтін мінездерді түсіне алмаймын. Сонда біреулер үшін біздің ұлтшыл жақсы да, өзгенікі жаман болғаны ма?
Халықтың әр адамға, әр ұлтқа тең қарайтын гуманистік көзқарасы қалыптаспай, жеке-дара тәуелсіз ел болып тұруы да қиынға соғады. Сондықтан әдебиетке келуші жастардың гуманист болғанын қалар едім. Гуманизмнің шекпеніне әділдіктен таймау, ешкімге қиянат қылмау, адамдарға жақсылық жасау, тіршілік атаулыға мейіріммен қарау секілді барлық игі қасиет сыйып кетеді. Мұндай гуманизм дінде де бар ғой дерсің. Діндегі гуманизмге шек келтірмеймін. Бірақ сенімі ортақ еместі мұсылмандар «кәпір» санайды, ал мұсылмандарды өзге діндегілер жақтырмайды. Осы жерден әрі діндегі гуманизм жайлы айту қиындап кететіндіктен, тереңдемей-ақ қояйық.
– Төлен аға, қаламгерлер жылауық, кеудемсоқ патриот, мақтан құмар, әсіреұлтшыл болмауы керек деп отырсыз. Ата-текті айтып, шектеушілікке бару індеті туралы не ойлайсыз?
– Жазушы қолына қалам алғанда жалпыадамзаттық құндылықтарға жүгінуі керек деп санаймын. Өйткені адамзаттық құндылықтар ұлттық мүддеге қайшы келмейді. Әділдік, шындық, адамгершілік, адамның кісілік хақысы мен еркіндігі секілді гуманистік құндылықтар барлық халыққа ортақ. Сондықтан да адамзаттық деп аталады. Мінеки, осындай бағытты ұстанған талантты қаламгер ғана әлемге халқын да, өзін де таныта алады. Тек жазушылық жолда ғана емес, барлық салада «атаның баласы болма, адамның баласы бол» дейтін қағиданы берік ұстауды үйренгеніміз жөн. Абай рулық, ұлттық деңгейден шығып, адамзаттық ой айта білгенінен қазақтың Абайына айналды. Жас қаламгерлер де Абай секілді қазақтың ойын адамзаттың құндылығына қосуды мақсат етпей, биіктерді бағындыра алмайды.
Қашан екені есімде жоқ, әлдебір жас ғалым мені өзінің, әлде кітабының тұсаукесері, әлде өзінің шығармашылық кеші, әйтеуір осындай бір жиынына шақырған болатын. Негізгі тақырыбым қазақтың қанының тазалығына, жеті атадан қыз алыспайтынына қатысты деген сөзді айтып қалды. Жеті атадан бері қыз алыспау деген барлық жағынан дұрыс нәрсе екені белгілі, бірақ қанның тазалығы деген тұжырымды дұрыс деп айту қиын. Өйткені оның ар жағында нәсілшілдік, расизм жатыр. Қанның тазалығын алғаш рет күн тәртібіне қойған Гитлер болатын. Бұл идеяның үлкен қантөгіске, адамдарды концлагерьлерде азаптау, тірідей отқа өртеу секілді зұлымдыққа әкелгені белгілі. Сондықтан фашизмнің идеясын бүгінгі таңда ұлттық идея қылып ұсыну көзқарас тұрғысынан үлкен кемшілік. Кейін осы оқиғаға байланысты өз пікірімді әр жерде айтып жүрмін. Баяғы ортағасырлық түсініктерді қазіргі заманға телудің қажеті жоқ. Халық, ұлт болғаннан кейін ұлт пен ұлыстар арасындағы қан алмасу қалыпты дүние болып саналу керек. Қазіргідей жаһандану заманында оны тыйып тастау мүмкін емес.
Бүгінді былай қойып, қазақ баяғы замандарда ұлын Ұрымға, қызын Қырымға жіберіп, өзге халыққа қыз беріп, өзге ұлттан келін де алған.
Сондықтан да, жалаң ата-тек қуу, қанның тазалығы дегеннің бәрі – бос сөз. Қазаққа қызмет еткеннің бәрі – қазақ. Біреуді руына бола жақын тарту, туыс көру деген баяғы қасаң қағидалармен өмір сүруге болмайды.
– Жас қаламгерлер кімді тәлімгер тұтса болады? Мысалы, сіз жас кезіңізде қазақ жазушыларынан кімді ұстаз санаушы едіңіз?
– Біздің алдымызда мықты аға буын жазушылар болды. Бірақ оларға қарап бой түзедім дей алмаймын. Маған әсер еткен ұстазым – әлем әдебиеті. Әлем жазушыларының туындылары болмаса, соцреализмнің шырмауына түсіп, өзгеден айырмамыз болмай қалуы әбден мүмкін еді. Кеңестік дәуірдегі соцреализм, кеңестік шындық дегендердің бәрінің жалған екенін шетелдік қаламгерлерді оқи бастағанда білдік. Әлем классиктері шын әдебиеттің қалай жазылатынын көрсетті. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаған аға буын жазушылардың көпшілігінің шығармаларын қазіргі жастар оқымайды. Оларды талантсыз деп айта алмайсың, бірақ сондай заманға тап болды.
Қазіргі заман да, жастар да басқа. Баяғыдай цензура жоқ. Сондықтан да оларда қоғам шындығын бүкпесіз жазуға мүмкіндік жетеді. Алайда тарихты бұрмалап, рулық санамен сан құбылтып, көркем әдебиетті публицистикаға айналдырып, бос сөзді оңды, солды бұрқыратудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Жастарға біреуді ұстаз тұт деп те айтпаймын. Ұстаздары кітап болсын! Көп оқысын!
– Кеңестік кезеңде тарихи оқиғаларды әдебиетке әкелу ісі қарқын алды. Халық өткенін әдеби шығармаларды оқып танитын үрдіс қалыптасты. Қазір де тарих туралы шығарма жазу қарқын алып тұр. Бұған не дейсіз?
– Жазушылар жазған туындыларды шынайы тарих деп қабылдауға болмайды. Қазақ жазушыларының тарихи шығармасын оқып отырсаңыз, бізге жететін жаужүрек, данышпан ұлт болмаған сияқты. Әлгі кітаптармен танысып, «көзсіз батыр, шексіз ақылды бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт қалай отар ел болған» деп таңғаласың! Ең бастысы, тарихты өз қалауынша аңызға айналдырып, ондағы тирандарды көкке көтеру дәстүрі белең алып барады. Бұл жақсы нәрсе емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік ғалымдар фашизмнің пайда болуын ұзақ зерттеді. Фашизмнің басты белгілерін анықтады. Сондағы белгілердің бірі – осы тарихты ерлік аңызына айналдыру, империя идеясын насихаттау, тирандарды ұлықтау. Әрине, мұның бәрін тарқатып айтар болсақ, талай автордың шамына тиерміз.
Тарихты жазуға ешкім де тыйым сала алмайды. Бірақ бір елдің халқын қырып, қалаларын талқандап жатқан басқыншылық әрекеттерді көзімізбен көріп отырған бүгінгі заманда өткен тарихтағы бұдан да қанды басқыншылықты көкке көтеріп, мақтан тұтуды жақсы нәрсе деп айта алмаймыз. Адамзаттың өркениетті өмірге, гуманистік идеялардың кең таралуына зәру болып отырғанын ұмытпауымыз керек.
Кейбір авторларымыз тарихи очерк деңгейіндегі жазбаларын роман деп ат қойып, оқырманға ұсынып жатады. Әдеби көркем шығарманың өзегі – адамның тағдыры. Көркем туындыда сол тағдырды өз басыңнан өткізіп жатқандай күй кешпесең, кейіпкерлер ішіңде тіріліп, өмір сүрмесе, оқиғалар барысында туындайтын жайттарға қайғырып, жақсылыққа ортақтасып қуана алмасаң, жүрек соғысын сезінбесең, оны әдеби туынды деп айтуға болмайды.
Әдеби шығарманы оқып отырып, диалогтерден кейіпкердің сөйлеу мәнерін сезіп, іс-әрекетінен кескін-келбетін көз алдыңа елестете алуың керек. Оқиғаның сюжеттік жағынан басталуы, дамуы, шиеленісуі, шешімі болмаса, кейіпкерлердің жақсылығы мен жамандығы өмірдегідей шынайы тең суреттелмесе, ол шығарма ғұмырының ұзақ болуы екіталай.
Әдебиеттің осындай қарапайым шарттарын білмей, тарихтағы белгілі оқиғаларды тізіп шығып, «әдеби туынды жаздым» деу ең алдымен өзіңді алдау. Шығарма мен очерктің, көркем туынды мен публицистиканың арасын ажырата алмайтындардың басқаларға тарихты үйреткелі жүргеніне кейде күлкің де келеді. Болған оқиға – деректі шындық, ал автордың ой-қиялынан туған оқиға – болуға тиісті көркем шындық. Көркем шығарма, негізінен, осы көркем шындыққа құрылады. Бұл пікірді бізге дейінгі талай үлкен жазушылар баяғыда айтып кеткен.
– Көп туындыларда автордың позициясы айғайлап көрініп тұрады. Бұл кемшілік емес пе?
– Көркем туындыға қойылатын талаптардың біразын айттым ғой. Соның бірі автор мәтіннің астарына өз позициясын жасыра білуі дер едім. Чеховтің ұлылығы сол, ешқашан өзінің позициясын ашық білдірмейді. Оқырман оқиғаның желісінен, өрбуінен, аяқталуынан жазушының не айтқысы келгенін өзі табады. Шығарманы оқығанда қиянатшыл кейіпкерді жек көріп жиіркенсең, жәбірленгенді жақсы көріп, жақтасып отырсаң, соңында ойлануыңа да кеңістік қалса, одан артық көркемдіктің қажеті бола қоймас еді.
– Қазақ әдебиетіндегі көпсөзділік туралы айттыңыз. Кей авторлардың көне сөздерді көп біліп, шығармасында соны еркін пайдалануы оның артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме?
– Заманауи әдебиет көпсөзділікті құптамайды. Бірақ бұл «тілге мән берудің қажеті жоқ» деген ойды туғызбайды. Не айтсаң да, не жазсаң да, дәлме-дәл суреттеу шеберліктің шыңы саналады.
– Кей кітаптардан сірескен архаизмдерді көргенде баяғы көшпелілер дәуіріне кіріп кеткендей боламын.
– Кейбір ағайын әдебиетті көне сөздердің жиынтығы деп ұқпауы үшін де архаизмдерді жөнсіз қолдана берудің дұрыс емес екенін жастардың құлағына құя бергеніміз жөн. Қазіргі қазақтың жасы да, жасамысы да көшпелілер заманын аңсап, оның мәдениеті туралы проза, өлең, көлдей-көлдей мақала жазып, мақтанатынды шығарыпты. Әлем санасын көшпелілер мәдениеті өзгертіп жібергендей даурығып, кеуде соғып жатқандар шындыққа тура бір қараса ғой, шіркін.
Көшпелілік деген не? Жер бетіндегі барлық адамзат баласы әу басында көшпелі болды. Табиғатпен күресіп, үй салып, егін еккен халықтар отырықшыға айналды. Олар жыртқыш жануарлардан қорғану, ауыр жұмысты жеңілдету үшін түрлі құрал-жабдық ойлап тапты. Яғни ғылыми тұрғыда дамудың жолына түсті. Ал табиғаттың қас-қабағымен күн көретін көшпелі елде ғылым да, технология да дами алмайды. Көшпелі елдің дамуы тасбақаның аяңына ұқсайды.
Көшпелілікті отырықшылықтан жоғары қоятын пікірлерді де естіген кездеріміз болды. Рас, көшпелі өмір салты қалыптастырған психология санамызда бар, бірақ біз қазір көшпелі ел емеспіз. Отырықшы елміз. Өмірге қажетті барлық нәрселер: қалтаңдағы сағат, телефон, үйіңдегі теледидар, жарық жылу беретін орындар, астыңдағы машина, бүкіл транспорт, пойыз, ұшақ, зауыттар мен фабрикалар, оқу орындары, ғылыми зертханалар, обсерваториялар, т.б. – осының бәрі ғылымның табысы. Бұған тек отырықшылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Көшпелі кезең – бар болғаны адам баласының тарихындағы өтпелі кезең. Сондықтан да ғасырлар бойы көшпелі ғұмыр кешкенімізге мақтануға еш себеп жоқ. Тіпті «көшпелі едік» деп алашапқын болу – ұят тірлік. Иә, көшпелі күн кешіп жүргенде отбасылық құндылықтарға қатысты ұлы мәдениеттер жаратқан шығармыз. Бірақ, бұл – көшпелі өмір салтының артықшылығынан емес, қиын жағдайда жүрсе де, мәдениет пен өнер жасай алатын халықтың қабілетінен туған нәрсе. Құлдық жүйе кезінде де халық өзіне тән мәдениетін жасай білген.
Өткеннен қалған рухани қазынаны кәдеңе жарат. Бірақ ата-бабаң жасаған зұлымдықты мақтан тұтудың қажеті қанша?
Енді жас қаламгерлерге оралайық. Олар әлемдік деңгейдегі жазушыларды меже тұтпай, олармен іштей бәсекеге түспей, күреспей, тайталаспай, үлкен биікке көтерілу мүмкін емес екенін білгендері дұрыс. Кейінгі буын қаламгерлері әртүрлі қате көзқарастардың жетегінде кетіп, таланттарын өлтіріп алмаса екен деймін.
– Уақыт қиып, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қанат БІРЛІКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»