ТОЛҒАМЫ-ТЕРЕҢ, ЗЕРДЕСІ-КЕНЕН….
Қазақ поэзиясына қосылған кейінгі толқынды жиі қадағалап отырамын. «Кім не жазып жүр екен?» деген құштарлықпен және Өлең – мен үшін киелі ұғым болғандықтан. Жан-жүректі жарып шығатын, қан тамырларды қуалап ұратын, сезімнің пернелерін дөп басып, көңіліңнің күйін шертетін де осы өлең, жарықтық қой! Жаның қоңылтақсып жүдегенде, көңілсіздік дауылы үдегенде, жақсы бір жыр оқып марқайып қалатының тағы бар.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, орта буын өкілі деуге келмесе де кейінгі толқынның арасынан атылып шыққан, өлең-арғымағының маңдайы жарқыраған, Торғайдың өзеніндей арқыраған бір адуынды ақын бар. Ол – отыздың сарыжайлауына отауын тіккен, талғампаз дарын, аңғарымпаз ақын Азамат Тасқара.
Тай кезінде танылып, құнанында бәйге алып, дөненінде дараланып шығуына қарасаң – әлі талай аламанда жер апшысын қуырып, денесі термен жуылып шабар жүйріктің бірі…
Егер бұл ақынның өлеңдерін есім-сойымен ғана жарыққа шығарса, жыр сүйер оқырман «көпті көрген, көне көздің» нақ өзі дері анық. Өйткені Азаматтың сөз саптасы – алапат. Толғамы – терең, зердесі – кенен! Бұл жігіттің жазу стиліндегі жүрек қағысы бөлек. Дүниені тануы – зерек! Ешкімге ұқсағысы келмейтін тарпаңдығы мен даралығы өзіне жарасып тұр.
Алтай десе көбіміздің көзімізге Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқар шығармаларындағы аймүйізді арқар мен Алтай тауының сілемдері, кербұғы мен керімсал тау бөктері, айнадай жарқыраған өзен-көлдері, атқылаған бұлақтары елестейтіні рас. Сөйтсек, Азамат та тауға арқасын тіреп өскен, Алтайдың аппақ қарын күреп өскен жігіт болып шықты.
Оны «Алтайдан көшу» өлеңінде тебірене еске алады:
«Күн, күн өрдім, күн өрдім,
Бұғы-Анаммен бір өрдім.
Қоңыр бұйра мүк талмап,
Таңғы шалғын, шыққа аунап,
Құба жалға жеткенмін,
Шағыл кұмнан өткенмін.
Биігіңді қайтейін, өр Алтай-ау, өзіңмен
Қоштасайын деп келдім.
Зілдей соқыр тұман басып еңсемді,
Кел, қара өлең, келші енді!
Бір түйір жас умен ғана толтырам,
Көңіл деген керсенді.
Мұңлы естіліп жиі әнім,
Нөсер болып құямын.
Түсімде ылғи сәби бүрін жарады,
Бітік келген тобылғысы қияның.
Оны кімге айтайын?!.
Байыз табар жер алыс,
Бойға қызыл шер қонды-ау.
Алай тартсам – керағыс,
Былай тартсам – кертолғау.
Сай, сай өрдім, сайда өрдім,
Сақман кезі Ай көрдім.
Сері күнім қалар енді шырмалып,
Селеуіне қай белдің?!». Осы жырдың аяғын ақын былай түйіндейді:
«…Жол болғасын жүрем де…
…Тәңір жазса келем әлі, келем ғой,
Түн дейтұғын Қубас атқа мінем де».
Әп-бәрекелді демесіңе қоймайтын, өткен-кеткен тарихыңды қозғайтын, Қазтуған бабамыздың толғауында бозінген болып боздайтын мақамның сарқыншағы демей көр мұны!
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау
Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт…» деген қимастыққа толы толғаудың «қобыз сарыны», ақын жырымен үндесіп тұла бойыңды шымырлатып-ақ жібереді. Өлеңнің құрылымы етене таныс болғанымен, ой-дүмпуі алыста жатыр. «Қоңыр бұйра мүк талмап, Таңғы шалғын, шыққа аунап» деп толғау үшін де тіл байлығы аздық етер, көкірек көзің ояу болмаса… «Түсімде ылғи сәби бүрін жарады, Бітік келген тобылғысы қияның» дегенді жырына тиек етер ақын аз бүгін…
«…Атамның иісін сезіп мәз боламын,
Көкжалдың терісінен төрге ілінген» деп айтатын ұрпақ барына шүкір демеске шара жоқ. Ақын бірде: «Аңсаймын шаңырақтың желбауын да,
Есілген ат қылынан бестемшелеп» десе,
тағы бір жерде:
«Аспаннан әр төбеге қарағым бар,
Орауыз кезқұйрықтай кісінеген» деп елең еткізеді. Кейде ақын «Буырыл талға қаздың үнін тамшылатып…» алады да:
«Құлын жастан еру болып көшке мен,
Құтпан айғыр үйірінде өскен ем» деп бір қайырады. Осыдан-ақ ақынның бабадан мұра болып кеткен, әкеден қан арқылы жеткен тәрбие-бесігінде тербеліп келе жатқанын аңғарасың!
Ал мынау «Тайлақ та туған жерін аңсайды ғой,
Тізесін тандыр құмға қарып алған» деген жолдарды оқығанда, Төлеген ақынның «Аруана-бауыр дүниесі» көз алдыңа келеді. Бұл не, ұрпақ сабақтастығы ма?
Азамат ақын өлеңді құрамай, қырнамай, қиналмай төгіп-төгіп тастайтын секілді ме қалай?… Иә, бұл бір қарағанда солай. Осыны білгендей ақын:
«…Соны ойласақ көңіл неге түседі,
Үзілгендей домбырамның ішегі.
Өлең жаздым деп ойлайсың, солайша,
Ол өзіңді тауысады, ішеді» демес еді ғой.
Нағыз ақынның қиыннан қиыстыруы, азапты жолы өлеңінде көрініп тұрса – ол да бір міні! Ақындықтың басты кредосы – азапты шақтың, ғажап сәттерімен оқырманды еліту болса керек.
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың сахибы Темірхан Медетбек «Көк Түріктер сарынында»:
…Еңкейгенге еңкейдім
Шалқайғанға шалқайдым.
Асқанның орманын
Отындай өртедім,
Тасқанның көлдерін
Астаудай төңкердім.
Қысқанда қу ағаштан бу шығардым.
Сыққанда
Қара тастан су шығардым.
Атанды асықтай аттым
Қарсы келгенді
Қазықтай қақтым.
Алшайып жүрдім.
Талтайып тұрдым…» деп езілген еңсеңді, жаншылған рухыңды көтеріп тастайтын еді ғой.
Азамат ақын да «Иіс» атты өлеңінде:
«Ізі қалған қаймалдың,
Ызбан оты қаулаған.
Қасиетті топырағыңнан айналдым,
Менің мынау реңімнен аумаған.
Боз ағашы бөрте қалған күздерде,
Шоқ боп ұшқам томардан.
Бөрі жортқан түздерде,
Бір тағамыз (талтүсте ме?) жоғалған.
Қара өлеңдей – шөптей болсам деп едім,
Қасқа құлын емін-еркін аунаған.
Құс самғаған көктей болсам деп едім,
Қара нөсері жерді оярдай саулаған…» дейді. Бейне кешегі жыраулар салған сүрлеудің шаңын шығарып, талмай зерттеп-зерделеп, тыңнан жол іздеген сұңғыла баланың дауысы жарқын шығады.
«Жолбарыс» атты өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес.
«Сүлдерімді сүйретіп кеп жолға айырық,
Тағдыр тоз-тоз еткен кезде бордай қып.
Алтай ауған қызыл жирен жолбарыс,
Ақ сапарға бастайды ылғи алты айлық.
Сондай кезде жота басып, жон асам,
Қос көзімде ай бұлдырап…
Сана — Шам.
Көкірегімнің түп иісін танытып,
Сөз бүрлейді көзіне оның қарасам…
…Мен бақсының қос иығына шөк, тұман,
Жолбарысым салғысы бар көкке лаң.
Жеті түнде жұлдыз түсін жамылып,
Жон терісін қанжыға етсем деп тұрам…
Ақын метафора арқылы оқырманды ширатып алып, түйінді ойын шашыратпай, керемет байлам жасайды:
…Жолбарысым, пысқырмаған мұң-даққа,
Мен де ақыры таусылам бір ырғақта.
Сол кезде, сен, атыларсың кеудемнен,
Сәулесімен арбап жатқан Күн жаққа». Міне, саған жолбарыс-жүректің қайсар рухы! Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов: «Жау жолына атам сені, бомба бол да жарыл жүрек» деп сөзден сурет салса, жас ақын да қара өлеңнің қасиетін аша түседі. Еліктеуден, көзсіз табынудан аулақ. Жолбарыстай өз сүрлеуімен жүргісі келеді.
«Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді», — дейді ғой В.Г Белинский.
Соның нақты көрінісі классик ақын Жүмекен Нәжімеденов жырларында айқын көрінеді:
«Ақ жіп-жол, барар шегі қиыр шеттей,
Жіп қайтсін, ұзындықтың күйін шертпей.
Сол жіптің дәл ұшында бір жолаушы,
Секілді титтей қара түйіншектей».
Демек, поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі болуы керек. Поэзия сонысымен әсем, сонысымен тартымды.
Азамат ақын да: «Жел гулеп, селеу сыңсып, дала тынбай,
Бұйра бұлт боз жартасқа қонатын жай.
Сондайда құйқылжиды көкіректе ән,
Ыңылдап атам айтқан – “Қараторғай»,
немесе
«Жылтыр тартып тас төбеде сынық ай,
Суық түннің сусып жатқан құмын-ай» десе,
енді бірде ақын:
«Еспейді салқын самал жайлап қырдан,
Бұл күнде баба аруағын айбат қылғам.
Қаншама үкі-түнге кез боп келдік,
Тұмсығын қара тасқа қайрап тұрған» дейді. Шынын айтайықшы, «үкі – түннің тұмсығын қара тасқа қайрап тұруы» ғажап емес пе?!.
Ақынның: «…Түсіндіре ала алмаспыз дәл мұны,
Өткен күннің төпелейді жаңбыры.
Суреткердің шығармасы ең сәтсіз –
Ол өзінің тағдыры ғой,
Тағдыры!..» деп жазғаны талас-тудырмас шындық қой!
Кәдімгідей төселген, өресі өскен, өлеңді жан-жүйесімен сезініп жаза алатын талантты ақын келе жатыр аяңдап. Ең басты жеңісі – тілдік қуаты күшті. Таным-түсінігі биік. Талғам-таразысы асқақ. Оқыған-тоқығаны мол. Сондықтан да тереңнен толғап, тебіреніп жазады. Риза боласаң. Сүйсінесің! Кешегі Мұқағали атасы тәрізді «Қазан миы – қазақтың қара өлеңін дара қойып» қайнататынын айтсаңшы бәрінен.
«Жайылым» деген өлеңінде ақын:
Аяңы аққұла аттың кекілқақпай,
Шаршатпай жылдамдайды, не құлатпай.
Ойнақты белден-белге ойыстырсам,
Қариды терімсал жел бетімді оттай.
Біз жақта әуір, өкпек, ызғырық бар,
Жел сөзге және емеспіз біз кіріптар.
Сай құлдап «Дүния-ай»- ға салған сайын,
Жөңкиді аласұрып күзгі бұлттар.
«Дүния-ай, қудым сені жалықпастан,
Кездерім көп те шығар шалыс басқан.
Ұлардай ұлы Алтайда көп шулаған,
Бұл дәурен барады аттап ғаріп бастан…», —
дегенше азынатып көк қасқасын,
Сәурік сап, үйірінің топтап басын.
Иіскеп насыбайын әпенді қарт,
«Әкеңді бар ғой сенің…», — деп бастасын.
Кербұғы мүйізінен тақысы бар,
Бес-алты тайлы бие ақысы бар,
Атамның ақ шақшасы осы шалда,
Ақсақал не десе де һақысы бар.
Сөз бастап құнан жайлы, құлын жайлы,
Уақытын ұрпағына шығындайды.
Байғыздың үні жетіп, сам жамырап,
Жон-арқам аракідік шымырлайды.
Даламдай дарқан қайдан табам құшақ,
Мен де шат, мал жайғаған бабам да шат.
Отырам ойраншөптен мұрным қышып,
Біртүрлі көпті көрген адам құсап». Бұл өлеңді ақын 28 жасында жазыпты. Бірақ балғындықтың исі де жоқ. Кәдімгі шынайы сезім төгіліп түскен.
Қарап отырсақ, ақындық дегеннің өзі таудың төсін ұрғылаған бұлақ іспеттес екен-ау. Көзін ашып, арнасын тазартып отырсаң шапшып шығып, мейіріңді қандырып, маңайын мейірімге бөлеп тасқындай жөнеледі. Тек дер уақытында бағалап, бағамдай білсең жетіп жатыр…
Небәрі 24 жасында жұлдыздай ағып түскен Саттар Ерубаев пен 30 жасында қыршынынан қиылған Төлеген Айбергеновтің поэзиядағы қолтаңбалары даналықтың шыңында тұр.
«Қарайды-ау қыздар
Қарақат көзін төңкеріп,
Жанарды ғажап
байлайды сиқыр еркелік.
Мұндайда тіпті
құрып-ақ кеткім келеді-ау
Қыз — дүниенің
ыстық деміне өртеніп» — деп жырлаған, бар-жоғы отыз алты жыл ғұмыр кешкен Меңдекеш Сатыбалдиевтің жырлары қандай! Демек, ақындық жаспен өлшенбек емес. Әкенің қаны, шешенің сүтімен келетін талантқа тек ізденіс пен ізгілікке деген құлшыныс қана қолбасшы. Қалғанының бәрі шынайы ақынның бойынан табылар ізгі қасиет екен — ау!
Осындайда орыс поэзиясында айшықты орны бар, отыз-ақ жыл тіршілік кешіп, артына мол мұра қалдырған Сергей Есениннің «Письмо матери» деген өлеңі ойға оралады.
«Ты жива еще, моя старушка?
Жив и я. Привет тебе, привет!
Пусть струится над твоей избушкой
Тот вечерний несказанный свет.
Пишут мне, что ты, тая тревогу,
Загрустила шибко обо мне,
Что ты часто ходишь на дорогу
В старомодном ветхом шушуне…
…Ничего, родная! Успокойся.
Это только тягостная бредь.
Не такой уж горький я пропойца,
Чтоб, тебя не видя, умереть.
я по-прежнему такой же нежный
И мечтаю только лишь о том,
Чтоб скорее от тоски мятежной
Воротиться в низенький наш дом…».
Сергей де деревняда өскен ақын ғой. Ол да ауылын, ауылдастарын, анасын, ақ жүрек шаруаларды, бозарып атқан ақ таңды, тербелген ақ қайыңды сағынады. Анасымен сырласады. Ана жүрегінің толқынысын, өзінің көңіл-күйімен өріп хатқа түсіреді. Мұқағали ақын айтпақшы Сергейде «ауылдың ауыруымен ауырған ақын».
Иә, анасына жыр арнамаған ақын бар ма жер бетінде. Азаматтың да «ШЕШЕ» атты өлеңі бар. Нағыз қазақы болмыстың ақжарқын бейнесі. Ұлттық менталитеттің қапысыз бояуы… Орыс ақынымен жарысқа түспесе де табиғатты түйсінуі, анасына деген сағынышында мұңнан гөрі ынтазарлық басым. Сонысымен де құнарлы жерге егілген дән секілді жайқалып тұр…
«Қатайдық қой бірер самғап, бір құлап,
Қара бастан қарлы жаңбыр ұрғылап.
Қаймана боп жүрген ұлың баяғы,
Жон арқадан жылқы иісі бұрқырап.
Жалғанымен таба алмаған жарасым,
Қайран дәурен, қыстан да өріп барасың.
Қапалақтап қар жауады көз жұмсам,
Қарды кешіп сен жүресің, анашым.
Құлыншағым құлдыраңдап қай жақтан
келеді-ау деп,
еңсеңді езген ой батпан.
Сені көрем, таңмен бірге жарысып,
Будақтатып самауырын қайнатқан.
Сені ойласам бәрі өзгеріп бір демде,
Соқыр, мылқау отырамын күркемде.
Жолға нәлет айтам сосын шатқаяқ,
Шеке тепкен қара өкпекті сүртем де.
Мұз көк атым шапты ме екен бір үдей,
Қалай жүрмін сүт сүдінім ірімей.
Сені ойласам тыныштығым жылан боп,
Сол жыланды жұтамын кеп тірідей.
Өткел бермей тұрса дағы жар, тұман,
Өзің жаққа іштей болсын талпынам.
Кер тағдырға кеңірдекпен байлансам,
Өлең үшін шығар деймін бар кінәм.
Өмірімен қалған құлға бетпе-бет,
Әзіз анам, сенің орының бөп-бөлек.
Маңдайыңды тесетінін білем ғой,
Менің қырық қабырғамнан өткен оқ.
Еске түсті-ау балқаймақ сәт өткен бір,
Өткен күнім — өзен демі көктеңбіл.
Шеше-оу, саған ешкім бойлай алмайтын
Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..
Қазақ поэзиясына жаңаша екпін, өзгеше серпін әкелген, қара сөздің мәйегін бойына сіңірген ақынның ана сүтімен берілген талантына адал, әр сөзіне кірпияз, не жазса да талғаммен қарап, сылдыр суды сапырмай, сүбелі ойлар айтуға талпынысы қуантады.
«Жерошақта шала сөнген от қалып,
Күз де келді… жалғыз тамшы боп тамып.
Сұлық таңнан суық ұшып барады,
Сағым-құстар,
Жұлдыздарды бетке алып.
Жекен түзге лақтыра сап күртесін,
Бізге қандай айтады енді бұл кесім?!.
Көкірегіне бір күрсініс кептелген,
Ызалы жел ыққа сүйреп білтесін.
Сол күрсініс…
Мүмкін емес мұң ұқпау,
Оның мұңы біздікінен тұнықтау.
Кебе құрғақ жас үзіліп көзінен,
Кеберсіген дүниені жібітті-ау.
Бұйра бұлттар сетінейді, солай-ау,
Күзді күту керек емес және аяу.
Қою түске ұласады ол бірте,
Ай астында ақ байғыздар ғана ояу.
Қою түске ұласады ол бірте,
Көлеңкенің бір атауы – көрбілте.
Ол еркіне бағындыра алады,
Ол өзіне және алады сендірте.
Ғайпи шақта қос анарын түн емген,
Ол жанасса жанасады түленмен.
Көзіне оның қараған жан сол сәтте,
Өлім құшып кететінін білем мен.
Раң қарабас белін басқан тұман бар,
Сұрасандар, күзден сауға сұрандар!
Боз жауыннан жаратылған бибі қыз,
Одан, тіпті, жатырқайды жыландар.
Жас безінен жалғыз тамшы иді аспан,
Күз деміне алабөтен күй қосқан.
Қабіріне ол да бір күн жатады-ау,
Көміп жатқан көпшілікті қимастан». Осы өлеңді оқығанда менің есіме ақиық ақын Мұқағалидың: «Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз — өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда, салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек» дегені есіме түсті.
Орыстың атақты ақындарының бірі «Прощай, немытая Россия» деп күйзеліп жыр жазған Михаил Лермонтов 23 жасында «Смерть поэта» өлеңін жазды. Бұл – ұлы Пушкинді жоқтау жыры еді.
«…А вы, надменные потомки
Известной подлостью прославленных отцов,
Пятою рабскою поправшие обломки
Игрою счастия обиженных родов!
Вы, жадною толпой стоящие у трона,
Свободы, Гения и Славы палачи!
Таитесь вы под сению закона,
Пред вами суд и правда — всё молчи!..
Но есть и божий суд, наперсники разврата!
Есть грозный суд: он ждет;
Он не доступен звону злата,
И мысли, и дела он знает наперед.
Тогда напрасно вы прибегнете к злословью:
Оно вам не поможет вновь,
И вы не смоете всей вашей черной кровью
Поэта праведную кровь!». Әрине Михаилді бұл өлеңі үшін патшалық ресейдің шонжарлары маңдайынан сипай қоймады. Қуғынға түсті, жер аударылды, қамықты, зарықты, ақырында өзі де дуэлдің құрбанына айналды.
Негізінде шындықтың шырақшысы болу, «ақиқаттың алдаспанын» серт ұстау ақындардың бәрінің маңдайына жазыла бермеген бақыт! Көл-көсір шабыттың айдынына шомылып жүрген бәзбір ақындар елдік, ұлттық мүдде тоғысында, «өткелден өтуге» жүрексініп қалатын кездері көп. Махамбеттің:
«Атадан туған аруақты ер
Жауды көрсе, жапырар
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай.
Жүйрік аттың белгісі
Тұрады құйрық-жалында-ай.
Айтып-айтпай немене,
Халық қозғалса,
Тұра алмайды хан тағында-ай!» деп өршіл рухпен жырлауының мәнісіне терең үңілген адам, ақындықтың миссиясының қаншалықты ауыр екенін сезінер еді. «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек» депті Пушкин жарықтық. Қалай дөп айтқан, ә!
«Адам биік мақсатқа, асыл мұратқа іс жүзіндегі шабытты еңбек арқылы ғана жетпек. Суреткердің шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Сонда өнер өзінің биік мағынасын табады. Өйткені нағыз шалқар шабыт, творчестволық құлшыну мен құштарлық, Станиславский айтқандай, суреткердің өнердегі өзін сүюінен емес, өзіндегі өнерді сүюінен туады» депті академик Зейнолла Қабдолов.
Олай болса Азамат ақынның қоғамдағы күйіп тұрған проблемалардан қалыс қалуы мүмкін бе? Әрине жоқ!
«ҰМЫТПАЙМЫЗ!»
Көп ақшаға кенелу ме, тапқаның,
Елді де сат, жерді де сат, сат бәрін?!.
Күллі жұртың күлге айналып кетсе де,
Көңіл тыныш, киім бүтін, тоқ қарын.
Уай, оң болмас бұл түйелі көш анық,
Нар дегеннің, нәлет атқыр, есі ауық.
Көшегіңе қиын болар, сат бәрін,
Сенің өрең – САУДА деген бес әріп.
Жоқ-ау сенде жеке аласым, жеке өшім,
Көрсет бізге құн мен пұлдың көкесін.
Қазақтығың құны кеткен сөз болды,
Азаттығың?
Оны да сат, әкесін…
Алтыны көп алыптарды сыйлағыш,
Сенің үшін алтын сарай – үй нағыз.
Кейуананың кебе құрғақ көз жасын,
Алтын бедер тостағыңа құй дағы іш.
Отыз жылда мен есейіп ер болдым,
Отыз жылда сен еңкейіп ез болдың.
Жал-құйрығым үкіленіп келгенде,
Мені қандай Қазақстанға кез қылдың?!.
Шындық үшін түрмең дайын — қамарға,
Екі қолға кісен дайын — саларға.
Уызына жарымаған құл-құтан,
Халық десе, іркілмеген обалға.
Қытайға да тартып бердің асымды,
Дүнгенге де жығып бердің басымды.
Ұйғыр аңдып аңқау елді күні-түн,
Ұл-қызыңның берекесін қашырды.
Бұл дүниеде елін сатқан оңбайды,
Бұл дүниеде тілін сатқан оңбайды.
Сенің жаның — шытырлаған көп ақша,
Менің жаным — от боп жанған Қордай-ды.
Кебер болса кенезем,
Көз жасымды шерге қосып және езем.
Сенің жаның — теңізге аққан мұнай ма,
Менің жаным — қан жайылған Жаңаөзен.
Уай, Әділет, тура жолға бастасаң
баста бізді,
Түзеледі көш қашан?..
Мына сайтан ұмытпасын бізді тек,
Біз де оны ұмытпаймыз ешқашан!».
Жалындаған жас жүректен ел мен жерге деген алаңдаушылық – айбынды өлеңге айналып құйылып түсіпті. Талай менмін деген ақын айтуға оқталған, кейбірінің шамасы жетпей тоқтаған, айта алғандар… жоқтаған, келер ұрпақ өзі саралап алатын келелі тақырыптардың бір еді ғой бұл…
Азамат ақын Алтайдың құзар жартасын мекендеген, жауын мен дауылдан ықпаған қылыш қанат мұзбалақ секілді.! Шаңқ еткен дауысы – өлең өлкесіндегі бітімі кесек, кеуделі тастүлек бүркіттен аумайды.
Сөз саптасы ерек, толғамды ойы бөлек ақынға ақжол тілеймін! Өмір деген сынақтар мен сұрақтардан тұрады. Алла Тағала аузыңа жақсы сөз салсын деймін! Тіл мен көзден аман бол, бауырым!
Мандельштам кезінде: «Өлеңдерің біреуге керек болса, олар мұны сақтайды», — деген екен. Ендеше сөз ұғатын қазақ барда сенің де жырың ел жадында сақталары анық.
Сөзімнің соңын Мұқағали атаңның мына сөзімен тәмамдағым келіп отыр: «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай».
ПЫ-СЫ: Азаматпен әлеуметтік желіде доспын. Жүздесіп көрмеппін. Соңғы жазған өлеңдерін әлеуметтік желідегі парақшасынан, «Әдебиет порталынан», « Мәлім. кз» т.б сайттардан алдым.
Нағашыбай Қабылбек журналист,
ҚР Ақпарат саласының үздігі