ТОЛСТОЙДЫҢ ТАҚСІРЕТІ
Рухани бөлектіктен ол тақсірет тартты; қыстағандықтан, зайырлы қоғамның ортасында жүргеннен қиналды; дүниенің түкпір-түкпірінен келіп жатқан жалықтыратын қонақтардан; суқаны сүймейтін америкалықтар мен көрсеқызарлардың келіп-кетуінен; мәжбүрліктен отбасында алып жүруге тура келген салтанатты өмірден де азап шекті. Толстойға барғандардың айтуына қарағанда, ол тым жұпыны сән-салтанатты қанағат тұтқан, үйінде арзанқол жиһаз, темір керует, қабырғалары жалаңаш құйттай бөлмесінде қарапайым орындықтары ғана болған. Алайда мұндай жайлылықтың өзі оны қамықтырып, үнемі ар-азабын тартқызды. «Меркюр де Франста» жарық көрген бір әңгімесінде ол жаны күйіп, үйінің сән-салтанатын жан-жағындағы қайыршылықпен салыстырады.
«Менің қайраткерлігім, – деп жазды ол 1903 жылы, – қалай десең де, кейбір адамдарға пайдалы болып көрінгенімен, уағыздаған дүниемнің негізгі белгілерін орындамағаннан соң, өзінің ең үлкен мағынасын жоғалтып жатыр».
Неліктен ол уағыздағанын орындай алмады? Егер де жақындарын дүниеқұмарлықтан аулақтануға көндіре алмаса, неліктен оларды өзі тастап кетіп, осылайша қуана-қуана оның өмірін мысалға келтіріп, ілімінің дәрменсіздігін дәлелдеуге тырысатын дұшпандарының айыптаулары мен жүзіқаралығына тойтарыс бермеді?!
Әлбетте, Толстой оны да ойлады. Және мұндай шешімді баяғыда қабылдап та қойған еді. Оның 1897 жылдың 8 шілдесінде әйеліне жазған хаты табылып, жарық та көрді. Мен бұл хатты толықтай келтіргенді жөн санадым. Хатта осы бір аса қайғылы және сүйетін жанның құпиясы айрықша көрінген.
«Қымбатты Соня!
Ұзақ уақыттан бері өмірімнің менің діни сеніміммен сәйкеспейтіні жанымды қинап келеді. Балалар әлі кішкентай болғандықтан, оларға деген азғантай ықпалымнан айырылып қалып, сізді өкпелеткім келмегендіктен, өміріңді өзгертуге, өзім үйреткен әдеттерден бас тартуға көндіре алмадым; соңғы 16 жылдағыдай, біресе күресіп және сіздің ашуыңызды келтіріп, біресе бойым үйреніп қалған жан-жағымдағы азғындыққа өзім де салынып қалатын өмірді әрі жалғастырғым келмейді, сондықтан да мен ойыма алған ісімді жасауға бел будым – кетуді… Үнділердің 60 жасында орманға кететініндей, кез келген діндар адамның өмірінің соңғы жылдарын сайқымазақтыққа, жеңіл күлкіге, тенниске емес, құдайға арнағысы келетініндей, жетпіс жасқа аяқ басқан мен де бар күшіммен сондай тыныштықты, толық келісім болмаса да, бірақ тіршілігім діни нанымдарыммен, ар-ұятымен үйлеспейтіндіктен, өмірімді жалғыздықта өткізгенді қалаймын.
Егер де мен мұны ашық жасасам, өтініштер, жазғырулар, даулар, шағымдар болып, мен әлсіреп кетіп, мүмкін, бұл шешімді орындай алмас едім, ал ол орындалуға тиіс. Және сондықтан да менің әрекетім сендердің жандарыңды ауыртса, өз көңілдеріңде, әсіресе сен Соня мені еркіңмен жібергендей болшы, іздемеші мені, мені жоқтап зарламашы, мені жазғырмашы.
Менің сенен кеткенім өзіңе разы болмағанымды білдірмейді. Өзің түсінбейтін дүние үшін құрбандыққа барып, өміріңді өзгерте алмағаныңды және өзгерте алмайтыныңды жақсы білемін. Сондықтан мен сені жазғырмаймын, керісінше, отыз бес жыл бірге өткізген өмірімізді махаббатпен және ризашылықпен еске аламын, әсіресе сенің өзіңе тән аналық батылдығың мен жігерлі және орнықты түрде өз борышыңды атқарған бірінші бөлігін. Маған да, әлемге де керектің бәрін бердің, шексіз аналық махаббат пен жанқиярлықты және ол үшін сені бағаламауға болмайды. Бірақ бірге өткізген өміріміздің соңғы 15 жылында біз түсінесе алмай кеттік. Мен өзімді кінәлідей сезінемін, өйткені басқаша жасай алмаған соң, өзім үшін емес, адамдар үшін өзгергенімді білемін.
Сені де соңымнан ермегеніңе бола жазғырмаймын, қайта, керісінше, маған бергеніңді махаббатпен және ризашылықпен еске алатын боламын.
Қош, аяулы Соня.
Сені сүйетін Лев Толстой».
«Менің сенен кеткенім…» Жоқ, ол кете алмады. Мұңлы хат! Толстойға хатты жазса болды, шешім өздігінен орындалатындай болып көрінеді. Алайда жазып бола салысымен, бүкіл тәуекелін сарқып алды. «Егер де мен мұны ашық жасасам, өтініштер… болып, әлсіреп кетіп…» Бірақ «өтініштер» мен «көндірулердің» қажеттілігі тумады, қас қағым сәттен соң кімдерді тастап кеткісі келетінін сезінудің өзі Толстойға жеткілікті болып, ол қалтасындағы хатты ескі диванның қаптауына мынандай сөздерді жазып тығып қойды: «Егер менің тарапымнан бұл хатқа қатысты арнайы шешім болмаса, мен өлгеннен кейін оны Софья Андреевнаға табыс етіңдер.
Қашуға бел буған оның әрекеті осымен аяқталды.
Толстойдың күші қайда кетті? Өзінің нәзіктігін құдайдың жолына құрбандыққа шалуға күш табылмады ма? Христиан жылнамаларында еш селт етпестен өздерінің де, өзгелердің де құштарлығын аяқ асты еткен жүрегі қатқыл әулиелер кездеседі. Бірақ амал нешік? Толстой олардың санатынан емес-тін. Ол әлсіз болды. Ол адам еді. Сол үшін де біз оны сүйеміз.
Осы бір күндерден он бес жыл бұрын ол жан түршіктіретін күйінішпен өз-өзінен сұрайды:
«Немене, Лев Николаевич, уағыздауын уағыздайсыз, ал қашан орындайсыз?»
Содан соң өзінің тас-талқанын шығарып жауап береді:
«…Мен кінәлімін әрі сұмпайымын және жек көрушілікке лайықпын… Менің бұрынғы және қазіргі өміріме қараңдаршы, сендер менің орындағым келіп жүргенін көресіңдер. Мен оның мыңнан бір бөлігін де орындамадым, бұл шындық, оған кінәлімін, бірақ мен оны орындағым келмегендіктен емес, қалай орындалатынын білмегендіктен жасай алмадым… Басқа жолмен келе жатқаным үшін жазғыра беріңдер мені… Егер де мен үйге апаратын жолды біліп, мас болып, шатқаяқтап келе жатсам, сол үшін келе жатқан жолым дұрыс болмай қала ма? Егер дұрыс болмаса – маған басқасын көрсетіңдерші, егер мен шатасып, шатқаяқтасам, менің сендерді қолдауға әзір екенімдей мені нағыз жолға салып жіберіңдер, адассам қуанып: «Міне ол! Үйге келе жатырмын дейді, ал өзі батпаққа батып барады», – деп айқайламаңдар. Оған қуанбаңдаршы, көмектесіңдерші маған, қолдаңдаршы мені…
Көмектесіңдерші, баршамыздың адасқанымызды ойласам, жүрегім қан жылайды және бар күшімді салып арпалысқанымда өздеріңді де, мені де аяудың орнына сендер «қараңдаршы бізбен бірге батпаққа батып барады» деп қуана-қуана айқайлайсыңдар.
Өлерінің алдында ол тағы осыған ұқсас сөздерді қайталайды:
«Мен әулие емеспін және еш уақытта да өзімді ондай санамағанмын, қайта, керісінше, мен көрсеқызар және кейде тіпті бар уақытта ойлағаным мен сезінгенімді айтқым келмегендіктен емес, айта алмағандықтан, қателескендіктен өсіріп сөйлейтін адаммын. Бұл сөз жүзінде. Ал әрекеттерім одан да сорақы. Мен өте әлсіз, ақиқаттың құдайына қызмет еткісі келгенімен, ылғи да адасатын кембағалдығы көп адаммын. Жұрттың бәрі маған қателеспейтін адамға қарағандай назар аударғанда, менің қателіктерімнің бәрі не өтірікке немесе екіжүзділікке айналады. Сонда ғана мен адамдарға кім екенімді, – оңбаған, бірақ бар жан-тәнімен жақсы, яғни құдайдың құлы болғысы келетінімді айтамын».
Иә, осылайша ол қалып қойды және ар-ұятының азабын шегіп және оның әлсіздігі мен батылсыздығымен салыстырғанда, одан гөрі жігерлі, бірақ адамгершілігі аздау шәкірттерінің үнсіз жазғыруларына төзіп өмір сүре берді. Сонымен ол туыстары мен құдайға деген махаббаттың қайсысын таңдарын білмей, күндердің күнінде үмітсіздіктің, мүмкін, тіпті өлімнің таяп қалғанын сезген елестің шалығымен үйінен үлкен жолға қашып шығып, біресе монастырьдан пана іздеп, енді біресе ешқандай мақсатыз басы ауған жаққа сандалғанға шейін тыныштық таппады.
Ол жолда сырқаттанып, көпшілікке белгісіз жерде жатып қалды. Қайтып оянбады . Өлерінің алдында да өзін емес, байғұс адамдардың қамын ойлап жылады, еңіреп, зарлады: «Тек бір затты есте сақтауларыңа кеңес беремін: дүниеде Лев Толстойдан да адамдардың құрдымы бар, ал сендер тек жалғыз ғана Левқа қарайсыңдар».
Міне, оның да сағаты соқты – жексенбіде, 20 қараша 1910 жылы, таңғы сағат жетіде – бәрінен де құтқарушы, өз сөзімен айтқанда, «өлім, жарылқаушы өлім» Толстойды құшағына алды.