«Томирис»
«Томирис» турасында.
Қазақ тарихы өнер арқылы 26 ғасырға тереңдеді.
Режиссуралық шешімдер мен технология жетік.
Массовка бұрын-соңды болмаған деңгейде.
Қазақ актерлері толық қамтылған таза қазақы өнер туындысы.
Кадрлар барынша қарқынды, динамикасы жоғары.Соғыс пен шайқас мәселесі барынша меңгерілген, игерілген. Алайда кәзір кадрдағы шайқас көрінісі трендтен түсіп бара жатқанын да байқайық.
Сценарий жағынан сұрақтар көп, құранды сюжеттер мен қыйыспайтын әрі солғын жайттар баршылық. Дах тайпасының көсемі өзінің мұрагерін Томирге ертіп күшіккүйеу қылып жіберіп, артынан бәйбішесімен екеуі ұлының өліміне мүсәпірсіп келуі далалық мінез бен мәдениетке, философияға, танымға мүлдем жат дүниелер. Сценарий кәсіпқойлық деңгейге жатпайды. Оған дәйекті келтіре беру пост ауқымынан тыс.
Бас кейіпкер бас актрисаның ойынпаздығынан емес, Томиристің тарихи кейпінің есебінен мықтырақ. Жалпы фильмде жарқын рөл жоқтың қасы, оған себеп сценарий ресурсының осалдығынан. Сыпырағаптың тұлғасы ойда қалыңқырайтыны рас. Актер тұлғасынан болар. Кинодан кейін санаңда жаңғырған сом тұлғалы кейіпкер қалмайды. Өйткені, оларды сомдауға итермелейтін сюжеттердің шынайы еместігінен.
Даланың сол кезге тән төлтума философиясы мен ұлылығы көрініс таппаған және аттылы әлемді жабайы етіп көрсету көзге түседі. Аттылы мәдениет пен өркениеттің өзіндік үлгісі жоқ. Жағалай сүреңсіз палаткалар мен қамыстан жабыла салған жаппалар… Сонда бүгінгі орда үйлерді кешегі қазақтар ғана ойлап тапты ма? Бай қызға тән төгіліп, аттың үстін жауып кететін желбегей қайда? Қыздың өз отауы қайда? Тайпаны қазақ бүгін ғана «ел» атаған жоқ. Сол елдің келбеті қайда? Томирис пен Арғұнның бір біріне ынтық болу сәті де далаға тән сезім емес. Америкалық желік болып кетіпті. Ғашықтар уақыт таппай, соғысып жүріп бір біріне сөз айтып жүр.
Сценарийдегі жаттанды сөз тіркестерінің жиі қайталануы жүйкеге тиеді: «мәнә-сәнә» … Жалаң.Жадағай.Қарабайыр. Адамзаттың тайпалық дәуірі этноқұндылықтың берік кезеңі. Этномәдениет сол кезеңде қалыптасады. Бұлардың барлығы зерттелмеген, ермек етіп жазыла салған.
Бірақ ауқым мен көлем жағынан мақтауға тұрарлық. Бұл — форма ғана.