Топыраққа таласқанды қоймадық-ау!..

«Өмір бар жерде өлім бар. Өлімнен Пайғамбар да құтыла алмаған» дейді үлкендер. Қайтыс болған адамды шариғат жолымен соңғы сапарға шығарып салу үлкен парыз, тірілердің өлген кісіге арнаған соңғы қызметі. Марқұмды жерлегенде топырақ салу арқылы  адамдар өлген кісіге ниеті ақ, пиғылы таза екенін, аруаққа, ризалығын, қоштасудың белгісін білдіреді. Жасы жеткен үлкендер: «Бала-шағамнан, жақын- жұрағатымнан, туған жерімнен топырақ бұйырсын» деп тілейді. «Топырағың торқа болсын» деген тілек жер қойнына берілген марқұмға  арналады.

Қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі ежелден қалыптасқан, шариғат ережелеріне сай өтетінін көріп жүрміз. Алайда, сондай сәттерде орын алатын келеңсіз көріністерге де куә болып қаламыз. Ол қандай келеңсіз жағдайлар? Өлген адамға топырақ салғанда жергілікті имамдар: «Топырақты, керекті табанмен баспаңдар, бейіт басында бейбастақ сөз айтпаңдар» деп ескеріп-ақ жатады. Дін өкілінің осындай ескертпе ережелерін неге екені белгісіз сақтай бермейміз. Ойымыздан шығып кетеді. Қабір қазғанда жерден шыққан жаңа топырақты таптап, төбесіне қаптап алатынымыз бар.

Тағы бір өрескел кемшілігіміз топырақ саларда жүздеген адам қабірге бірден лап беріп, бірдемеден пендешілікпен құр қалатындай таласып тартысып қаламыз. Қолы жетіп,  2-3 күрек топырақ салғандар енді топырлаған топтың арасынан жол тауып, кері шыға алмай қиналады. Біреудің аяғын біреу басады. Жаға жыртылмаса да, түйме үзіледі. Айналдырған төрт күрекке жүз шақты адамның бір сәтте таласқанын көзіңізге елестетіп көріңізші. Сұмдық қой. Бейіт басында күрекке таласып, бет жыртыспаса да жүз шайысып қалағандарды да талай рет байқап жүрміз. Көрсек те үндемейміз, іштен тынамыз. Ондай жерде кім — кімге ақыл айтқандай…

Өткенде бір қадірлі кісіні жерлеу рәсіміне барғанда тура осындай көзге қораш, салтқа сай емес көрініс тағы қайталанды. Жаман әдет сүйекке сіңіп кеткен бе дерсің. Соны көріп тұрған бір ақсақал: «Ей, жалған дүние- ай, топыраққа таласқан деген осы ғой» деп салды. Енді қайтсін, ішке сыймаған соң, күйінгеннен айтады ғой.

Тағы да көргенімізді айтайық.

Былтыр Зайсан ауданының бір ауылында кісі жерлеу рәсіміне қатыстық, қадірлі құдамызға топырақ салдық. Бір таңғаларлығы ол жақта біздегідей емес, бейіт басындағы тәртіп, реттілік мүлде басқа. Топырақ салуға келген көпшілік қабір төңірегінен бес он қадам ауаша, тәртіп сақтап тұр. Біреудің аяғын біреу басып, күрекке таласып жатқан ешкім жоқ. Дүние сөзін сөйлеп, даурығып та жатқан ешкім байқалмайды. Топырақ салып болған адам күрегін жерге тастайды, шетке қарай жайымен шыға береді,  келесі адам ақырындап келіп күректі алады. Талас жоқ, тартыс жоқ. Адамгершілік, имандылық, сыйластық, марқұмға, оның артында қалған туған туыстарына деген құрмет сонда тұр. Соны көріп, зайсандықтарға риза боласың. Шіркін-ай, осындай тәртіп біздің Ақсуатта,  біздің ғана емес, барлық жерде қалыптасса игі еді деп ойлайсың. Несі бар, қалыптасатын шығар деп сенгің келеді. Әйтпесе біздің жерлестеріміз сол Зайсан жаққа бармады, ондағы кісі жерлеу реттілігін көрмеді дейсің бе?.. Бәрі де өзімізге байланысты дүние ғой…

 

                                                                                       Хамза Сәтиев,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы