Төрағаның төрт хаты

Бүгінгі министрлер мен төрағалардың көбі өз саласында болып жатқан келеңсіз оқиғаларды барынша жабуға тырысады. Әйтпесе, қай министр осы уақытқа дейін «Менің саламда мынадай былықтар болып жатыр» деп халыққа ашық мәлімдеді? Кеше­гі Денис Теннің өлімі кезінде де Ішкі істер министрі «Мен ешкімге ақталмаймын» дегендей кеудесін керді емес пе?!

«Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл ретте кешегі Бас прокурор, бүгінде Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов­тың орны бөлек. Қолшоқпарға айналған судьяларын сынаған да, жазықсыз түрмеге тоғытыл­ғандар мәселесін көтерген де, ақтау үкімдері жоқтың қасы екендігін айтқан да өзі. Ең алғаш әріптес­теріне жазбаша хат жазып, үндеу жария­лаған да өзі. Жақып Асанов төраға қызметіне келгелі отандық сот жүйесіне қатысты жеті рет үндеу жариялапты. Осылайша, қатып қалған салаға хат жазу тәжірибесін алғаш рет енгізді. Ендеше, төрағаның таңдау­лы деген төрт хатына назар аударғымыз келді.

Бірінші:
Адвокат, саған айтам, прокурор, сен тыңда!
Өткен жылдың желтоқсан айында Жақып Асанов қа­зақ­­стандық адвокаттар мен про­ку­рорларға алғаш рет үндеу жария­лады. Оларға бізді бірік­тіретін сот ғимараты емес, кері­сінше, адам тағдыры, өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін еске салды. «Осы құндылықтарды қорғау – біздің күнделікті міндетіміз. Сотқа келген әрбір адамның тағдырына тікелей қатыстымыз. Көп нәрсе біздің біліктілігімізге, жауапкершілігімізге, адамгершілігімізге байланысты. Бізге келген адамдар ауруына ем іздеген науқас сияқты үміт арқалап келеді. Дертінен жазылған адам қалай қуанышты болса, соттан әділдік тапқан жұрт та солай риза болады. Бұл, сөзсіз, мемлекеттік билікке сенімді арттырады» делінген үндеуде. Одан әрі Жақып Асанов сот жүйесін жақсарту үшін қызметкерлерден ұсыныс күтетінін мәлімдеген. «Соттардың, судьялардың, процеске қатысушылардың жұмысын жақсарту үшін тағы не істей аламыз? Пікірлеріңізді білдірсеңіздер. Ол көп уақытты талап ететін жүйелі проблема немесе тез арада жөнге келтіруге болатын нақты сұрақ болуы мүмкін. Тек бір өтініш – ұсыныс­тар қысқа әрі нұсқа болса. Сонда оны түсіну де оңай болады. Мәселенің мәнісі, негіздемесі және шешу жолы жеңіл, қарапайым тілмен жазылса. Маңыз­ды деген ұсыныстар назардан тыс қалмайды» дейді хатының соңында.
Мұнымен не айтқымыз келді дейсіз? Жақып Асанов тұтас ұжымның мәдениетін қалып­тас­тыра бастады. Жеке блогы өз алдына, әріптестерінің әрқай­сысының поштасына хат жолдау арқылы кері байланыстың тиімділігін ұқты. Ашық диалог­қа шақырған хатына жауап ретінде Жоғарғы Сотқа мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Нәтижесінде «Сот төрелігінің жеті түйі­ні» атты бағдарлама әзірленіп, кейіннен көпшілікке таныстырылғаны мәлім.

Екінші:
Бітімге келмей дау бітпес

Елімізде екі миллиондай адамның соттың әуресімен жүргені белгілі. Қоғамда азаматтық істер соңғы бес жылда екі есеге көбейіп кеткені сонша, жүктемесі төрт есеге артқан судьялар қағаздың астына көмілді. Бұл мәселені қалай шешкен жөн? Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың келесі хаты дау алаңындағы бітімгершілік мәселесіне арналды.
«Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып шешкіміз келеді. Ал даудың барлы­ғын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағат­тандыра алмайды. Оның үстіне, істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, отбасында­ғы, ағайын-бауыр, дос­тар, көр­ші­лер арасындағы талас­ты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Сіз сотқа арыз бердіңіз делік. Әрі қарай не болмақ?» деп бастайды өз үндеуінде. Шынында, не болатынын ойладыңыз ба? Төрағаның пі­кірінше, біріншіден, істің қара­луы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша, әдетте, бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы Сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Екіншіден, үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгерді жалдайсыз, жолға шашыласыз. Үшіншіден, осыншама кезеңдерден өтсеңіз де, дау Сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ. Сондықтан ең дұрысы татуласу, бітімге, бір мәмілеге келу екенін алға тартады. Өзіміздің аталарымыз да кезінде барлығын бейбіт жолмен шешіп келген. Төраға келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы соттарда 1,25 млн іс қаралса, 2017 жылы – 2,6 млн, яғни екі еседен асқан. Әр судьяның өндірісінде бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар бар. Мұндай жағдайда кімнен, қандай сапа күтеміз? Хатының соңында Жоғарғы Сот төрағасы сотқа де­йін татуласу және сотта татуласу бойынша мәселенің мән-жайын түсіндіре келе, «Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі» деп тоқ етерін айтады.

Үшінші:
Бізге керегі – «Мінсіз судья»
Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов 9 шілде күні кезекті үндеуін әділдіктің эталонына айналған судьяларға арнады.
«Судьялық қызметке ең лайық­тылар мен дайындығы мықты үміткерлер ғана келуі тиіс. Ол үшін күрделі және ең бастысы ашық конкурс қажет. Жоғарғы Соттың бірінші басым бағдарламасы «Мінсіз судья» деп аталуы да сондықтан. Біз судьяларды іріктеу мен олардың карьералық өсу жүйесін жетілдірудің кешенді шараларын пысықтау­дамыз. Бұл жұ­мыс Жоғарғы Сот Кеңесімен бірге жүр­гізілуде» дейді ол. Оның айтуынша, бү­гінде Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы – сот жүйесінің нақты сұраныс­тарын ескеретін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Ал оны бітіргендердің бірқатар артықшылығы, оқу барысындағы мысалдар мен практикалық машық туралы нақты түсіндіріп кетеді.

Төртінші:
Ар алдында тазасыз ба?
Төрағаның 13 тамыз күнгі жарияланған кезекті үндеуі судья­лардың кәсіби және жеке жауапкершілігіне арналды. Ә дегеннен әр судьяның Президент алдында, қоғам алдында, жақындары мен туыс­тары алдында ары таза, беделі кіршіксіз болуы керектігін ескертеді. Кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда «Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын» дегенді тым болмаса бір рет іштей қайталау­ға шақырады.
Көзі ашық, көкірегі ояу адам­ға бұдан артық түсіндірудің де қажеті жоқтай көрінді біз­ге. Сондай-ақ, Жақып Асанов соңғы кездері әлеуметтік желі­де өзіне қатысты айтылып жатқан пікірлермен де санасатынын жеткізген.
Соған қарамастан, соттың заңсыз шешімдерінен зардап шеккен, жеке қабылдауына кіре алмай жүрген, жекелеген судьялар мен жалпы жүйенің кемшіліктерін ашып көрсетіп жүргендер – мұның бәрі жұмысына берілген шынайы баға екенін ашық мо­йындайды.
Өткен жылдың өзінде судьялардың қатысуымен 1,8 млн 800 мың іс қаралған екен. Әрбір судья орта есеппен 7 қорытынды шешім қабылдайды. Әрине, бұл – жауапкершілігі ауыр жүк. Әсіресе, мегаполис қалаларда бір судья айына 300-ге жуық іс қарайды.
«Әрбір судья шешімді өзі қабылдайды. Басқа судья, не жергілікті соттың төрағасы, не Жоғарғы Соттың төрағасы араласуға, оған нұсқау беруге құқы жоқ. Сот төрелігін іске асырған кезінде әрбір судья тәуелсіз, тек заң мен ішкі нанымға, ар-ожданға бағынады» дей келе, судьяларды жауапкершілікке тарту, оларды жазалау, үміткерлерді іріктеу жүйесіндегі кемшілік, саладағы «кездейсоқ» кадрлар жөнінде біраз ойларын ортаға салады.
Жақып Асанов аталмыш хатта өткен айда вакансия болса да, бірде-бір судья қабылданбағанын айтады. Осылайша, іріктеу жүйесінде түбегейлі өзгеріс болатынын байқатты. Ең бастысы, алдағы қыркүйек айынан бастап заңды таптаған әрбір судьяның аты-жөні көпшілік алдында аталатын болды. Әрине, мұндай қадамға бару өзіне ауыр екенін, дегенмен сот төрелігінің мүддесі үшін баратынын мәлімдеді.
Не десек те, Жақып Қажыманұлы сотқа деген сенімді қалыптастыру мақсатында тек қана судьяларды емес, қоғамның барлық мүшелерін белсенді болуға шақырады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Заңды белшеден басқан бір заңгердің ісі бірнеше жанның тағдырын талқандауы мүмкін. Сот төрағасы шырылдап қанша хат, қанша үндеу жазса да, әділдіктің салтанат құратынына әр адам өзі жауапты екенін ұмытпау керек.