ТОРАЙҒЫРОВ УНИВЕРСИТЕТІ ГИДТЕР КОМАНДАСЫН ДАЯРЛАП, КЕРЕК-ЖАРАҚТАРМЕН ҚАМТЫДЫ
2020 жылдың жазғы кезеңінде Баянауыл демалыс аймағында туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. Бұл орталықта тынығушыларға қажетті ақпарат беріледі. Қайда демалған жөн?
Қандай көрікті жерлерге барған дұрыс? Салт атпен қайда жүруге болады? Медициналық пункт пен полиция бөлімшесі қай жерде орналасқан?
Бар ақпаратты төрт ақпараттық орталықтың бірінде беріледі. Олар Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің маңында, сонымен қатар, Қоңыр Әулие үңгірінде орналаспақ.
Туристік ақпараттық орталықта Торайғыров университетінің студенттері жұмыс істейді. Туризм, география, биология, тарих және аударма ісі салаларының болашақ мамандары қазіргі уақытта экскурсиялық шеберліктерін шыңдауда.
Баянауыл мемлекеттік табиғи паркінің ерекшеліктері мен көрікті жерлері туралы мағлұмат жинап, демалушыларға жеткізуге асық. Дайындық курстарын «География және туризм» кафедрасының оқытушылары жүргізеді.