ТОРАЙҒЫРОВ УНИВЕРСИТЕТІ ӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗДІ

Торайғыров университеті пандемиядан сабақ алды. Енді 47 қызметкер оқу орнына келмей-ақ жұмыс істейтін болды. Сонымен қатар, университеттің әр қызметкері жетекшісімен келісе отырып, аптасына бір күн үйінен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.

Білім беру ошағының программистері қашықтықтағы жұмыс орнының мүмкіндігін алғашқылардың бірі болып бағалады.

«Менің мамандығым үздіксіз даму мен білім алуды талап етеді. Бұған дейін ыңғайлы жұмыс жоспарын құра алмайтын едім. Енді оқу мен жұмысымды тиімді ұштастыратын болдым. Демалуға да мүмкіндік бар», — дейді Торайғыров университеті IT-HUB маманы Айтым Рамазанов.

Заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану қауіпті вирустың таралуын азайтып, жұмыс барысындағы операциялық шығындарды да үнемдей алады. Негізгі оқу үрдістері қайта қаралып, дәстүрлі және қашықтықтан оқыту формалары өзара үйлесім тапты.

Алдағы жылы күндізгі білім беру бағдарламаларының барлығында қашықтықтан оқыту технологияларының элементтері қолданылады.

Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу орындарына құжат айналымын барынша азайтып, ішкі процедураларды оңтайландыруды тапсырған еді.

«Пандемия салдарынан білім беру жүйесі өзгереді. Біз тұрақтылығы жоқ әрі күрделі жағдайда өмір сүруге мәжбүрміз. Білім беру жүйесі әлемдегі жағдайға бейімделе білу керек», – дейді білім беру министрі Асхат Айтмағамбетов.

Сақтық шараларын күшейту мақсатында оқу орнының бас корпусындағы алты кіреберіс дезинфекциялық дәліздер және дене температурасын байланыссыз тексеру жүйесімен жабдықталды. Корпустардың барлығында қызметкерлер мен студенттер қозғалысының оң жақты қозғалыс принципі бойынша ұйымдастырылды. Кіреберістердің барлығы қосымша санитайзерлермен қамтылды. Кітапханалар үшін кітаптарды зарарсыздандыру аппараты сатып алынып, адам көп жиналатын жерлерге ауаны қайта айналдыру құралдары орнатылады. Қауіпсіздік шаралары асханалар мен буфеттерде қолға алынған.