Төреғалидің жерлесі әншіге ескерту жасады

Атышулы әнші Төреғали Төреәлінің Павлодар сахнасындағы әрекетіне күйінген тыңдарман жерлесін ескерту жасады. Ол видеоүндеуінде Төреғали Шиеліге келетін болса, оған жұмыртқа лақтырып, қорлап жіберетіндерін жеткізді. Аталған видео YouTube желісінде жарияланды. Төреғалиға видео-сәлемдеме жолдаған жігіт әлгі бейнетаспада:

«Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғынымын. Төреғалидың жерлесімін. Онда ол:

«Төреғали бауырым, ондай сөзді айтудың қажеті жоқ еді. Үлкен кісіге олай айқайлаудың керегі жоқ. «Еріккен…» деген тіркестің өзін мен ары қарай аяқтай алмаймын. Сен де тәрбие көрген, оңтүстік өңір — Қызылорданың баласысың. Оңтүстіктің балалары қалай үлкенді сыйлайтынын білесің. Ондай әңгіме айтпай-ақ қой, бауырым. Егер ондай әңгіме айтып, Шиелі ауданына келетін болсаң, біз сені дұрыс қарсы алмаймыз, сенің концертің былай тұрсын, кезіндегі депутатқа жұмыртқа лақтырғандай лақтырып, қорлап жібереміз. Ол – ақиқат»,— деп ескерту жасаймын депті.

Естеріңізде болса, Төреғали Төреәлі Павлодарда өткен ән кешінде өзіне қатаң ескерту жасаған қарияны залдан қуып шыққан еді. Осы оқиғадан кейін халық әншіге жаппай наразылық көрсетіп, Төреғали тікелей эфирде қазақстандықтардан кешірім сұраған болатын. Бірақ, мұндай әдепсіздікке барған әншіге жерлестері қарадай ашынып отырғанда, былайғы жұрт кешірім жасай қояр ма екен?