Төрге шық, Алты Алаштың төл жаңа жылы!
Наурыз тілегі
Біреуім екеу болып, мал қосылды,
Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды.
Ызғарлы, қыс-зымыстан, суық кетіп,
Аспаннан күн күлімдеп, шырай [қонды] енді.
Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,
Сай-сала күрілдесіп, суға толар!
Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,
Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.
Жаз исі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын
Жаңа жыл – бүгінгі күн – жаздың алды.
– Қатын тұр, көжеңді ішіп, асыңды сал!
Келейін түске шейін мен жайып мал!
Жаңа жыл – шілде күні – өмір басы,
Тойынсын бүгінгі күн жас балалар!
Бас қосқан: шалдар, жастар бөлек-бөлек,
Қамдаған үй қожасы мейрамды елеп.
Шараны шайқалдырып алып салды
Шалдардан енді бұған бата керек!
– Ақсақал, «илай-аумин» – батаңды бер,
Көгерсін көкірегінде ең кіші ел!
Бір малын келер жылға екеу қылып,
Кәсіпке жұмылмаған қалмасын ер!
Береке күннен-күнге таса берсін,
Кедейдің үстемдігі аса берсін!
Құдайдың не бергені қайырлы боп,
Ел өрлеп ілгері аяқ баса берсін!
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Наурызда құт-береке әкелсін, елім, жерім нұрға бөленсін, Аллам зор жетістіктерге жетуді нәсіп етсін!
Өздеріңіз білесіздер, биыл қасиетті Рамазан айы мен Наурыз айлары қатар келді. Қазақ ырымшыл халық қой. Мұны жақсылыққа жорып жатырмыз. Қазағымыз бұған дейін қаншама азап пен тозақты бастан кешті десеңші! Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Тәуелсіздігіміз келді» деп риясыз көңілмен қуанған қалың бұқараның қуанышы ұзаққа бармай, бар байлығымыз жемқорлардың жемсауына кеткенін қалай ғана айтпассың. Алдау, арбау, жағымпаздық, азғындық елімізді жайлады. Биыл туғанына 180 жыл болып жатқан Абай бабамыздың «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол!» деген хақлиясын ескермедік.
Ел Президенті ескі Қазақстанды күйретіп, Жаңа Қазақстан құрып, Әділетті Қазақстан орнатамыз деп бастама көтерді. Жақсы бастама! Ел қуанды, алға зор үмітпен қарап отыр. Парламентіміз қайта жасақталып, ойларын батыл айта білетін сен тұр, мен айтамын деген мықтылар келді. Шындық айтылып жатыр. Сең бұзылып жатыр. Иә, сең бұзылып, көгілдір көктемдегідей өзендер бұрқ-сарқ қайнап, тасып, көбіктеніп тазаратын кез келді. Халық көбігі кеткен мөлдір, таза өмірді аңсайды. Өткен жылы Президентіміз қабылдағанда «Әділетті Қазақстанды құруда ештеңеден қорықпаңыз. Біз сізбен біргеміз!» деп айтқаным есімде. Шынында да халық әділеттілік, ақиқат жолында сізбен бірге, аса қадірлі Президент мырза!
Әз-Наурыз келгенде шынында да халқымыздың еңселері көтеріліп, рухтанып, үкілі үміті оянып, бір серпіліп қалады. Шуағын төккен күн-ананың мейіріміне бөленіп, ізгі тілектерін шашудай шашып алғы күндерге нық қадам басуға тырысады.
Негізі біздің қазақ мерекешіл, тойшыл халық. Көңілдері кең-байтақ жеріндей жомарт та қонақжай. Талай төнген апаттардан, тозақтардан халқымызды аман алып шыққан осы аста-төк кең пейілі ғой деп ойлаймын.
Ұлу жылы Тарих бабаның қойнауына кетіп, сусып Жылан жылы келді. Түсі суық болғанмен, еліміз жылан жылын үнемі жақсылыққа балайды. Өткенге үңілсең, шынында да солай. Биыл да жылан жылы әлемге, елімізге құт-береке әкеліп, тыныштық заман болады деп ырымдап отырмыз. Ылайым, солай болғай! Осы жерде бір айтып кететін жайт ресми жаңа жыл келгенде базбіреулер «Жылан жылы келді!» деп атой салды. Бұл дұрыс емес. Ресми сан ғана ауысқанын еске сақтаңыз. Біздің бабаларымыз ғасырдан-ғасырларға тойлап келе жатқан төл жаңа жылымыз – Жылан жылы енді басталды. Біздің газетіміздің шекесінде жазылып тұрған Ұлу жылының орнына енді ғана Жылан жылы келіп қонжияды.
Иә, халайық! Биыл қол ұстасып келіп жатқан Рамазан мен Наурыз айлары құтты болсын! Елімізге, жерімізге құт, береке, кө-өп жақсылықтар келсін, амандық-есендік болсын, жұмыр жерімізді тыныштық әлдилесін! Мыңдаған оқырмандарымызды ұжым атынан шын жүректен құттықтаушы – Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ