Төс тартқанда қандай тілек айтылады?
Үйлену, құда түсу, құда күту жосын-жоралғыда құдаға, кей жерде күйеу балаға төс тарту кәдесі орындалып жатады.
Дәстүрлі ортада шығыс және солтүстік өңірдегі қазақтар арасында құдаларға құйрық-бауыр тартпас бұрын төстік берілетін де салт бар. Сондай-ақ қазақ жерінің оңтүстік өңірлерінде құдаларға арналып сойылған қойдың төстігін алдын ала сыпырып алып, темір істікпен отқа қақтап пісіреді де, табаққа турап әкеліп тартады. Бұл құдалар алдымен майлы жерден ауыз тисін деп береке-молшылыққа ырымдаудан шықса керек. Сонымен, төс түйістіріп, құда болыстық деген түсінік тұрғысынан қарағанда төс тартылуы жақын туыс болғандығын білдіретін символдық мәнге ие салт екенін көруге болады.
Бұрынғы қазақтар қалыңмалдың мөлшері белгіленіп, біраз бөлігі берілген соң күйеу баланың қалыңдық ауылына ұрын келуіне, ұрын жүруіне рұқсат берілген.
Қыз жеңгелері күйеу жігітке негізгі кәделі мүшесі – төс бастаған басқадай ет қосымшалары салынған табақ тартады. Күйеу табаққа төс салар кәдесін салып, оны қыз жеңгелері алады.
Дәстүрлі ортада келін түскеннен соң күйеуінің туыстары келінге үйлерін көрсету үшін кезекпен шақырады. Осы кезде де есік көруге келген келіннің табағына асықты жілік, ұлтабар сияқты кәделі мүшелермен бірге, міндетті түрде төс және басқа қосымша ет мүшелері салынады. Бұл аталған жиында тартылған табаққа үлкен бата бергенде төмендегі жолдар айтылады:
Мына берген жілігің,
Аман болсын ілігің.
Мына берген төсің,
Бақ-дəулетің өссін.
Мына берген омыртқа,
Жамандыққа жолықпа.
Төстің ұшындағы сүріншек деп аталатын бір буын сүйекті опырып алып үйде отырған, дастарқан басындағылардың ішіндегі жасы үлкен әйелге беру салты бар.
Қ. Слямбек
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/74037/