Төтенше жағдай зардаптарын жою аяқталып келеді
Сарысу ауданында жыл басында орын алған төтенше жағдай салдарынан аудан бойынша үлкенді-кішілі 1067 нысан зақымданған. Бүгінде аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің басшылығымен орынбасарлары өздері жетекшілік жасайтын салалардағы бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына жауапты ретінде бекітіліп, жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуын қадағалауда.
Зақымданған нысандар ішінде көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, қоражай, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар, спорт алаңшалары, көше жарықшамдары мен электр бағаналары, жасанды жол кедергілері, жол белгілері, бағдаршам мен бейнебақылау камералары, қоқыс төгетін алаңшалар, қоршаулар мен кіреберіс қақпалар және көрнекі үгіт-насихат құралдары орналасқан бильбордтар бар.
Электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарына 146 адамнан құралған 21 бригада, 35 техника жұмылдырылып, Жаңатас қаласы мен 25 елді мекен жарығы қалпына келтірілді. Жаңатас қаласының жылыту, ауыз су, кәріз жүйелері қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. 25 қаңтар күнгі мәлімет бойынша барлығы 1056 нысан қалпына келтірілген. Атап айтқанда, әкімдіктің, меншік иелерінің, демеушілер мен еріктілердің күшімен 95, аудандық бюджеттен 151, облыстық бюджет есебінен 417 нысан және 523 электр бағаналары қалыпқа келтірілген.
Қалған 11 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде 2 көпқабатты тұрғын үй, 1 әлеуметтік нысан, 8 спорт алаңшасы бар. Дауыл салдарынан қатты бүлінген Жаңатас қаласындағы 7 нысанға күрделі жөндеу-құрылыс жұмыстары басталған. Қазір 3 нысанның жөндеу жұмыстары ғана қалды, 70-80 пайыз жұмыс атқарылған. Барлық нысандардағы құрылыс жұмыстарына қажетті жұмысшылар тартылып, техникалармен қамтамасыз етілген.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы аудандық бөлімшесінің зақымдалған 385 абонентінің 284-і іске қосылды. Бұдан бөлек, 16 көпқабатты тұрғын үйдің түрлі деңгейде бүлінген шатырлары жөнделді. Жеке секторларда зардап шеккен үйлерге құрылыс материалдары таратылып берілген. Дауылдан кейінгі тазалық жұмыстарына барлығы 156 адам, 20 техника жұмылдырылып, 198 тонна түрлі қоқыстар шығарылып, 68 километр жол қардан тазаланған.
Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы