ТОЗҒАН ЖЕЛІЛЕР ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков және Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайхан баспасөз мәслихатын өткізді.

Руслан Орынбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес желілердің тозуын кезең-кезеңімен кем дегенде 15 пайызға азайту мақсатында облыстағы монополияларды реттеу департаментімен бірлесе атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.
– «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес кәсіпорындардағы қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысына өзгерістер енгізілді. Осыған орай облыс бойынша бірқатар кәсіпорынның жалақысын өңірдегі экономикалық қызмет түрлері және орташа айлық жалақысына теңестіру бойынша есептеулер жүргізілді. Бұл ретте көрсетілетін қызмет түрлеріне кәсіпорын мен тұтынушылардың қызығушылықтары екіжақты ескерілді.
Нәтижесінде «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамы бюджет есебінен 723,2 миллион теңгеге РК-4 қазандығына 2 дана су жылытқыш қазандығын орната отырып, желілердің тозу деңгейін 10 пайызға төмендету жоспарланды.
Сондай-ақ қолданыстағы тарифі 1 Гкал үшін 7 436,2 теңгеге немесе 22 пайызға көтеру күтілуде, – деді ол.
«ТаразТрансЭнерго» мемлекеттік кәсіпорнының тарифі бюджет есебінен 859 миллион теңге жұмсап, Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту арқылы желілердің тозу деңгейін 2 пайызға төмендету жоспарланған. Сондай-ақ қолданыстағы тарифті 1 Гкал үшін 2 181 теңгеге немесе 1 пайызға көтеру көзделіпті.
«Жамбыл-Су» мекемесі өз қаражаты есебінен 21 миллион теңгеге 2 жоба әзірлей отырып, 479,7 миллион теңгеге Тараз қаласындағы су желілеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы тозу деңгейін 0,5 пайызға төмендетуді жоспарлапты.
Бүгінде аталған 3 кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларына түзету енгізіліп, қайта бекітілген екен. Ал «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінімі қарастырылып жатыр.
Алмат Абдрайхан БАҚ өкілдеріне «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшу тақырыбын түсіндіріп берді.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. «Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған бірқатар міндеттемелердің орындалу барысын әңгімеледі.
– Аталмыш Жолдауда айтылғандай, мемлекет пен қоғамның барлық салаларын қайта іске қосуды қамтамасыз ету, оның ішінде жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер белгіленген болатын. Оның ішінде ең негізгісі – әлеуметтік-экономикалық реформалар. Табиғи монополиялар саласын реттеудің мүлдем жаңа тұжырымдамасы – «Тарифті инвестицияға айырбастау». Осы реформаның бір бөлігі ретінде меншік иелерінің есебінен салаға құятын инвестицияны ұлғайту көзделген. Табиғи монополиялар және әлеуметтік маңызы бар нарық саласындағы қызметкерлердің жалақысының деңгейін арттыру, табиғи монополиялар саласына озық инновацияларды енгізуді ынталандыру арқылы одан әрі реттеуді жүзеге асыру да басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар табыстың белгілі бір үлесін сақтай отырып, меншік иелерінің шығындар үлесін қайта бөлу есебінен инвестициялық қаржы көлемінің ұлғаюы, тұтынушылар топтары арасындағы тарифтер деңгейін теңестіру жолымен тарифтерді кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тарту, желілердің тозу көрсеткіштерінің төмендеуі де басты мақсат, – деді Алмат Абдрайхан.
Осы жылы Үкімет заңнамаға тариф белгілеу саласындағы реформаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша түзетулер әзірлеп жатыр. Заңға тәуелді актілерге және «Табиғи монополиялар туралы» Заңға табиғи монополия субъектісі өндіріс қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру бөлігінде өзгерістер енгізілді. Тұтынушылардан түскен инвестицияланған қаражатқа қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
Бүгінде кез келген адам коммуналдық қызметтердің сапасын нашарлататын, сенімділігіне әсер ететін желілердің айтарлықтай тозғанын көріп-біліп отыр. Бүгінде оны кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынған.
Тұтынушыларға қызмет көрсету кезінде тозған желілер мәселесі өзекті болып қала береді. Осыған байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің иесіз желілерді теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға қабылдау тетігі әзірленіпті. Бұл осы желілерді ұстау шығындарын тарифке қосу арқылы көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысына сәйкес Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітілгені белгілі. Ұлттық жобада орындалуы тиіс межелі міндеттің бірі – электр энергиясы қызметтеріне тұтынушылар топтары арасындағы айырмашылықты кезең-кезеңімен азайту және тарифтік саралауды жою. Ол қазір пилоттық режимде 3 облыста – Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жұмыс істеп жатыр екен.

Н.НАУАТБЕКҰЛЫ