«Трагедиялық драмаға ұқсас қойылымның» жағымды кейіпкері кім?

немесе Астана процесі несімен ерекшеленді?

23-24 қаңтар күндері бар әлемнің назары Қазақ елінің Астанасына ауды. Енді ше, шешімін таба алмай келе жатқан Сирия бітімгерлігін қазақ сахарасында өткізуге талпыныс кімді болмасын бей-жай қалдырмас тосын оқиға емес пе? «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейді атам қазақ. Осы принципті ұстанған Қазақстан билігі келіссөздерге араласпады, тек кездесуді ұйымдастыру қызметтерін атқарды. Отқа оранған Сирияның бүгінгі мүшкіл халіне араағайын болып, ымыраға келе алмай қырқысып жатқан тараптарды жақындастыруға деген ізгі қадам, игі тілектен туғаны айқын-тын. Нақтылап айтсақ, Астанадағы келiссөздердiң мақсаты Сирияда 6 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан соғысты тоқтатуға көмектесу еді. Тым құрығанда қарсы тараптардың (оппозиция мен Сирия билігінің) уәжіне құлақ асып, БҰҰ секілді сөзі салмақты ұйымдардың алдында келісімге келуді қамтамасыз етуге күш салу болатын. Сенім қаншалықты ақталды? Әлем көз тіккен Астана процесі өз миссиясын толыққанды атқара алды ма? Жауапкершіліктің жүгі қанша батпан болды? Осы тектес сауалдарға шама-шарқымыз жеткенше жауап беруге тырысамыз.

cyria-procesi

«Тауда бұғының мүйізі кетілсе, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» демекші, ғаламның тынышын алған Сириядағы қасап-қырғын, дербес мемлекеттердің тынышын қашырғаны жасырын емес. Қашырғаны емей немене, соғыстан әбден қажыған босқын халықтың көршілес елдердің шекарасына миллиондап ағылып, экономикалық дағдарысқа, түрлі саяси мәселелердің туындауына апарып соғуда. Сондықтан да Түркиядан бастап, Германия, Франция т.б. батыс елдері Астанада Сирия келісімінің оң шешім табуына мүдделі. Жер-жерде бас көтерген оппозициялық топтардың да өз айтарлары бар. Олардың көбінің негізгі ұстанымы — Сирия президентін тақтан тайдыру. Ал Башар Асад Үкіметінің де мақсаты белгілі. Өзін қолдап отырған мемлекеттерге арқа сүйеп, Сирияның тәуелсіздігін сақтап қалу. Сол арқылы өз билігін күшейту. Сирия жеріне әскер кіргізген Ресей, Түркия, Иран мемлекеттерінің де көздегендері көп. Олар салған әпербақан істерге көз жүгіртіп, саясат жібінің ұшын ұстасаң болды, тарқатылып жүре береді. Осындай шым-шытырық оқиғаларға құрылған «трагедиялық драмаға ұқсас қойылымның» жағымды кейіпкері кім? Тап басып айту қиын болып тұр. Осы жерде мына мәселеге тоқтала кеткенді жөн көрдік. Астана процесі Қазақстанның дипломатиялық жетістігі болуы мүмкін деген саясаткерлер қателеспеген секілді. Оған нақты себеп көп. Ең негізгісі бірін-бірі атарға оғы жоқ тараптардың бір үстелдің басында жиылып, пәтуаға келуге талпынысы десек жарасар. Шынын айту керек, Астана процесі сөз бола бастағанда РФ Президенті Владимир Путин келіссөздердің «жаңа алаңда» жалғасуына көп мән бергені белгілі: Сириядағы дау-жанжал секілді макроөңірлік проблеманың алғаш рет АҚШ-тың (Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де ғана бой көрсетті) қатысуынсыз талқылануын ескерсек, қазіргі жағдайда «жаңа алаң» түсінігінің мағынасы кең екені көзге ұрып тұр. Көзі қарақты жұрт аңғармауы мүмкін емес, Астана процесі Ресей, Түркия және Иран секілді өңірлік державалардың басымдығымен өтті. Оған өзіндік себеп те бар. Өйткені өткен жылы Путин, Ердоған және Руханидің ымыраға келуі тегін емес-тін. Ал Қазақстанға келер болсақ, бұл елдің және оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразияда өзіндік нығайту және бітімгерлік миссиясы бар. Бұдан басқа, Қазақстан биыл БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелерінің қатарына кіргенін де есте ұстаған абзал.

nazarbaev-timeskz-kz_-2

Елордаға табан тіреген түрлі тарап өкілдері, алыстан көз тігіп отырған халықаралық қоғамдастық Астана процесіне үлкен үмітпен қарап отырды. Астана процесі алдағы ақпан айында Женевада өткізілуі жоспарланған келіссөздердің табысты болуына алғышарт жасап, оң ықпалын тигізуге тиіс-тін. Олай болса, бүгін әлем назары ауған Астана тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде төрткүл дүниенің төрелік іздейтін төріне айналды деуге толық негіз бар. Астана процесiнен 400-ден астам журналист бүкiл әлемге ақпарат таратты. Келiссөздерге 320 шетелдiк және 120 қазақстандық тiлшi тiркелген. Журналистерге арнайы баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Кездесу екi күнге жалғасты.

БАШАР АСАДТЫҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

Кездесудің алғашқы күні Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің тұңғыш рет бір-бірімен бетпебет келіссөз алаңында кездесуін, жалпы бір үстел басында отырып қана қоймай, соғысты тоқтату режімін нығайту жолдарын тыңғылықты талқылауға дайын екендігінің өзін оң бағалауға болатындай. Сириялық bashar_al_asad_new1_55153dd1b888aүкімет пен оппозиция арасындағы барлық мәселелерді талқылау БҰҰ-ның арнаулы елшісін араағайындыққа жұмылдыру арқылы өткені аңғарылды. Бұл да болса үміт отын тұтата бастады. Айта кетейік, Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысты. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарды. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі болды. Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасады. Түрік және иран делегацияларының басшылары аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары — Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари. Мұнан бөлек, сириялық дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де қатысты. Жиынның алғашқы күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездесті. Кездесу барысында тараптар Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі алдағы келіссөздер мәселесін талқылады. «Мен Ресей, Түркия және Иран Президенттерінің Астанада келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кездесудің жемісті өткенін қалаймыз. Қазақстан кездесуге қатысатын тараптардың бәрімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста болғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлаймын», — деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі бүгінде Таяу Шығысты ғана емес, бүкіләлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғанына да тоқталды.

%d0%b8%d0%b3%d0%b8%d0%bb

«Тараптар да болып жатқан оқиғаларға біз сияқты алаңдаушылықпен қарап отыр деп үміттенемін. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс басталғалы 300 мыңнан астам адам қаза тапқан. Осының бәрі бізді бұл мәселені бейбіт жолмен ғана шешуге үміттенуге жетелейді», — деді мемлекет басшысы. Кездесу соңында Қазақстан Президенті БҰҰ-ның арнаулы елшісіне Астанадағы кездесу Женевадағы бейбіт келіссөздерге дайындық барысына елеулі ықпал ететінін айтты. Астана процесі қарсаңында Сирия президенті Башар Асад жапондық телеарнаға сұхбат беріп, әлі де болса көпшілікке беймәлім біраз нәрсенің бетін ашқандай қалып танытты. Сол сұхбатқа аз-маз көз жүгіртсек.

«Егер ашық айтсам, ДАИШ 2006 жылы Иракта АҚШ-тың бақылауымен құрылды. Сирия қайшылығы басталғанда Түркия бұл ұйымға демеушілік етті. Себебі ДАИШ сириялық мұнай кен орнын шикізат экспортына пайдаланды. Түркия Ердоғанның басшылығымен мұнай контрабандасына араласты. Сондықтан Түркия мен АҚШ-тан ДАИШ-пен шынайы күресті күтудің қажеті жоқ», — деді Башар Асад.

Асадтың ойынша, Ердоған ДАИШ террористері мен «Джебхат Ан-Нусраға» қарсы шыққандай болады, шын мәнісінде аталмыш ұйымға қолдау білдіріп отырған көрінеді. Ал оның көмегінсіз олар өмір сүруін тоқтатады деп есептейді Сирия президенті. Сұхбатта Асад Дамаскте химиялық қару қолданғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл мүмкін емес. Ең алдымен моралдық тұрғыдан мүмкін емес. Себебі ешкім өз халқына қарсы халықты қырып салатын қаруды қолданбайды. Оның үстіне біз 2013 жылы химиялық қаруды пайдалануға тыйым салатын келісімге қол қойып, барлық арсеналдан бас тарттық. Бізде ондай қару жоқ. Химиялық қаруды алғаш 2013 жылы террористер қолданды», — дейді ол. Сирия билігі сол уақытта БҰҰ Сирияға арнайы тексеру комиссиясын жіберуін сұрапты. Бірақ бұл бастама АҚШ тарапынан қарсылыққа ие болыпты. «Себебі комиссия Сирияға келсе, террористер әскерге қарсы хлорды қолданғаны туралы нақты дәлелдерді табушы еді», — дейді Сирия президенті. Біздің бұл сұхбатты көлденең тартуымыз, Астана процесінің қаншалықты ауыр, қаншалықты маңызды болып тұрғанын көрсету ғана.

ОППОЗИЦИЯ МҮШЕЛЕРІН АШЫНДЫРҒАН ҚАЙ МӘСЕЛЕ?

Астана процесінің екінші күні күрдтердің өзін-өзі қорғау жасақтары Астанадағы сирияаралық келіссөздер барысында қабылданатын шешімдерді ұстанбайтынын мәлім етті. Бұл туралы ұйымның мәлімдемесінде айтылды. «Астанадағы конференцияның нәтижесі ретінде қабылданатын қандай да бір шешімдерді ұстануға ниетіміз жоқ… Келіссөздерге қатысушы тараптар мен жақтаушы мемлекеттер Сириядағы ауқымды дағдарыстың бір бөлігі болып табылады және оларға Сирия халқына қажетті шешімдер жетіспейді», — деп, ашығына көшті олар. Күрдтердің пікірінше, дағдарысты шешу үшін Сирияны мекендейтін барлық ұлттар мен конфессиялар өкілдерінің қатысуымен консультациялар өткізу қажет. Өкінішке орай, Қазақстан астанасында өткен келіссөздер кезінде Сирияда Дейр-эз-Зор қаласындағы қорғаныстағы қауымға ДАИШ содырлары шабуылды бастап жібергені туралы хабар тарады. Оған жауап ретінде алты ресейлік бомбалағыш ұшақ лаңкестік ұйымның нысандарын бомбалағаны жайлы да мәліметтер жетіп жатты… Ресей шығыстанушысы, экономист, Таяу Шығыс бойынша бас маман Евгений Сатановский Астана келіссөздеріне былайша баға берді.

%d0%b5%d0%b2%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b9

— Астана процесі бірнеше форматта өтуде. Біріншіден, ол араға бәрі жиналған жоқ. Бұл бір жағынан жақсы. Өйткені отбасын құрған жігіттер жақсы біледі, қызбен танысуға жігіт барлық туысқанын алып келсе, одан түк шықпайды емес пе? Женевада тура солай болды. Ал қазір Астанада болып жатқан жайт — ерекше оқиға. Тек тараптар құр бекер жаға жыртыспай, мәмілеге келсе болғаны.

БҰҰ-ның Сирия бойынша арнаулы өкілінің саяси кеңесшісі Виталий Наумкиннің пайымдауынша, Астанадағы сирияаралық келіссөздер ең кемінде оқ атудың доғарылуын қамтамасыз етеді, ал асып кеткенде Сирияның біртұтастығын сақтап қалады және Женевадағы саяси процестен шығуға әкелуі тиіс. «Бұл процестің мақсаты — Асадпен соғысушы ең экстремистік лаңкестік бөлікті сылып тастау. Бұл — ең алдымен, халықаралық қауымдастықпен лаңкестік ұйымдар деп мойындалған ДАИШ, «Жебхат-ан-Нусра» және «Жунуд әл-Акса». Міне, осыларды бөліп алып, қалғандарын достастыру керек. Оқ атпау режимін қамтамасыз ету қажет. Бұл бейбіт процестің соғысқа қатыстысы, одан кейін саяси мәселелерді қарау керек болады», — деді Наумкин. Ол бастысы Астанадағы келіссөзге Сирияда қарулы қақтығысқа қатысушы тараптардың қатысып жатқанын, оның ішінде радикалды оппозиционерлер мен исламистер де барын, олардың нақты мәселеге ықпал ететінін ескеру керектігіне баса назар аударды. Осы күні «Джейш әльИслам» оппозициялық ұйымының жетекшісі Мұхаммед Аллушта ішкі толқынысын жасырып қала алмады: — Біз Сириядағы қанды қырғынды, соғысты тоқтату мақсатында келіп отырмыз. Сирия халқын, оның бейбіт тұрғындарын террордан һәм басқыншылықтан қорғау үшін барлығына дайын екенімізді айтамын. Шынында билікті қантөгіс арқылы басып алып, сол тақта өмірінің соңына дейін отыруды көздеген жандар бар. Оған жол жоқ. Біз бүгін Астанаға Сириядағы тұтқындалған әйелдер мен балаларды босату, Сирияда тыныштық орнату үшін келіссөздер жүргізуге келдік. Біз, Сирияның оппозициялық тобы, қандай да болсын тәуекелге сақадай саймыз. Біз өз халқымыздың бейбіт өмір сүруі, жаңа мемлекет қалыптастыруы үшін келісімге келеміз. Дегенмен, қазіргі президент Башар Асадтың авторитарлық режімін қолдамаймыз. Біз конституциялы мемлекет боламыз. Астана Сириядағы соғысты тоқтатуды көздейді. Соғыстың тоқтағанын біз де қалаймыз. Алайда біздің оппоненттеріміз талаптарымызды ескермесе, Астана келіссөздері оң нәтиже бермейді. Бұндай жағдайда біз соғысамыз, — деді ашық түрде.

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ МИССИЯСЫН ТОЛЫҚ ОРЫНДАДЫ

Халықаралық журналист Доған Йылдыз: — Шетелдік эксперт-тердің айтуынша, Астана процесінің жетістігі — Сирия Үкіметі мен мәмілеге келе алмай жүр-ген оппозиционерлердің бір үстелдің басында отыра білуі. Түйткілді проблемаларды егжей-тегжей талқылауы. Сирия, Түркия, Иран, Ресей мемлекеттерінің %d0%b4%d0%be%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b9%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7қатысуымен өткен кешегі жиындар бес жарым сағатқа созылды. Бұл жиындардағы көтерілген басты мәселе өткен жылы желтоқсанда қол қойылған Сириядағы соғыс отын өшіру болды. Сол құжаттың алдағы уақыттарда да жалғасын табуы — мәмілегерліктің басты міндеті. Сондай-ақ, Сирия халқына баратын гуманитарлық көмектерді үстемелеп, сол арқылы қиыншылық құрсауында жатқан халықтың еңсесін көтеру де жауапкершілік жүктейді. Астана процесінің тағы бір ерекшелігі: Жауласқан екі тарап келісімге келіп жатса, бұл Женевада өтетін келісімдер қарсаңындағы үлкен жетістік. Осы өтіп жатқан жиындардың өзі үлкен табыс. Қайталап айтайын, Астана процесінен ешкім де үлкен шешім күтпеді. Бұл анық нәрсе. Оның орнына үлкен жетіліктің (қатысып жатқан жеті тарап) бір мәмілеге келуі маңызды. Ал Қазақстан өзінің бейбітсүйгіш ел екенін тағы бір дәлелдеп отыр. Ал, менің ойымша, Астанадағы процеске ұйытқы болған — Ресей мен Түркия арасындағы ұшаққа қатысты жанжал. Осы мәселе басталғаннан кейін Қазақстан Президентінің екі ел басшысымен сөйлесуі, оларға араағайындық көрсетуінің арты осы мәселенің түйінін шешуге алып келді. Неге десеңіз, Қазақстан Президентінің салиқалы саясаты және аймақтарды жақсы білуі, бейтарап болуы екі жақты да ойға жетелеп, Сирия мәселесінің Астанада өтуіне қарсылық танытпады. Сондықтан Астана процесі Сирияға қатысты түйінді шешпесе де, түйткілді көп ойлардан арылтады деген сенімдемін.

КЕЛІССӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ӨТУІ, СӨЗСІЗ, ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖЕҢІС

Барселонадағы Халықаралық процестерді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Николас де Педро: — Сирия жөніндегі келіссөздердің Астанада өтуі — Қазақстанның өте үлкен дипломатиялық жеңісі. Бұл келіссөздер Сириядағы соғысты тоқтатудың негізін қалай ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ал келіссөздердің Қазақстанда өтуі, сөзсіз, өте үлкен дипломатиялық жеңіс. Тіпті осы арқылы Астана өзінің сенімді делдал екенін көрсетіп отыр. Ресми Астана осындай қиын келіссөздерді қабылдай отырып, өзін өте құрметті және сенімді бітімгер. Ең маңыздысы, дипломатиялық тығырықтан шығаратын дипломатиялық мүмкіндіктері бар тарап ретінде көрсетіп отыр.

ТҮЙІН СӨЗ:

Екі күнге созылған Сирия төңірегіндегі келіссөздер күн ұясынан ауғанда аяқталды. Дүниенің алпауыттары араласқан мәселе бойынша осы өңірдегі соғыстың тоқтауына барлық тарап та мүдделі екенін жоғарыда айттық. Әйтсе де, осы уақытқа дейін бейбітшілік қамы үшін бас қосып, келіссөздер жүргізіп, тайталасып жүрген әр тарапты бір дастарқан басында біріктіре әңгіме-дүкен ашатындай жағдай тумағаны анық еді. Әсіресе ресми Дамаск билігі мен оған қарсы оппозиция топтарын бір үстел басына отырғызу тұрмақ, келіссөздерге шақыру да мүмкін болмаған. Бұған бір жағынан Башар Асадтың өз ұстанымынан қайтпайтын бірбеткейлігі себеп болса, екінші жағынан оппозицияның тұтас емес, тарамтарам бөлінуі де өз кесірін тигізіп келді. Оппозицияның шашыраңқы болуынан келіссөздер жүргізу де шынымен мүмкін емес еді. Бірақ мүмкінсіздікті мүмкін еткен Қазақ Президентіне Астана процесіне жиналған барша тарап дән ризалығын білдірді. Мақаламыздың басында сөз еткеніміздей, «Көп — қорқытады, терең — батырады» дейтін үш алпауыт мемлекет Астана процесінде қорытынды мәлiмдеме жасады. Бұл шешімнің кейбір оппозициялық топтарға ұнамағанын да айта кету керек. Бірақ «бүйректен сирақ шығарып», «тағылық» көрсеткендері болмады. Әйтсе де, даласы қанға бөккен Сирия мәселесін кім көрінгеннің «көкпар етіп бөктеруіне» жол берілмейтіні айтылып қалып жатты. Бұл дегеніңіз, өз қотырымызды өзімізге қасуға мүмкіндік беріңдер деген тұспалды аңғартатындай. Сонымен, Ресей, Түркия және Иранның бiрлескен мәлiмдемесiн ҚР Сыртқы iстер министрi Қайрат Әбдiрахманов жиналған қауымға оқып берді. Мәлімдемені жалпы тілден жалқы тілге көшіргенде мағынасы мынаған сайды.

«Бiз бұл мәселеде әскери шешiм жоқ екенiне және оның тек саяси процесс арқылы шешiлетiнiне сенiмдемiз. Үшжақты механизм құру шешiлдi, ол оқ атуды тоқтату режимiнiң толық сақталуын бақылайды. Бiз ИГИЛ, ДАИШ-ке қарсы күрестi жалғастыру және оларды қарулы оппозицияның басқа бөлiгiнен бөлу бойынша ниетiмiздi растаймыз. Бiз БҰҰ-ның 2254 қауiпсiздiк резолюциясына сәйкес дереу келiссөздер процесiн бастау қажеттiлiгi бар деген сенiм бiлдiремiз. Бiз оппозициялық қарулы топтардың Женевада 8 ақпанда Сирия үкiметi мен оппозициясы арасында өтетiн келiссөздердiң келесi раундына қатысу тiлегiн қолдаймыз. Халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерiн саяси процестi қолдауға шақырамыз. Бiз сириялық саяси процестi қамтамасыз ету, жаһандық процестерге үлес қосу және 2254 резолюциясын жүзеге асыру үшiн Астана тұғырнамасында белсендi қарым-қатынас жасау туралы шешiм қабылдадық», — делiнген қорытынды құжатта.

Нағашыбай Қабылбек