Ту көтерген тұғырлы өлке

Ғалымдар дәлелдеп, айтып жүргендей, Қозыбасы – Шу мен Талас өзендерін, Балқашты жағалай отырған қалың ел Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары аралығындағы кең алқап. Бұл маңды ежелден жергілікті жұрт «Қозыбасы» деп атаған, қазір де солай аталады. Осы алқаптың ортасындағы алыстан қарағанда қозының басына ұқсас аласа тау – киелі Қозыбасы тауы.

Аңыздағы ортағасырлық Бас (Үлкен) Ақтөбе, Орта Ақтөбе, Аяқ Ақтөбе, Ыстөбе қалалары Шу өзенінің төменгі ағысында Мойынқұм ауданында орналасқан. Осы аңыздағы қалмақ ханы өртеген Шәрі қаласының орны мен оған жақын жердегі Қойшыман қаласын 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті археологиялық экспедициясының барлау тобы тауып, есепке алды. Шәрі қаласында 1996 жылы жүргізілген қазбадан өртенген бөлмелердің орындары, 2015 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде Қазақ хандығы кезіндегі құрылыстардың, пештердің орындары және кесененің қалдығы ашылды.

Сонымен қатар сол жылы Хан тауындағы Керейдің шатқалынан Қазақ хандығы кезіндегі 10 қыстау есепке алынып, «Керей қыстау» деп аталатын қыстауда қазба жұмыстары жүргізіліп, оның Қазақ хандығы кезіндегі қыстау болғаны анықталды. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов: «Аңыздар бойынша, Әбілқайыр хан Көккесененің түбінде жоңғардан жеңілген жылы (1457 жыл) қара күзде Сырдың бойын, Қызылқұмды, Мырзашөлді мекендеген бір түмен ел Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көшке ілесіп, Шуға Қаратаудан келесі бағытта асқан болса керек.

Бірінші бағыт – жалғыз ағаштың бұлағында Қаратауды айналып өтіп, теріскейге шыққан, екінші бағыт – Сауысқандық (Майшы) асуымен, үшінші бағыт – Жайылма асуымен, төртінші бағыт – Жаңатас (Жаман қаратас) асуымен, бесінші бағыт – Тұрлан асуымен асқан. Шолаққорғаннан шыққан Ұлы көш Шу өзеніндегі Қызылжайма өткеліне дейін Қарқаралы жолымен жүрген. Жолдың осы аралықтағы бағыты Шолаққорғаннан Құмкентке, одан әрі Қосмая, Қазоты, Нарөлген, Үлкен көл шатқалдарынан өтіп, Айгене шатқалына шыққан. Одан әрі Мойынқұмнан асқан Қарқаралы жолы Шу өзенінің төменгі ағысындағы Қазыққаққан шатқалына, одан әрі қарай Шу өзенін жағалап Қызылжайма өткеліне, Қамқалыға, Тұлпарсазға, Жамбыл, Қойжарылған, Майжарылған, Хантауы тауларына, Қозыбасы алқабына жеткен. Алтыншы бағыт – Мырзашөлден шыққан көш Түйе өткелде Сырдариядан өтіп, Қазықұрт, Машат, Састөбе, Қаратау, Құлан, Күйік асуларымен асып Таразға жеткен.

Одан әрі Мойынқұмды кесіп өтіп, Хан тауына шыққан. Қазақ хандығының құрылу мәселесін отандық тарихшылардың бірнеше буын өкілдері зерттеп келеді. Дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Тарихшылардың бірі Қазақ хандығы 1445 жылы құрылды десе, келесілері ХV ғасырдың 50-жылдары, 1465 жылы, 1465- 1466 жылдары немесе 1470-1471 жылдардың бірінде құрылған деген пікірде. 2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Аңыздарда Қазақ хандығының құрылған жылы мен жері туралы: «Мойынқұмды қыстап шыққан қалың ел келесі жылы (1458 жылы) көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ атады», деген. Біз Қазақ хандығы 1458 жылы Шу өзеніне жақын жердегі Қозыбасы алқабына құрылды деген пікірдеміз, – деп жазады.

Қазақ хандығының құрылуына қатысты Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», деп жазған. Ғалымдардың айтуынша, осы еңбектің Исфахан қаласында сақталған қысқаша нұсқасында «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан», деп Қозыбасының орналасқан жерін нақты көрсеткен. Тарихи Қозыбасының орналасқан жері туралы отандық тарихшыларымыз бір-біріне кереғар екі пікірде.

Бірінші пікір бойынша, тарихи Қозыбасы Шу өзенінің алқабында орналасқан, ал екінші пікір бойынша, Қозыбасы Алматыдан екі күндік жердегі Тарғап ауылының жанында орналасқан. Тарихшы ғалымдар «Осы екі пікірдің қайсысы дұрыс?» деген сұраққа жауапты аңыздардан іздеді. Аңыздарда Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көштің Шу алқабына келген жылы, Шудың жағасындағы Тұлпарсазда 1458 жылы Керейді хан сайлағаны, Тұлпарсаздан шығып, Шуға жақын жердегі Қозыбасыға барғаны айтылған. Осы жерде Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан» деген сөзіне баса көңіл аударған жөн. Себебі Шу алқабындағы Қозыбасы Шу өзенінен 35-40 шақырым жерде орналасқан, ал Тарғаптың жанындағы Қозыбасы мен Шу өзенінің арасы 130-135 шақырым.

Ғалым Мадияр Елеуов: «Біздің пікірімізше, тарихи Қозыбасы Балқаш көлі, Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары аралығындағы кең алқапта орналасқан. Бұл болжамды Хантаудағы «Хан қорасы», «Хан сатысы», «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы», «Хан оры» деп аталатын орындар толықтыра түседі. Аңыз бойынша, жаугершілік кезінде қазақтың хандары, қолбасылары биік шоқының ұшар басындағы «үлкен хан тағында» тұрып, Хан тауы, Қойжарылған, Майжарылған, Жамбыл таулары аралығын, Қозыбасы алқабын бақылап отырған. Шамасы, жаңа құрылған Қазақ хандығы Өзбек хандығы мен Моғолстан арасындағы шекаралас Қаратаудың солтүстік, Алатаудың солтүстік-батыс беткейлерін, Шу- Іле тауларын, Балқаштың жағасын, Батыс Бетпақдала арқылы Сарысу өзенінің төменгі ағысына дейінгі аралықты алып жатқан болса керек», дейді.

Осы орайда, ғалым Мадияр Елеуов Мойынқұм ауданында Керей хан мен Жәнібек сұлтанның аспанасты музейін ашу мәселесін көтеріп, оны іске асыру үшін Шәрі мен Қойшыман қалаларында, Керейдің қыстауында, Хан қорасында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, олардан ашылған құрылыстарды, Шәрі қаласындағы кесенені, Керейдің қыстауын, Қозыбасыдағы қарауыл мұнарасын қайта қалпына келтіру керектігін айтады. Әрине, орынды ұсыныс.

Сондай-ақ мойынқұмдық еңбек ардагері Тұрсынтай Қалдарбеков Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері мен тұтас тарихын да жақсы біледі. Ол кісі тек шопан, ұстаз болмаған, мәдениет саласында да қызмет еткен. Ол кісіні аудан тұрғындары табиғаттанушы, өлкетанушы ретінде де таниды. Дәлірек айтқанда, Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген Қозыбасы жеріне келген тарихшы, археолог-ғалымдар атаның пікірін тыңдап, дәйекті де, дәлелді тұжырымдарына сенген.

Тұрсынтай Қалдарбеков: «Бірде демалыста жатқанымда округ әкімі қоңырау шалып, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты деректі материал үшін ғалымдарға менің де керектігімді айтты. Мен де маңызды іске қарсы болмай, қалған бірер күнімді қысқартып, ауылға қайттым. Хандыққа байланысты жерлерді белгілі шығыстанушы профессор Ислам Жеменей және «Қазақпарат» корпорациясының президенті Қонысбек Ботбай аралап, хандыққа тиісті мәліметтерді жинастырып жүр екен.

– Біз Қазақстанның біраз жерін араладық. Хан көтерілген деген «Қозыбасыларды» көрдік. Осыдан бірер күн бұрын Қордайдағы «Қозыбасыда» да болдық. Бірақ біз болған жерлер шындықтан шеткерілеу екен. Шоқылары мынадай емес, айналасы тар, шатқал-шатқал, құз-жыра. Көз ұзартып салар алаңы жоқ, келбет-көркі келмейді. Ал мына сіздердің Қозыбасыларыңыздың бітім-болмысы бөлек. Біз тұрған мына шоқы Құдайдың құдіретімен құйылғандай. Айнала – алаңқай. Жер астынан жарып шыққандай әсер қалдырарлық әсем шоқы. Түстік жерден менмұндалап мұнартып көз тартады. Міне, шын Қозыбасы,– дейді ғалым Ислам Жеменей.

Қозыбасы – Қазақ хандығы құрылған тарихи орын. Бірақ мұнда шешімін таппаған мәселелер көп. Қозыбасы басында жай темір ғана тұр. Енді осында еңселі ескерткіш орнатылса, асфальт жол салынса деген ой бар. Ғимарат тұрғызылып, жан-жақтан түрлі экспедициямен ел келгенде көрген кісілерге көрікті болса дейміз. Мұнда инфрақұрылым мәселелері шешілсе, келушілердің көп болатыны анық. Алыс-жақын шетелден, еліміздің өзге облыс, қалаларынан туристер келіп жатса, өңір туризмінің дамуына да оң әсер ететіні анық.

Есет ДОСАЛЫ