ТҮБЕКТЕН ТҮРЕН САЛҒАН ҒҰЛАМА

Оразмағанбет (Размағанбет) Тұрмағанбетұлы – (1881, Қызылсу ауылы – 1942, Ресей, Красноводск қаласы) – діни ғұлама, ғалым-геолог, Алаш қозғалысының мүшесі. Адайдың бәйімбет руынан. Әкесі Тұрмағамбет шағын дәулетті, діни мектебі бар, ахун болған адам. Алғашқы сауатын әкесінің мектебінен ашып, 10-11 жасында Көне Үргеніште, 1895 – 97 жж. Хиуа, Бұхарадағы медреселерде оқыған. 1897 – 1900 жж. Бомбей қаласында арнайы инженерлік білім алған. 1900 – 1903 жж. қысқа мерзімдік оқулармен Түркия, Иран, Германия елдерінде білімін жетілдірген. Оразмағанбет сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. 1935 жылы Кеңес Үкіметінің қыспағынан қашып, Иранға қоныс аударды. 1937 жылы тамыз айында МҚК тыңшылары тұтқындап, Ашхабад қаласының түрмесіне қамайды. 1938 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғары Әскери коллегиясы «халық жауы» деп ұйғарып, мал-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына бұйырды.

​​​​​​

Айтпайды кім болсаң да түріңе сын,

Жүрегің дұрыс болса, жүгінерсің.

Құмын бас Маңғыстаудың, Құран ұстап,

Әйтпесе, сүйек басып сүрінерсің.

Біз айтсақ, ал, біздікі дұрыс па бұл?!

Құдайдың өзі берген ырыс та бір:

Сырнай-жел, сыбызғы саз, қынама бел,

Жібек-құм , ақ орамал, күміс шағыл.

Қызылсай*, Қызылсу* мен судан сұра,

Түбінде Шабай* тұрған тудан сұра.

Тамшалы*, қоғалы сай нудан сұра,

Қоңыр қаз, аққу менен қудан сұра.

Әулие қорым көрсең жағалап бар,

Бас иіп, бар ниетпен бағалап бар.

Ерлердің ақ қылышы – ай секілді,

Жүзінде жүз ғасырдан аманат бар.

Біздің ел Маңғыстауға ірге тепкен,

Ел – тұтас, ер мұратқа бірге жеткен.

Ақ тілек – алтын қанат періштеден,

Көп бата – Ер Қосай* мен Пір Бекеттен*.

Арала Сахар* менен Шақпақтыны*,

Ақ шағыл – аппақ сағым, аппақ тіні.

Сөйлеп тұр өткен заман-өшкен ғұмыр,

Жұлдызсыз, қара күйе қаспақ түні.

Боз қыран бұл төбеден талай ұшқан,

Қан-қан боп қауырсыны, қалай ұшқан?

Мысалы, ғұламадан қалған кітап,-

Бозжыра*, Оғыланды*, Жабайұшқан*.

«Балаға әке сыншы», – пайымдаған,

Бұл сөздің қайдан білсін жайын надан.

Әкесі Тұрмағанбет: «Оразым!..» – деп,

Дін-шырақ, діл-бұлақтан айырмаған.

Жалған ғой кетіп жатқан, біріміз кеп,

Жетер ме жақсыларға тіліміз бек.

Үргеніш*, Хиуа* менен Бұхар* барған,

Жас талап, жаннан бөлек, білім іздеп.

Кітапсыз кіл періште, таң атпаған,

Пенделік, бос жүрістен азат ғалам.

Алланың ақ жолынан үміт етіп,

Ұстазға бар көңілін сабақтаған.

Әулие-пірлер қолдап, демеп жүрді,

Сансыз Бап, қырық шілтен жебеп жүрді.

Самғаған саналы жас, ойы озық,

Тең-құрбы, сырласына не деп жүрді:

«Керегі бұл ғылымға шыдам», – деді,

Әрнеден, әлем танып, сыр ал», – деді.

«…Сөйлетіп Маңғыстаудың тау мен тасын,

Халқыма Хақтан қайыр қылам», – деді.

Бомбейде инженер боп жер танымақ,

«Араб, Парсы, Үнді» деп, ел танымақ.

Иран мен Герман асып, Түрік жұртын,

Саралап, ойға түймек, зер салып-ақ.

Қашанда нар көтерер жүкті деген,

Жетіліп, жел жемсеген пісті берен.

Түбектен түрен салған ғалым болды,

Үндескен жердің асты, үстіменен.

Таңғалып талай шәкірт ерген деді,

Біреулер: «Ғайыптан бұл келген», – деді.

Біреулер: «Ораз ахун – Періште!..» – деп,

«Тіл алып, хабар білмек жерден», – деді.

Сарғайып, қараша-жел,бораған күз,

Қаратау – бұлттан шәлі ораған құз.

Көп кітап көктің асты, жердің үсті,

Дейді жұрт: «Бек сұңғыла, Ораз – абыз».

Білместің бәрі сыншы білімдіге,

Сол ғой, ел, көзге біреу ілінді ме.

Сөз де бір – тас кемірген жел сияқты,

Азынап, аямайды кіміңді де.

Ауылдың асар айтып, бас-басына,

Мектеп салды қызыл су, ақ тасына.

Түбектің үлпершектей балапаны

Үңіліп, жазу жазды тақтасына.

Мысалы, көл жағасын құрақ басып,

Сәби жүр әріп танып, шырақ тасып.

Көз жетті, ел қуанып, сеніп жүрді,

Мың арман көздерінен шуақ шашып.

Жолдасы жолаушының иман болды,

Ел сүйген шын ықылас, сыйдан болды.

Уфадан, мүфтиаттан сенім хат кеп,

Оң хабар!.. Ораз ахун имам болды.

Екі етпей ел тілегін орындайды,

Қылғай да қас асылдың жолын жайлы.

«Кім болмақ, Ораз ахун, абыз бар да», –

Деп халық алғыс айтып, қолын жайды.

Ел үшін ұмыт қылып дара басты,

Ер сүйді қалың қазақ, бар Алашты.

Тобанияз, Ер Жалау, Нұрсұлтан* бар,

Алашшыл арыстармен араласты.

Заман тұр мың құбылып, алды қайғы,

Ел біліп, түсінуден қалды жайды.

Мекені көк аспан мен шың болған соң,

Баласы қыран құстың қалғымайды.

Ол – Ораз – асу бермес ала шыңым,

Тілеуін тілейді ел баласының.

Біреуге «Ораз – ахун, Ораз – абыз»,

Маңғыстау, не десең де, – қарашығың.

Бәлшебек езуінде шылым тұрған,

Тоқтады мешіт-мектеп ылым тұрған.

Орыстың ақ патшасы құлап қалған,

Ақ кетіп, Кеңес келіп, «Қызыл» тұрған.

Көп сүйек аумай қалды шөмеледен,

«Банды» – деп, басын кесіп, өрелеген.

Орап ап айбалтасын қызыл Туға,

Желкелеп жетпіс жылдай төбелеген.

Жолы жоқ, қанды тісеу тастақ қалды,

Әр жерде құлпытасты жастап қалды.

Астында әр төбенің жоқтау айтып,

Маңғыстау қапияда қақсап қалды.

Ат жалын әлі күнге тарай берем,

Таң атса алтын сәуле арайменен.

Боз мая боздай қалса айлы түнде,

Босқан ел келді ме деп қарай берем.

Ер болсаң – елдің салт пен ғұрпын ізде,

Ұл-қызың ұлтын ойлап тұрсын ізде.

Таласып, байлық пенен мансап қуып,

Ұмытып соның бәрін жүрсіңіз бе?!.

Түспеген, баспаған шоқ, отым бар ма?!

Күледі құзғын менен қотыр қарға.

Сонымен Ораз ахун не болды де?..

Айтайық, асықпаған оқырманға.

Басар жер, барар тауы жетпеген-ді,

Сталин: «Ұстаңдар!..» – деп, кектеген-ді.

Күн бермей қызыл Кеңес қуғаннан соң,

Парсыға, Иран асып шеттеген-ді.

Үйренген дүйім жұртты жалмап жүріп,

Құлжаны құздан атты таңдап жүріп.

Қызылдың қызыл түлкі тыңшылары,

Ақырын алып келді, алдап жүріп.

Айызы ата жаудың қанып қалды,

Сұрланып жендет біткен шаңытқан-ды:

«Ағылшын… «Алашорда» достарың…» – деп,

Кінәсін күнібұрын таңып салды.

Қамады Ашхабадтың* түрмесіне,

Ұрып тығып қараңғы іргесіне:

«…Халық жауы… Сот шешті. Атың!..» – деді,

«Бұл қалай», – деп, – тірлікте жүр несіне».

Сталин сигар тартып, шарап алған,

Біз жүрміз кеудемізде жара қалған.

Білмедім есіл ердің не болғанын,

Әйтеуір, айырылдық қара нардан.

Маңғыстау – көкбөрі ғой, айбарым-ды,

Отпан тау!..Биік ұста байрағыңды!

Маңғыстау – өз жүрегім, өз сүйегім,

Айтайын қай жоғыңды, қай барыңды?!.

——————

*Оразмағанбет (Размағанбет) Тұрмағанбетұлы – (1881, Қызылсу ауылы – 1942, Ресей, Красноводск қаласы) – діни ғұлама, ғалым-геолог, Алаш қозғалысының мүшесі. Адайдың бәйімбет руынан. Әкесі Тұрмағамбет шағын дәулетті, діни мектебі бар, ахун болған адам. Алғашқы сауатын әкесінің мектебінен ашып, 10-11 жасында Көне Үргеніште, 1895 – 97 жж. Хиуа, Бұхарадағы медреселерде оқыған. 1897 – 1900 жж. Бомбей қаласында арнайы инженерлік білім алған. 1900 – 1903 жж. қысқа мерзімдік оқулармен Түркия, Иран, Германия елдерінде білімін жетілдірген. Оразмағанбет сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. 1935 жылы Кеңес Үкіметінің қыспағынан қашып, Иранға қоныс аударды. 1937 жылы тамыз айында МҚК тыңшылары тұтқындап, Ашхабад қаласының түрмесіне қамайды. 1938 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғары Әскери коллегиясы «халық жауы» деп ұйғарып, мал-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына бұйырды.

Ескерту:

Қызылсай*, Қызылсу* , Тамшалы*, Сахар* менен Шақпақтыны*, Бозжыра*, Оғыланды*, Жабайұшқан* — Маңғыстаудағы жер атаулары

Үргеніш*, Хиуа*, Бұхар* — Орта Азия өңіріндегі тарихи қалалардың атаулары.

Ер Қосай* — Қосай Құдайкеұлы. Ел қорғаған ер, батыр. Тарихи тұлға.

Пір Бекет* — Бекет Мырзағұлұлы. Ислам әлеміндегі аса көрнекті тарихи тұлға, ұлысқа ұран болған Әулие-Пір.

Шабай*- Шабай Қонысұлы. Ел қорғаған ер, батыр.

Тобанияз* – Тобанияз Әлниязұлы.

Жалау* -Жалау Мыңбайұлы.

Нұрсұлтан* — Нұрсұлтан Оразұлы Оңғалбай.

(Өмірбаяндық деректерден)

Сабыр АДАЙ, Ақтау қаласы