Тудым ба, әлде туылдым ба? – Тіл маманының жауабы

Қазақ тілінде талас тудырып, әлі бір ізге қойылмай, екі түрлі нұсқада қолданылып жүрген сөздер бар. Ел арасында жиі естіп жүрген сондай сөздердің бірі – «тудым» немесе «туылдым». Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «Қазақтың дәстүрлі сөзсаптамы» кітабында түсіндіріп жазған.

«Жұртшылық назарын аударатын бір мәселе – сөз қолдану, сөз жұмсау мәдениеті жайында. Кейінгі жылдары оқушы, студент, жұмысқа орналаспақ болған жас мамандар өмірбаяндағы деректерінде «пәленшесінші» жылы «тудым» деген дұрыс па, әлде «туылдым» деген дұрыс па деп дағдарып қалады. Бұндайда тудым деу қате, туылдым деп айтқан дұрыс деген әлдекімнің дүдәмал «түзетуіне» илана берудің жөні жоқ. Өмірбаянда ресми мәтінде тудым деп жазу керек. Баяғыдан бері тудым, туған деп айтылып, қолданылып келеді. Байырғы батырлар жырында мынадай жолдар бар:

Сен едің туған анамыз,

Мен едім туған балаңыз.

Тәуекел етіп, сапарға

Оңғарса Құдай барамыз («Нұрадын»). Олай болса, тілдік дағдыны (тілдік норманы) логикалық тезіне салып түзету жөн емес: тілдің заңы басқа, логиканың заңы бір басқа.

«Келе жатыр», «бара жатыр» дегенді «келгені» не, «жатқаны» не, «барғаны» не деп логикалық қисынына салып түзете алмаймыз. Тудым дегенді туылдым деу – әсірелогикашылдардың шығарғандары. Тіпті, туылдым дегенді жөн-ақ делік, онда туылған әкем, туылған қарындасым деп «жөнге» салу керек пе?! Тудым-ның мағынасы мән-мәтінде ап-айқын аңғарылады. Сондықтан оны туылдым деп өзгертіп, мағынасын сан-саққа жүгіртіп әурелеудің реті жоқ.

https://turkystan.kz/