Туған өлке түлектері
…1991 жылы КСРО құрамындағы Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, өз билігіміз өзімізге тиді! Егемен ел ретінде қай мәселені де ешкімге жалтақтамай дербес шешетін болдық. Соның нәтижесінде жаңа әкімшілік басқару жүйесі енгізілді. Осы кезде, яғни, 1992 жылы ақпан айында, Жамбыл облысы әкімінің шешімімен, әлбетте, жоғарғы жақпен келісе отырып, Мойынқұм ауданының әкімі лауазымына Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов тағайындалды.
Бұл өте дұрыс таңдау еді. Өйткені, ол аталған құмды өңірдің, туған жерін шыныменен сүйетін ақ-адал перзенті, бірталай үлкенді-кішілі жұмыстарда өзін жақсы көрсете білген, оның бәрінде де іскерлігін, қабілет- қарымын тамаша паш еткен азамат болатын.
Иә, еңбек жолын Жамбыл совхозының құрылыс саласында мастер, прорабтықтан бастаған Бәкең үлкен талап- талпынысының, істің көзін ілезде таба алатынының, аса алғырлығының арқасында сол тұстағы Фурманов атындағы совхоздың директоры, әйгілі Иван Готфридович Экгардт басқаратын №2006 ПМК-ның бас инженері, №45ПМК-ның басшысы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ел — жұртқа жарқырай танылған еді.
Осы ретте алдыменен атап айтарым, мына өткінші, өзгермелі дүниеде өз басымның нағыз кісілігімен, арлы адамдығымен, білікті басшылығымен, ілкімді жетекшілігімен ерекшеленетін Бағлан Жиенәліұлына деген құрметім айрықша! Бұл сөзімді қолдайтын мойынқұмдықтардың аз еместігіне де кәміл сенімдімін. Әрі Бәкеңнің қол астында жаманды-жақсылы, азды-көпті қызмет істегеннен кейін де осылай тұжырымдауыма негіз бар деп ойлаймын.
Мен о тұста аудандық газеттің редакциясын басқарамын. Жұмыс барысында ол өткізетін әртүрлі жиын-жиналыстарға жиі-жиі қатысамыз. Бәкең тапсырма береді, біз аудандағы бірден-бір бұқаралық ақпарат құралы ретінде, оны оңымен орнықты орындауға барынша күш саламыз. Себебі, түптеп келгенде, барлығы да елдің жайына, халықтың жағдайына байланысты маңызды мәселелер ғой!
Осыған орай тағы бір атап көрсетейін дегенім, Бәкең кейбір босбелбеу басшылар сияқты бостан-босқа мыжып отырмайтын, қашанда нендей жағдай болса да, қысқа сөйлеп, нақты әрі жөніменен жөн сілтейтін, бәрін дәлелдеп, жеріне жеткізіп келтіргенде, тіпті, шегінуге жол қалдырмайтын…
Сонымен қатар, созбалаққа салып сандалтып қоятын «көреміз, байқайық» деген сөзді айтпауға тырысатын, бірден (өзі іштей жедел сараптап, салмақтап алатын болуы керек) «болады» дейтін, не «болмайды» деп бір-ақ кесетін, өтің жарылып кетсе де …
Мені өте бір риза ететіні, Бағлан Жиенәліұлы аудандық газеттің маңызын жете түсінетіндігінен, айқын білетіндігінен болар, оған айрықша мән берді.
Тоқсаныншы жылдардың бас жағындағы, егемендіктің елең-алаңындағы ел басындағы ауыртпалық жергілікті басылымдардың төбесіне де қара бұлт үйірді… Біз тікелей органы саналатын аупартком жоқ, облыстық полиграфия басқармасы да (баспахананы материалдық- техникалық жағынан жабдықтау, редакцияны газет қағазымен қамтамасыз ету, тіпті, қаржыландыру солардың мойнында еді ) бізді «лақтырып» тастады… Осындай қиындықтардан солтүстік облыстардағы кейбір аудандық газеттердің жабылып қалғанын да білеміз…
Сонда Бәкеңнің тікелей қамқорлығының арқасында алыстағы Мойынқұмның газеті шығуын ешқашан тоқтатқан жоқ! Мақтануға да болады, облыстағы басқа аудандық басылымдар бір ретке көшкенде, біздің газетіміз аптасына екі рет жарық көріп тұрды. Бұл, әрине, қиыннан қиыстырып қажетті қаржыны тауып беріп отырған, басқа да сандаған көмегін аямаған Бәкеңнің арқасы еді!
…Газет басатын қағаз таусылар шақта әдеттегідей әкімнің алдына барамын. Ол кісі тиісті қаржыны жолын тауып (заңды түрде, әрине, ) тапқызып аудартады да, ертеңіне жағдайы төмендеп бара жатса да, жұмысын әлі тоқтатпаған Көктерек автокөлік кәсіпорнынан бір «КамАЗ»-ды аламын да, қағаз әкелу үшін Алматы қайдасың деп тартып кетемін… Өйткені, бұрынғыдай емес, қағазды өзіміз іздеп табушы едік сол кезде.
Бәкеңнің бұқаралық ақпарат құралдарына деген оң ниетін, тіпті, құрметі деуге де болар, мына мәселеден анық білесіз, қадірлі оқырман! 1995 жылы газетімізге 30 жыл толды. Соны білген Бағлан аға оны лайықты атап өтуді ұйғарды, әрине, демеушілердің көмегімен, күшімен. Сонымен осындай қиын кезде де жұмыс істеп тұрған Ақбақай алтын комбинаты бастап, агроөндірістік кооперативтер (бұрынғы совхоздар)қостап, басқа да ірілі-ұсақты шамасы жететін мекемелер үлесін қосып, газеттің мерейтойын аудан басындағы Сауда орталығының екінші қабатындағы кафеде дүрілдетіп атап өттік. Алдында әкімдікте салтанатты жиын болған. Шамасы жететін мекеме, ұйымдар қаржылай сыйлық әкелсе, өндірістік кооперативтер мал берді…
Мұны айтқанның ешқандай ұяттығы жоқ деп ойлаймын. Есімде қалғаны – «Көктерек» (директоры білгір басшы Үмітқұл Бекбаев) бір жылқы атап, ол осы тойға арналып сойылды. Сол сияқты «Құмөзек» (директоры марқұм, жаны жаннаттың төрінде жатқан шығар, Әшімхан Сатыбалдиев), Жамбыл атындағы (басшысы марқұм, өзі мықты спортшы, өзі елге жанашыр Тұрар Бердіқожаев еді), «Қарабөгет» (жетекшісі өзі де, сөзі де сұлу, шаруаның жайына жетік Жамбыл Қалыбаев) бір — бір қарадан атады. Қара басып (жас та біразға келді ғой) ұмытып қалғандарымнан шын көңіліммен кешірім сұраймын. Ал, бұл жағдай, сол бір ауыр шақта «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» аудан журналистерінің жағдайын бір көтеріп тастап-еді-ау!
Бәкеңнің тағы бір ерлігі – 1994 жылы, ауыртпалық әлі аяқтан тартып тұрса да, ел қорғаны болған Ақеділұлы Биназар батырдың жатқан жерін ретке келтіріп, көрікті кесене тұрғызғаны және 190 жылдығын атап өтуді тамаша ұйымдастыруы. Бұл, сөз жоқ, мойынқұмдықтардың рухын көтерген, ел тарихында ерекше орын алатын ардақтыларымыздың қатарындағы бабамыздың өрлік, ерлік істерін ұлықтаған үлкен оқиға болған еді. Әрине, батыр тойы ең алдымен халықтың ыстық ықыласымен, күшімен, ұйымшылдығымен өтті. Бірақ, көптің ойын орнымен ескеру, игі істерге бастамашы болу, жоқтан бар жасау, мойынқұмдықтардың тілек-ниетін бір арнаға тоғыстыра білу, сөйтіп, бұл салтанаттың жоғары дәрежеде орайын оңынан келтіру сол бір кезде оңай емес еді-ау. Бірақ, ол Бәкеңнің қолынан келді! Сол кезде алқалы ас берілгені, ақындар айтысы, ат бәйгесі, палуандар белдесуі болғаны елдің есінде.
Бағлан аға басқарған тұста, сонымен қатар, барша қазақтың Жазатасы, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 100 жылдығы «Тұлпарсаз» жайлауында кеңінен аталып өтті, аты алысқа кеткен от ауызды, орақ тілді ақын әрі шешен Қылышбайдың рухына құрмет көрсетіліп, туған жеріне ескерткіш-белгі орнатылды.
Аудан орталығында облыс бойынша алғашқыларының бірі болып Алланың үйі – сәулетті мешіттің ашылуы да аталған әкімнің күш-жігерімен жүзеге асқанын айтқанымыз жөн.
Байыпты басшы мойынқұмдағы басқа да халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ортақ шаруаға қатысты барлық жұмысты да жүйелі жүргізе білді.
Әсіресе, ауданның күш-қуатын арттыратын, осылайша қаржы-қаражатын молайтатын өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Оның ішінде аса бағалы алтын өндіретін Ақбақай кен байыту комбинаты, Шығыс және Батыс кен басқармалары және тағы басқалары бар.
Ол кісінің отбасыммен қысылып-қымтырылып тұрған екі пәтерлі үйдің бір басынан шығуға жағдай жасап, үлкен, жеке баспана алып бергенін қалай ұмытайын! Кадрға деген қамқорлықтың бір белгісі ғой бұл.
Мықты басшының аты мықты басшы, ондай жеңісті жетекшіні жоғары жақтағылардың қырағы көзі бірден шалады да үлкен сенім артады. Сондық-тан ол кісі кіндігін кескен туған жерінен кейін Шу, Меркі, Жуалы аудандарында әкім болды. Одан соң облыстық тәртіптік кеңестің (сол кезде ғой мені де осы кеңестің штаттан тыс инспекторы етіп, куәлігін бергені) тізгінін ұстап, мемлекеттік қызметшілердің талай теріс әрекеттерінің жолын кесті…
Сонымен қатар, бірталай жыл Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы ретінде бүткіл Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне үлкен үлесін қосты.
Басқару ісінде тәжірибесі өте мол, жетекшілік жұмыста әбден ысылған, білімді, білікті Бәкең қазір де аттан түскен жоқ, бүгінде облыстық кәсіподақтар кеңесін басқарып, мұнда да ортақ игілік орайындағы барлық тірліктің оңға басуы жолында қызмет етуде.
х х х
…Бағлан аға, жасыра алмаймын, мені де екі рет қатты қыспаққа алып, «жанымды шығарды». Фурманов атындағы совхоз директоры кезінде аупартком жанында кезігіп қалып едім «Әй, бала, сен неге газетіңе біздің шаруашылықтың көрсеткішін төмендетіп жазасың, бұл қалай, жұмысыңа жөндеп қарамайсың ба?! »дегені ренішін ашық білдіріп. «Ол енді райстаттың мәліметі ғой» деп міңгірлегенімді білемен сонда. Газеттің кезекті нөмірі шыққанша мәліметтің кез- келген уақытта өзгеріп кететінін қалай түсіндіремін ол кезде, өзім батылдығым, батырлығым аз жас редактор болсам…
Екінші рет, иә, екінші реттегі әңгіме өте күрделі еді. Ол тұста Бәкең аудан әкімі. Өңіріміздегі үлкен бір өнеркәсіп орнының басшысы мені шақырып жағдайды тәптіштеп түсіндірді. Олардың қуатты кәсіпорнын жоғарыдағылардың кейбірінің пәрменімен, сол мезгілдің бір «оңды үрдісінің» бірі ретінде, шетелдіктерге сату жөнінде ұйғарым жасалыпты!. .
Содан бұған қарсылық білдіріп әлгі басшы екеуіміз Президентке ашық хат жаздық, астына ұжымның барлық дерлік мүшесі, ішінде жетекші инженер- техник қызметкерлер бар, қол қойды.
…Бір күн өтті ме, өтпеді ме, мені Бәкең кабинетіне шақырды. Кіріп барсам, қатты ашуланып отыр екен, қолын жоғары сермеп «Әй, Қадықов, саған кім ана ашық хатты жаз деген!Сен соны өз қолыңмен «өрнектегенде» арты не боларын ойладың ба, ойламадың ба?! Мен бас редактормен сөйлесіп қойдым, жаныңның барында тез жет те, әлгі хатты қайта алып кел!» деді. Мен басымды төмен салып «Сіздер өндіріс басшысымен өзара келісіп істеген шығар деп ойладым ғой» дедім. Сөйтсем, бұл мәселе мемлекет басшысына ашық хат жазбай-ақ, басқа жолмен, яғни, ол шетелге берілмей-ақ, сатылмай-ақ шешіліп қойған екен ғой сол кезде, әсіресе, мен оны қайдан білейін…
…Сол күні кешкісін Алматы қайдасың деп «Икаруска» міндім де таңертең республикалық басты газет бас редакторының алдында отырдым. Сөйтіп, ашық хатты қайтарып алып келдім…
Иә, Бағлан аға да туған жеріне көп еңбек сіңірді. Компартияның билігінен құтылғаннан кейін ауданда жаңа формациядағы бірінші әкім болды. Тәуелсіздік әкелген игіліктердің алғашқы екпінінде күн-түн демей жалпының жағдайы үшін жұмыс атқарды. Туған ауданының абыройы артуы үшін, халықтың жағдайы үшін қолынан келгенінің бәрін де істеді. Барлығы қат, барлығы да жоқ уақытта, ақылы мен еңбегін бірге қосып, нарықтық экономиканың сандаған бұлтарыс-бұрылысынан адаспай сара жол таба білді. Сондықтан да аудан тарихында ол кісінің де есімі қалады десем, артық айтпағаным.
х х х
…Кез-келген мықты еркектің артында оны ерекшелейтін, ісін ілгерілетуге жанын салып жәрдем ететін, қолтығынан демеп қоштайтын, арқасынан қағып алға бастайтын әйел тұрады деген мағынадағы бір сөз бар!. . Осыған сайып айтсақ, Бәкеңнің Құдай қосқан қосағы, асыл жары, мерейлі Меркі ауданы сұлуының бірі Ермекбайқызы Зияда жеңгеміз де оның отбасының бақ-берекесін кіргізіп, ошағының отын маздата жақты. Үлкен қызметтегі отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасады. Өмірлік сенімді серігі бола білді. Әттең, осыдан бір-екі жыл бұрын жер бетіндегі дәм-тұзы таусылып, балаларын, жақындарын аһ ұрғызып ана дүниеге аттанып кетті!.. Бұл қайғы, әсіресе, Бәкеңе өте ауыр тиді. Бірақ, Алланың әміріне, тағдырдың жазуына не шара?!
Екеуі Құдай берген төрт қыз, бір ұлды адамдық тәлім-тәрбиемен өсірді, оқытты, тірлік-тіршіліктеріне дұрыс бағыт, бағдар көрсетті. Қазір бәрі де өмірден өздерінің оңды орындарын тапқан, отбасындабалаларын өсіріп, тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде де ортақ игілікке үлестерін қосуда.
Ғибаратты ғұмырының талай бел-белесін артқа тастап Бәкең де, міне, 75 деген жастың биігіне шығып отыр екен. Мойынқұмның төл перзенті, осы өлкенің өсіп, өрлеп, дамуында үлкен үлесі бар Бағлан ағаға алда да тек дүниедегі барлық игіліктер мен жақсылықтарды тілейміз. Денсаулығыңыз мықты болып, жасай беріңіз, Бағлан Жиенәліұлы!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Алматы облысы, Қарасай ауданы.
Суреттерде:
Бағлан аға ауданға атбасын бұрып, құрметті қонақ болған ұлтымыздың үлкен ақынының бірі, атақты қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен бірге.
Ұлы Жеңіс мерекесі кезінде. Бағлан Жиенәліұлы мойынқұмдық соғыс ардагерлерінің арасында (сол жақтан санағанда төртінші тұр).