«Туған жер» бағдарламасы аясында 35 жоба іске асырылады
2018 жылы Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында 35 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған нақты міндеттерінің бірі де бірегейі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын батыл іске асыру, маңызды реформаның игілігін межелі уақытында халықпен бірге көру. Бұл бағыттағы жұмысымыз жоспарлы іске асырылуда. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданда бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, тақырыптық ғылыми-конференциялар, зиялы қауыммен кездесу кештері, аудан оқушыларының еліміздің киелі орындарына саяхаты, аудан жастарының ел тарихын тану мақсатында экспедициялары ұйымдастырылды, — деді Асхат Берлешұлы.
Одан әрі аудан әкімі «Қазақстан — 2050» Стратегиясының ұлт денсаулығын нығайту мақсатында бұқаралық спортты дамытуды міндеттейтіндігін айта келіп, ауылдық округтер мен аудан орталығында балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары салынатындығын жеткізді.
– Аудан орталығында жуырда ғана «street workout» және балалар ойын алаңы ашылса, жақын күндері спорт және сауықтыру кешені іске қосылмақ. Ауданымызда жергілікті азаматтардың қолдауымен «Ана мен бала» демалыс саябағы ашылды. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аудан орталығында «Тәуелсіздік тұғыры» монументін ашуды жоспарлаудамыз. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат екендігін айтып, іскер жерлестерімізді бағдарлама бағыттарын іске асыру мақсатына жұмылуға шақырудамыз. Осы орайда, келер жылға жергілікті азаматтардың қолдауымен 35 жобаны іске асыруды ойлап отырмыз, — деді аудан басшысы.