ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН АЗАМАТ
Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылының тұрғыны, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тәуірбек Әшімов-аудан, облыс қана емес одан тысқарлы жерлерге де
танымал азамат.
Тәуірбек 1944 жылы Жамбыл облысы, Байзақ (Свердлов) ауданының Ақжар ауылындағы шаруа жанұясында өмірге келген. Еңбек жолын 1958 жылы «Трудовой пахарь» колхозында қатардағы колхозшы болып бастаған. 1960-1963 жылдары шаруашылықта механизатор, 1967-1980 жылдары жүргізуші болып еңбек етті. Арасында әскерде болып, Отан алдындағы азаматтық борышын атқарды.
Адал еңбек қашанда абыройға бөлейді. Тәуірбек өзіне тапсырылған жұмысты қашанда сапалы, өз мерзімінде орындайтын шаруашылықтағы алдыңғы қатарлы механизатор, жүргізушілердің бірі болды. Сондықтан колхоз басшылары оған үлкен сенім көрсетіп, 1981 жылы колхоздағы №3 өндірістік бригаданың бригадирі етіп тағайындады. Бұл аталған қызметті үздіксіз 17 жыл бойы абыройлы атқарды. Бұл жылдары колхоздың табысы тасқындап, атағы алысқа кеткен болатын. Колхозшылардың да жағдайы жақсарып, бүгінгі Түймекент ауылында бірнеше қабатты әсем ғимараттар бой көтеріп жатты. Ал бұған біз сөз етіп отырған ұйымдастырушылық қабілеті зор, адамгершілігі мол, үлкенмен де, кішімен де сыйласа білетін Тәуірбек Әшімовтың қосқан үлесі қомақты.
Тәуірбек аға сол кездегі колхоздың басшысы болған, ауыл шаруашылығы саласының білгірі Александр Львович Нахмановичпен бірлесе жүріп, үлкен жетістікке жетті. Еткен еңбек, төккен тер ешқашанда зая кетпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Ағамыздың көп жылғы жемісті еңбегі II және III дәрежелі “Даңқ” ордені, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі әртүрлі марапаттармен аталып өтті. Бұлардан басқа бірнеше мерекелік медальдарды кеудесіне тақты.
Тәуірбек аға жыл он екі ай бойы айналып келіп жататын колхоздың сан-салалы жұмыстарын атқара жүріп, қоғамдық жұмыстармен айналысуға да уақыт тапты. Мұнда да өзінің ұйымдастырушылық қырынан танылып, басшылар назарына ілікті. Соның арқасында Қазақстан Коммунистік партиясының XVII съезіне, Қазақстан Республикасы колхозшыларының III съезіне делегат ретінде қатысты. Онда колхоз, совхоздардың жұмысын жандандыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы өзінің ұсыныстарын айтып отырды.
Свердлов аудандық коммунистік партиясының бюро мүшесі, Буденовка ауылдық Кеңесінің депутаты, «Трудовой пахарь» колхозының басқарма мүшесі болған жылдары да үлкен мінбеден талай мәрте өзекті деген мәселелерді көтеріп, оның шешілуі туралы тиімді жолдарды өзі айтып отырғандарын бүгінде құрдастары бас қосқанда еске алып отырады.
Т.Әшімов еңбек ете жүріп, Румыния, Болгария, Чехословакия, Польша, Германия тәрізді мемлекеттерге туристік сапармен барғанын да айта кеткен жөн. Ол кезде Кеңес Одағына қарасты Республикалар ғана емес мынадай үлкен- үлкен бес мемлекетке бару көпке бұйыра бермеген бақыт деуге де болады.
Ағамыз бүгінде 80 жасты алқымдап қалса да ширек ғасыр бойы Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде ауылдың өсіп-өнуі, халық жағдайының жақсаруына байланысты өзінің көп жылғы мол тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ал мұның арасында тек еңбек туралы ғана емес, еліміздің келешегі жастар болғандықтан жастар тәжірибесін ешқашанда жадынан шығарған емес.
«Жерім-жүрегім, халқым-тірегім»,-деп ата-бабаларымыз айтқандай, жерін жүрегіндей, халқын тірегіндей көріп жүрген ардагерлер арамызда аз да болса барына шүкіршілік етеміз. Ондай аға буын өкілдерімен кездесе кетсек өткен күндерінен сыр шертетін әсерлі әңгімелерін айтып, өзіңді еріксіз баурап алады.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, сондай шежірелі, әңгімешіл қарияның бірі — Әшім ақсақалдан көргені көп, түйгені мол ақжарлық қария Тәуірбек Әшімұлы. Тәуірбек ақсақал әңгімені бастай қалса, тоқтату қиын. Әсерлі әңгімесі жалықтырмайды, қайта екпіндеп тыңдай бергің келеді. Соның енді бір-екеуіне тоқтала кетейін.
-1982 жылы басқа өңірлердегі тәрізді біздің ауылда да ауа райы шаруаға қолайсыз болды. Қыста қар аз түсті. Арпа, бидай, жүгері шықпай қалды. Ақылдаса келіп өндірістік бригада құрдық. Басшымыз А.Нахмановичтің басшылығымен 1000 гектар жерге жүгері ектік. Су бармайтын жерге насоспен су айдап, алқапты суландырдық. Сол жылы әр гектардан 100 центнерден өнім алдық. Бұл аудан ғана емес, облыс, тіпті республика көлемінде жоғары көрсеткіш болатын.
Алынған өнімді өңдеуге келгенде дайындық болмады. Жүгері сотасымен қырманға сыймай қалды. Колхоз кеңсесінің айналасына, ауылдық Кеңес, мәдениет үйінің алды, машина-трактор шеберханасы ауласына да жүгеріні төктік. Сонда да сыймады. Басшымыздың көрегендігінің арқасында 4 гектардай жүгері орнын тегістеп, қырман жасадық. Қырманға сабан төсеп өртедік те, тегістеп машинамен су септік. Содан соң оны катокпен ары-бері таптап, тегістегенде әлгі жер бетон сияқты қатып қалды. Қалған жүгеріні осы жерге жинадық. Осы жылы 1000 гектар жерден 10 мың тонна жүгері жиналды. Жүгеріні кептіру, дәнін бөлек алу жұмысын ұйымдастыру қабілеті мол жас маман Жанғали Қанатовқа тапсырылды. Ал ол сенімді абыроймен ақтап, колхозшылардың құрметіне бөленді.
Осы жылғы ерен еңбектері үшін Сандыбай Қасымбаев, Әбітхан Ибраев, Әбубәкір Бектұрысов, Серік Сәмірқұловтарға жеңіл көлік сыйға берілді. Ал әр гектардан 120 центнерден өнім алған Ә.Бектұрысов кеудесіне «Достық» орденін тақты.
Мен басшымыз Александр Львовичтен егістік жерден қырман дайындағанда неге сабанды өртеткенін сұрадым. Сонда ол «өңдеген жерде құрт-құмырсқа, зиянды жәндіктер көп болады. Солардан ауру тарамасын» дегені бар. Осындай білгір басшының арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткіздік.
1984 жылы Луговой және Свердлов аудандарының шекарасындағы “Шымырбай” аталатын жерде біздің №3 өндірістік бригаданың станы болды. Сонда бір күні А.Нахманович келіп, «әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Сен осы станның төңірегіне қара ағаш ек. Мен оны көрмеспін, ал сен оны көресің, сенің атың қалады деді. Біз осы жердегі 1 гектар жерге қара ағаш отырғыздық. Екі жылдан астам уақыт аталған ағашты суарып тұрдық.
2014 жылы үлкен жол бойымен келе жатып, сол ағашқа көзім түсіп, арнайы бұрылдым. Талдардың бойлары 20-25 метр шамасында өсіпті. Қасында мал жайып жүрген малшыдан бұл талды кім еккенін сұрадым. Бұл жерді «Тәуірбек талы» дейді дегенде бойымды қуаныш кернеп, сол Тәуірбек деген мен боламын деп өзімді таныстырдым. Қойшы балаға азын-аулақ сый-сияпатымды жасап, рақметімді айтып, әрі қарай жүріп кеттім. Осындай көреген басшыны осы күні сағынышпен еске алып, оның сол кездегі еңбегі жайлы кейінгі жастарға айтып отырамын.
Мен осы ауылдағы колхоз бастығы болған А.Нахмановичпен ұзақ жылдар бірге, жақын жағдайда қызмет еттім. Әлі есімде 1972 және 1975 жылы біздің колхозға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, шаруашылық жұмысымен танысты. Колхоздағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылық білдірді. Ал 1985 жылы Д. Қонаевты Т.Рысқұлов пен Байзақ ауданының шекарасында киіз тігіп, сонда күттік. Міне осылардың бәрінде колхоз бастығының жанында болдым.
Тағы бір айтарым Александр Львович үйінде науқастанып жатып, өмірден өтерінің алдында 10-15 күн бұрын мені үйіне шақырды. Өзін туған-туыстары Мәскеуге алып кетпекші екенін айтты. Алайда ол Мәскеуде өзін ешкім танымайтынын айтып, келіспеген. Егер өмірден өтсем мені ауылдағы мұсылмандар мен христиандар бейітінің ортасына жерлеуін айтып, өз колхозшыларына қарап жатайын дегенін жеткізді. Міне оның сол өтінішін орындадық. Бұдан кейін ол кісіні қандай ақылды, керемет адам деп таңданбайсың.
Келесі жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, экономика ғылымдарының кандидаты Александр Львович Нахмановичтің туғанына 100 жыл толады. Ауыл, аудан басшылары ұлтына қарамастан осы айтулы күнді елеусіз қалдырмай үлкен іс-шара ретінде атап өтсе, бұл біздің елдігімізді білдірер еді,-деген Тәуірбек аға көпке дейін ой құшағында қалды.
Біздің жерлесіміз, Сарыкемер ауылының тұрғыны болған, танымал ақын Қайыпназар Шотбасов айтпақшы:
Тоқтамайды мәңгі бақи, мәңгі көш,
Өте берер біреу ерте, біреу кеш,- деген өлең жолдары осындай азаматтарға арналып айтылған-ау деген ойда қалдым.
Кешегі Кеңестер Одағы кезінде «Трудовой пахарь» колхозында табыстың тайқазанын тасытуға өзіндік үлесін қосқан бүгінгі шежірелі қария, туған жеріне туын тіккен азаматтардың бірі — Тәуірбек Әшімовтың айтқан ұсынысына бізде қосыламыз. Колхозды ұзақ жылдар басқарып, мол табысқа жеткізген А.Нахмановичтің 100 жылдық мерейтойы аудан ғана емес, облыс көлемінде аталып өтілсе бұл бүгінгі еңбек адамдарына, жастарға үлгі болар еді.
Күнтуған АҚНАЗАРОВ,
білім саласының әрі ауданның Құрметті ардагері.
Түймекент ауылы.