«Туғанды биде иман жоқ»…
Ислам діні бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде ең әділетті қоғамдық жүйені жақтауымен де ерекшеленеді. Ондағы әділетті ұстанымдар өмірдің сан-саласын түгел қамтиды. Асыл дініміздің күн өткен сайын әлем жұртшылығының ықыласына бөленіп, ғаламды баурап бара жатқандығы ондағы баға жетпес осындай құндылықтармен тығыз байланысты.
Әділеттілік сөзі – ақиқатты жақтау, теңдікті ұстану, әр нәрсені өз орнына қою, әркімнің тиесілі ақысын беру, адамдықтан айнымау, туралықтан таймау, түзету, дұрыстау деген мағыналарға келеді. Ислам діні әділеттілік ұстанымы негізінде қоғамда берік тәртіп орнатып, кісі құқығының тапталуына, күштінің әлімжеттігі мен әлсіздің жәбірленуіне жол бермеген.
Әділдік – Жаратушы иеміздің көркем есімдерінің бірі, сондықтан бұл қасиет соңғы дінде толықтай көрініс тапқан. Қоғамдық өмірдің тыныштығы мен әлеуметтік теңдіктің қамтамасыз етілуі әділеттілік жүйесінің орнықты жұмыс істеуін талап етеді. Сондықтан, Алла Тағала қоғамда әділеттілікті ұстануды бұйыруда (Ағраф, 7/29).Тақуалыққа жақыны әділеттілік екенін айтып (Маида, 5/8), әділ құлдарын жақсы көретінін білдірген (Хұжурат, 49/9). Ақыретте де есеп таразысы құрылған уақытта өте әділ үкім шығаратынын, ол күні әркімге өз ақысы берілетіні де ескертілген (Юнус, 10/54). Әділ басшыға, әділ биге, әділ саудагерге, әділетті құлдарына ақыретте зор сый-сияпат барын айтып сүйіншілеген (Мүслим, Имара, 18).
Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз да (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың әміріне сай турашылдық пен әділеттіліктен таймады. Әділдігімен сахабаларына үлгі көрсетіп, әділетті болуды үмбетіне өсиет етті. Мына оқиғалар соның айғағы.
Бір жолы соғыстан түскен олжаны таратып жатқан тұста Зүл-Хуайсира атты бір бәдәуи ойланбастан «Әй, Мұхаммед, әділетті бол!» деп қалды. Сол мезет әлгінің сөзін хазірет Омардан (Оған Алла разы болсын) бастап біраз сахабалар ауыр қабылдады. Расулалла болса әуелгі биязы қалпын бұзбады. Алайда, жанары тұнжырап «Араларыңда мен де әділеттілікті ұстанбасам, басқа кім әділетті болады?» деді (Бұхари, Әдәб, 95).
Тағы бір жолы Махзұмдықтар арасында бір әйел ұрлық жасайды. Ақсүйек тұқымынан шыққандықтан, құрайыштықтар оған араша түскенді жөн көреді. Араға Үсәма ибн Зәйдті салады. Өйткені, Пайғамбарымыздың оны жақсы көретінін білетін. Үсәма әлгілердің өтінішін жеткізгенде, Алла елшісі бұл әділетсіздікке қатты ашуланып:
– Әй, Үсәма, Құдайдың үкімін өзгертпекпісің?! – деп ұрысты. Сөйтті де мешітке жамағатты жинатып былай деді: «Ертеде Исрайылдықтар әділетсіздіктері үшін құрыған. Олар әлсіз біреу қылмыс жасаса, дереу жазалап, күшті біреу қылмыс жасаса, жылы жауып қоя салатын. Алланың атымен ант етейін, егер сол ұрлықты өз қызым Фатима жасаса да жазасын бергізер едім» (Мүслим, Хұдуд, 11).
Ақтық сапарының алдында айтқан мына сөздері де Алла елшісінің өмірінің соңына дейін әділетті ұстанымынан таймағанын көрсетуде: «Әй, адамдар! Осыған дейін кімді жазықсыз дүрелеген болсам, міне, арқам, келіп өшін алсын. Кімнің дүниесін тартып алған болсам, міне, дүнием, келсін де алсын. Кектенер деп менен қорықпасын. Өйткені, кекшілдік қанымда жоқ. Мұқият болыңыздар, араларыңыздағы маған ең ұнамды адам – менде кеткен ақысы болса, келіп алған адам немесе оны кешірген жан» (Д.Ибрагим, «Адамзаттың асыл тәжі», 2т.). Міне, бұл ардақты пайғамбарымыздың өте әділ болғанын, тіршілігінде қылдай қиянатқа жол бермегенін көрсетуде.
Исламда басшылық – жауапкершілігі мол, ауыр жүк болып табылады. Басшылыққа кез-келген адамның тағайындалмағаны я жүрексінгені де сондықтан. Өйткені, басшы бірінші кезекте өте әділ болуы тиіс. Ел басқарған кісілер өз жауапкершілігін толық сезініп, әділеттіліктен таймаған жағдайда, ақыретте олардың зор құрметке бөленіп, нұрдан жасалған орындықтарда отыратындықтары сүйіншіленген (Мүслим, Имара, 18). Құранда «Алла сендерге аманатты иесіне беруді, адамдар арасында төрелік жасағанда әділеттілікке сай үкім беруді бұйырды» (Ниса, 4/58) деп, басшылықта әділеттіліктің алтын арқау екені білдірілген. Хадисте «Бір күн әділдікпен елді басқару алпыс жыл (нәпіл) құлшылық жасағаннан да артық» делінген (Мұттақи, Кәнзүл-Ұммал, 6/12). Яғни, Исламда әділетпен басқару құлшылық жасағанға тең сауап іс. Басшы ел мүддесін өз мүддесінен артық қоюы керек. Кері жағдайда хадисте мынандай қатаң ескерту жасалған: «Ел басқаруды мойына алған кісі өзін және отбасын ойлағандай қарамағындағыларды да ойламаса, қияметте жұмақтың иісін де сезе алмайды» (Бұхари, Ахкам, 8).
Осындай өткір аяттар мен хадистерді басшылыққа ала отырып мұсылман билеушілер тарихта ел басқаруда әділеттіліктің озық үлгісін паш етті. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеуді, әлсізді жақтап, әлділердің озбырлық жасауына жол бермеуді олар өздеріне қасиетті борыш деп білді. Айталық, хазірет Әбу Бәкір (Оған Алла разы болсын) мұсылман үмбетінің халифасы болып таңдалғанда, алғашқы хұтбасында-ақ жұртқа былай деп жар салды: «Құрметті халайық! Өзімді араларыңыздағы ең тәуір кісі санамаймын. Бірақ сіздер мені басшылыққа таңдадыңыздар. Бұдан былай ақиқатшылдығыма көз жеткізсеңіздер, соңымнан еріңіздер. Қателігімді байқасаңыздар, түзетіңіздер. Елді әділдікпен басқаруда маған болысыңыздар. Ақысын өндіріп алғанға дейін мен әлсіздердің қорғанышымын» (М. Ю. Қандахлауи. Хаятус-сахаба, 3/317).
Хазірет Омар да (Оған Алла разы болсын) тарихта қара қылды қақ жарған өте әділ басшы ретінде қалды. Мысыр әкімі Амр ибн Астың баласы жергілікті қыбтиға жұдырық сілтегенде, хазірет Омар (р.а.) әлгі қыбтиға өзін ұрған әкімнің баласын дәл солай ұрғызып тұрып, «Әркім анасынан азат болып туады. Сендер қашаннан бері халықты құлға айналдырғансыңдар?!» деп басшылықты сөккеніне қарт тарих куә (Мұттақи, Кәнзүл-ұммал, 7/660).
Нағыз әділдіктің көрініс беретін жері дауға үкім айтылатын кездер десек, Исламда билерден де әділ болу талап етілген. Құранда бұл туралы «Араларында Алланың саған түсірген үкімімен үкім шығар. Олардың әуейіне ешқашан ерме. Алла түсірген үкімдердің кейбірінен өзіңді айнытуларынан сақтан» деп ескертілген (Маида, 5/49).
Әділ болуы міндеттелген кісінің жауапкершілігі де үлкен. Осы себепті қандай да бір қателік жіберіп әділеттілік жасай алмай қалам ба деген қорқынышпен қазылық міндеттен бас тартқандар да болған. Бергі тарихтағы Имам ағзам Әбу Ханифаның да ұстанымы осы тұрғыда ойлантарлық. Оны Халифа Мансұр қазылыққа тағайындамақ болғанда, Әбу Ханифа бұл қызметтен саналы түрде бас тартып былай деген:
«Мен үшін кей уақыттарда мәжбүрлікпен әділетсіз үкім шығарғаннан гөрі жер құшып өліп кеткенім әлдеқайда артық. Байқауымша, шенеуніктер арасында менің әділ үкімімді ауырсынатындар бар. Сондықтан мен қазылық міндетті атқарудан бас тартамын» (А. Әділбаев., Ш. Әділбаева. Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы, б. 71; Ж. Зейдан. Медениети исламие тарихи. Стамбул. 1328.б.220).
Исламда адамдардың бәрі бір-бірімен тең саналды. Шеніне, шекпеніне, нәсіліне, лауазымы не байлығына қарай ешкімге артықшылықтар берілмеді. Хадистерде «Адамдар тарақтың тістеріндей бір-бірімен тең. Тақуалықтан басқа ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ» (Кәшфул-хафа, 2846); «Арабтың араб еместен, ақтың қарадан ешқандай артықшылығы жоқ, артықшылық тек қана тақуалықта» делінді (Ахмед ибн Хәнбал, Мүснәд, 5/411). Сондықтан да, халифа да, қара да заң алдында тең тұрды. Мына оқиға соны айғақтайды.
Хазірет Омар(Оған Алла разы болсын) халифа болып тұрған уақытында бірде Үбәй ибн Қағыб екеуі дауласып, Зәйд ибн Сәбиттің төрелігіне барып жүгінді. Хазірет Омар келгенде Зәйд ибн Сәбит халифаға құрмет көрсетіп төрге отырғызғысы келді. Бірақ хазірет Омар бұған қабақ шытып, «Бұл сенің жіберіп алған алғашқы әділетсіздігің» деді. Сөйтті де Үбәй ибн Қағыбтың жанына барып отырды. Үбәйдің дәлелі жоқ еді. Сондықтан, шағымданушы ант ішуі керек. Халифа болғандықтан Зәйд ибн Сәбит хазірет Омарға ант айтқызбай-ақ Үбәйға бұдан бас тартуды ұсынды. Алайда, хазірет Омар дауға билік жүргізіп отырған Зәйд ибн Сәбитке «Егер сен алдыңа келген халифа мен жай адамды тең тұтпасаң, бұл қызметке лайық емессің» деп ескертті (Бәйхақи, Кәнзүл-ұммал, 3/181).
Исламда мұсылмандарға ғана емес өзге дін өкілдеріне де әділетпен қаралды. Мұсылман басшылар ешқашан олардың жөнсіз жәбірленуіне жол бермеді. Өзге діндегілер наным-сеніміне бола шеттетілмеді. Мансабына, тегіне я сеніміне қарай мұсылмандар қандай да бір артықшылықты иеленбеді. Әйгілі Салахаддин Әйюби Құдысқа ат ойнатқанда сол жердің ғибадатханаларын бүтін күйде қалдырды, өзге сенімдегілердің құқық шектемеді. Мына жайт содан сыр ұқтыруда.
Хазірет Али (Оған Алла разы болсын) соғыста жоғалтып алған сауытын кейіннен бір еврейден көргенде, екеуі дауласып әділқазыға жүгінді. Мәселе қарала келе үкім жүргізген әділқазы хазірет Алидің дәлелі жеткіліксіздігін алға тартып, сауытты еврейге бергізді. Сонда әлгі еврей таңданып, «Мұсылмандардың халифасы менімен дауласып әділқазыға жүгінетіндей қарапайым, берілген үкімге бас иетіндей өте әділетті екен. Шынымды айтсам, бұл сауыт сіздікі, соғыста түсіп қалған соң мен алып едім» деп ағынан жарылды. Бұл оқиға әлгі еврейдің кәлима айтып, мұсылмандықты қабылдауына себеп болды. Хазірет Али сауытты еврейге қайта сыйлады (Ю.Қандахлауи, 1/216-217).
Міне, бұл Ислам дінінің өзге сенім өкілдеріне де әділеттілік танытқанын, заң алдында кез-келген сенім өкілін тең ұстағанын көрсетуде.
Ислам діні саудада да әділетті болуды бұйырды. Ол үшін бір-бірін алдамауға, кісі ақысына көңіл бөлуге, өлшеуіш құралдармен алушының ақысын жемеуге шақырды. Құрандағы «Әй, халқым, өлшегенде тура есептеңдер, елдің ақысын жемеңдер»(Хұд сүресі, 11/85); «Өлшегенде есептегішті тура ұстаңдар, тура таразымен тартыңдар» (Исра сүресі, 17/35), «Әділеттілікпен өлшеңдер, кем есептемеңдер» (Рахман сүресі, 55/9) деген аяттар саудада адал болу керектігін бұйыруда. «Кем өлшейтіндердің жағдайы қандай өкінішті! Олар өздері сатып аларда ақысын жегізбейді. Бірақ басқаларға соны сататын кезде, өлшегенде кем беріп қулық жасайды. Олар түбі өте маңызды күнде, бүкіл адамзаттың әлемдердің Раббысының алдына жиналатын күнде, қайта тіріліп жиналатындарын ойламай ма?» (Мұтаффифин сүресі, 83/1-6) деген аят саудада алаяқтық жасағандардың ақыреттегі жағдайы мүшкіл екендігін білдіруде. Тағы бір хадистерде алушысын алдамайтын адал саудагердің ақыретте пайғамбарлармен, шейіттермен бірге тірілтілетіндігі сүйіншіленген (Мүнәуи, Фәйзүл-қадир, 3/278).
Ардақты пайғамбарымыз саудадағы адалдықты жіті қадағалайтын. Осы мақсатта қажет кезінде ел ішін, сауда орындарын аралайтын. Бір жолы базарда бидай сатып тұрған бір кісіні көрді. Қаптағы бидайына қолын сұғып бойлатып көріп еді, беті құрғақ болғанымен, астыңғы жағы дымқыл екен. Сатушы себебін «жаңбырдан суланды» деп түсіндірмек болғанда, Расулалла «Ендеше, астыңғы жағын да неге ел көретіндей етпедің? Мұсылмандарды алдаған адам бізден емес» деп қатаң ескерту жасады (Мүслим, Иман, 164).
Ислам діні отбасында да әділетті болуды қолдады. Қызды қыз деп кемсітпеуге, ұл мен қыздың арасын алаламауға кеңес берді. Бір жолы бір сахаба ұлы жанына келгенде, маңдайынан сүйіп алдына отырғызды, артынша қызы жанына келгенде оны сүймеді. Бұны байқаған Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)әлгі кісіге «Екеуін де тең көрсеңші» деп ескертті (Мәжмауз-зәуаид, 8/156).
Тағы бір жолы бір сахаба келіп, Нұғман атты баласына көбірек мал бергісі келетінін білдірді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан өзге ұлдарына қанша тиетінін сұрады. Ол басқа балаларына түк бермейтінін айтқанда, «Алладан қорқыңдар, балаларға әділ қараңдар!» – деген жауап естіді (Бұхари, Һиба, 12-13).
Исламның әділетті жүйесі жалдамалы жұмысшылар мен үйдегі жалшылардың да құқық қорғады. «Маңдайының тері құрғамай тұрып еңбекақысын беріңдер» (Ибн Мажә, Рахина, 4), «Қол астыңда еңбек еткен жандар – сендердің бауырларың. Оларға өз кигендеріңнен кидіріп, өз жегендеріңнен жегізіңдер. Шамасы келмейтін жұмыстарға салмаңдар, егер салсаңдар, өздерің де бір жағына шығысып көмектесіңдер» (Бұхари, Иман, 22) деген хадистер әділеттілікте Исламға жетер діннің жоқтығын аңғартуда.
Ата дініміздегі осындай сыры кетпес, сыны биік ұстанымдарға қазақ халқы да талай ғасырдан бері арқа сүйеп келеді. Майқы бидің «түгел сөзі», Әз Жәнібек ханның «әдет-ғұрыптары», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді.
Қазақ қауымында әділеттің жақтаушысы, ақиқат-шындықтың қорғаушысы – билер болып табылды. Кемеңгерлігі тасқан, шешендігі асқан, шариғатқа жетік, білікті сөйлеп, кесімді пікір айта білген, тек иманға ұйыған әділ билер ел алдында өте беделді болды. Оларды халық ерекше құрметтеп «тура би» деп атады. Ал, әділдіктен ауытқып, туыс-туғанына бұра тартқан би қадірі кетіп, «имансыз» деп қатал айыпталды. Ондайлар көп ұзамай-ақ ел билігінен шеттетілді. Халық арасындағы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Әділ биі бар елді дау араламайды» деген нақыл сөздер осындай халық тәжірибесінен барып туды.
Халқымыз адалдықты – ар-ұжданның серті деп біліп, имандылықты – беттің ары деп ұққандықтан, жас ұрпақтың ақыл-ойын әділдікпен шыңдап өсірді. Жастайынан ақиқатшыл бала билерді тәрбиеледі.
Қорыта келгенде, мейлі ел басқару, дауға төрелік жасау, сауда қатынастарында, отбасында, куәгерлік жасау т.б. жағдайлардың барлығында Ислам діні әділеттілікті сақтауға айрықша маңыз береді. Өйткені әділеттілік – Жаратушымыздың бір сипаты, мұсылмандардың ең ізгі қасиеті, кемел қоғамның көрінісі. Жоғарыда келтірілген тарихи деректердің барлығы да әлемдегі ең әділетті діннің Ислам екенін дәлелдеуде.
Құдайберді БАҒАШАР