Түймекент қалашығы
VI-ХІІ ғғ. жататын Түймекент ортағасырлық қалашығы Байзақ ауданы, Түймекент ауылының оңтүстік шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Қалажұртты алғаш рет 1894 ж. В.В. Бартольд, 1936-38 жж. КСРО ҒА ММТИ (А.Н. Бернштам) және Қазақстандық бөлімшенің ОАЭ зерттеді. 1986 ж. қалажұртта ҚазКСР ҒА ТАЭИ (К.М. Байпақов) тарих және мәдениет ескерткіштер жинағының археология экспедициясының отряды жұмыс істеді. 2000 ж. ҚР ҒА Ә.Х.Марғұлан атындағы Археоло¬гия институтының ОҚКАЭ (К.М. Байпақов) зерттеген. Қалажұртта шурфтар салынып, олардан өңсіз материал¬дар алынды. 2010 ж. «Археологическая экспертиза» ЖСШ ескерткіштер Жинағы экспедициясы зерттеп, құралмен жоспарын түсірді.
Тікбұрышты үлгідегі (250х310м) бұрыштары дүние тараптарына қараған қалажұрт, бұрыштары мен периметрі бойынша мұнаралары бар биік дуалмен қоршалған. Қабырғаларының әрбірінде 7 мұнарадан болған. Дуалдың биіктігі – 4-6 м, мұнараларының биіктігі – 4,5-7 м. Қалажұрт территориясына кіретін қақпа солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қабырғаларда орналасқан.
К.М.Байпақов алғашында Түймекентті Тараздан 7 фарсах жерде орналасқан Кавекет (Кевакиб) деген жердегі Дех-Нуджикес қаласымен баламалауды ұсынып, кейіннен оны Түймекент ауылының жанындағы қаламен баламалаған.
В.В.Бартольд Түймекент қаласы орналасқан жердің стратегиялық жағынан өте ыңғайлы екеніне тоқтала отырып, қаланың атын Тойма (Түйме) қызбен байланыстырып, ол туралы аңызға көңіл аударған.
1905 ж. В.А. Каллаур жариялаған «Древние киргизские легенды о постройке Акыр-Таша» деген мақаласында Түймекентті мекендеген Көкшехан мен қызы Түйме сұлу, Алаңғасар алып және оның баласы жайлы уақиғаларды жүйелі түрде баяндаған. Бұл аңыз туралы ғалым Ә.Х. Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар» атты еңбегінде жазған болатын.