Түлектер Елбасы қолынан диплом алған күн
Кеше Мемлекет басшысы Назарбаев Университеті студенттеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Рәсімге студенттер, олардың ата-аналары, Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылық құрамы қатысты.
Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде түлектерді оқу орнын табысты аяқтауымен құттықтап, университет жас мамандардың екінші легін өмір жолына шығарып салып отырғанын атап өтті.
– Былтыр мен университетіміздің алғақшы түлектеріне диплом тапсырған едім, бүгінде олардың нәтижелерін мақтаныш етіп отырмыз. Олар өз ісінің нағыз кәсіпқой маманы ретінде қалыптасты, Қазақстанның және шет елдердің жетекші компанияларында жұмыс істеп жатыр. Көпшілігі шетелдік ғылыми-зерттеушілік орталықтарында білім алуын жалғастырды. Ал бүгін университет қабырғасынан «үлкен өмір жолына» тағы 638 маман – 457 бакалавр және 181 магистр аттанғалы тұр. Университет тек Қазақстан үшін емес, көптеген дамыған елдер үшін де сирек кездесетін бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Ол – биохимиялық және ядролық инженерия, роботты техника мен мехатроника, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы оқу орны білім берудің ең озық дәстүрлерін ұштастырып, бүкіл әлемдегі мықты оқытушылардың басын қосты, студенттерге білім алу үшін ең заманауи материалдық-техникалық құралдар мен зертханаларды ұсынды.
— Университет әлемдік деңгейдегі ғылым және білім беру орталығы болып қалыптасқанын бәріміз мақтан етеміз. Оның үстіне студенттер үшін оқу тегін. Назарбаев университетінде білім алу құны бакалавриат бағдарламасы бойынша – 4 жылда орта есеппен 87 мың доллар, магистратура үшін 36 мың доллар болады. Бұл шығыстардың барлығын мемлекет өтейді, өйткені бізге кадрлар өте керек, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 10 мыңнан астам Қазақстан жастары «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алғанын және оқып жатқанын еске салды.
– Мемлекет оқу ақысын, стипендия және көлік шығындарын төлейді. Бұл – орасан мол қаржы. Мәселен, «болашақтық» бір магистрді оқытып шығудың құны Ұлыбританияда – жылына 55 мың доллар, АҚШ-та екі жылда – 136 мың доллар. PhD бағдарламасы бір докторант үшін Ұлыбританияда төрт жылға 200 мың доллар, АҚШ-та бес жылда – 400 мың доллар тұрады. Мемлекет сіздердің заманауи және бәсекеге төтеп бере алатын білім алуларыңыз үшін қамқорлық жасады. Енді сіздер оны өз елдеріңнің игілігі үшін пайдаланып, қызмет етуге тиіссіздер, – деді Қазақстан Президенті.
Нурсұлтан Назарбаев оқу орны жоғары деңгейдегі кадрларды даярлау үшін ашылғанына назар аударып, түлектерді экономиканың нақты секторына баруға шақырды.
– Университет басшылығы түлектерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша бағдарын өзгертіп, Қазақстандағы жұмыс берушілермен өзара белсенді ықпалдастық орнатқаны жөн. Еліміздің ұлттық холдингтері мен компаниялары, мемлекеттік органдар халықаралық деңгейдегі отандық мамандарға өздері мүдделі болып, Назарбаев Университеті түлектерін қызметке жөнінде бірлесіп жұмыс жүргізуге тиіс. Университеттің Қамқоршылық кеңесі мен басшылығы осы мәселелермен айналысып, Үкіметке нақты ұсыныстар беруі керек, – деді Мемлекет басышсы.
Қазақстан Президенті университет тарихының Астана жылнамасының бір парағына айналғанын атап өтті.
– Астана сан ғасырлық тарихы бар өзге көп қаладан инновациялық рухымен ерекшеленеді. Келесі жылы біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткіземіз, оның тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болуының символдық мәні зор. Әлем білім экономикасы және Төртінші технологиялық төңкеріс дәуіріне аяқ басып отыр. XXI ғасыр – жедел өзгерістер уақыты. Бүгінде жұрт өздеріне 50 жылдан соң белгілі болатын нәрсенің тек 5 пайызын ғана біледі. Мысалы, небәрі жарты ғасыр бұрын біз Интернет, ұялы телефон демесе сымсыз желі арқылы мәлімет беру дегенді көзге елестете де алған жоқпыз. Қазір, керісінше, адамдардың бүгінгі өлшеммен алғанда тым көлемді және баяу жұмыс істейтін алғашқы телетайптар мен компьютерлерді қалай пайдаланғанына таңғаламыз. Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі газ, мұнай немесе алтын сияқты дәстүрлі ресурстармен өлшенбейді. Сондықтан жаңа экономиканың негізгі қағидаттарына баса ден қоюымыз бекер емес. Ондағы маңызды рөлді бірегей білімі мен машығы бар жаңашыл кәсіпқойлар командалары атқарады. Университетіміз дәл сондай мамандарды даярлау үшін жұмыс жүргізеді. Біздің жетістіктеріміз, жаңалықтарымыз және инновациялық идеяларымыз еліміздің тарихының маңызы бөлігіне айналады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осы орайда түлектердің табысқа жетуіне тәлімгерлер мен педагогтардың сіңірген еңбегін атап айтып, университеттің профессор-оқытушылық құрамына, сондай-ақ Қазақстанның барша педагогтарына жаңа буын қазақстандықтарға білім мен тәрбие беру жөніндегі жауапты жұмыстары үшін ризашылық білдірді.
Қазақстан Президенті бүкіл әлем қоғамдастығы XXI ғасырда күн сайын дерлік жаһандық, соның ішінде әлеуметтік қауіптермен, сын-қатерлермен және апаттармен бетпе-бет келіп отырғанына тоқталып өтті.
– Бүгінде әлемде 800 миллиондай адам аштықты бастан өткеруде. Әр жылы аштықтан 6 миллион бала және 30 миллион ересек адам көз жұмады. Жыл сайын әлемде этносаралық, конфессияаралық және әлеуметтік негіздегі әскери қақтығыстың 30-дан астам ошағы пайда болады. Дәл сондай елдерде мемлекеттерді талқандап, апат әкелетін терроризм мен экстремизмнің туындауына қолайлы жағдайлар қалыптасады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бірнеше күн бұрын ғана Қазақстанда бірінші рет ауқымды террористік шабуыл болғанын еске салды.
– Бұл – өз халқына қарсы жасалған қылмыс. Осы террористік актіні қалайда біздің елімізді қақтығыстар құрдымына құлатып, терроризмнің белең алуын көксейтіндер жасады. Өрімдей жас полиция қызметкерлері мен әскерилердің ерлігі – бүкіл жастарымыз үшін үлгі. Олар террористерге тойтарыс беріп, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірді. Татулық, тыныштық және қауіпсіздік – тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтары. Онсыз ұлтымыздың болашағы болмайды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев осы күндері бүкіл ел бойынша мыңдаған қазақстандық студенттер диплом алып жатқанына назар аударды. Олардың оқу бітіруі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келуімен ерекшеленеді, соған орай Мемлекет басшысы барлық Қазақстан жастарына сөз арнады.
– Ширек ғасырда біздің Отанымыз барша қазақстандықтар еңбегінің арқасында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Бірқатар жаһандық рейтингтер көрсеткіштері бойынша, Қазақстан қазірдің өзінде дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бүгінде біздің алдымызда бұрынғыдан да ауқымды міндеттер тұр. Әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылу жөніндегі өршіл мақсатқа жету үшін «100 нақты қадам» ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Бұл тұста сіздердің, жастардың рөлі ерекше. Әр адамның өмірі оның төзімділігін сынайтына тағдырдың тосын өзгерістеріне толы. Нағыз бақыт – адамның өз өмірінің әр сәтінде дұрыс таңдау жасап, сол арқылы сырт әлеммен және өз болмысымен үйлесім табуы. Егер жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділеттілікті таңдаса, әрдайым табысқа жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы іс-шара барысында магистратура мен бакалавриат түлектеріне үздік дипломдар тапсырды.
Сөз сөйлеген студенттер мен оқытушылар Нұрсұлтан Назарбаевқа университетте жасалған жағдай үшін алғыс білдіріп, еліміздің дамуы жолына күш салатындарын айтты.