Түлік қыстан шығынсыз шығуы үшін…
Шаруалар үшін жылдың төрт мезгілі де қарбалас. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын ауылдықтар жыл он екі ай тыным таппайды. Үш ай жаз, үш ай күз бойы қысқы мал қыстату науқанына дайындалған жеке шаруашылық құрылымдары мал басын қыстан аман шығару үшін төрт түліктің азығын дайындады, мал қоралары мен малшылар үйін жөндеп, ретке келтірді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметінше 2020-2023 жылғы мал қыстату науқанына облыс бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда 503,8 мың бас мүйізді ірі қара, 3376 мың бас уақ мал, 168,5 мың бас жылқы және 8,3 бас түйе түскен.
Мал қыстатуға дайындық шаралары барысында егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардан өткен жылдан 676 мың тонна артық, 1 828,1 мың тонна пішен дайындалған. Жоспар 103,8 пайыз орындалыпты. 491 мың тонна сабан, 64,1 мың тонна пішендеме, 65,5 мың тонна сүрлем дайындалған. Мал азығының қай түрінен болмасын жоспар 100 пайыздан жоғары орындалыпты. Дәнді дақылдар балансы бойынша облыс бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақтаулы көрінеді.
Облыс аумағында жылдық қуаттылығы 89400 тонна құнарлы жем шығаратын «Торговый дом GOODLOOK», «Қордай-Корм», «Луговской конный завод» және «Ел-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді. Бүгінге дейін 35479 тонна құнарлы жем дайындалған. Бұдан бөлек, өткен қыс мезгілі қолайлы болғандықтан былтырдан қалған 82,5 мың тонна пішен және 47,6 мың тонна сабан қоры бар. Барлық санаттағы шаруашылықтардың 2022-2023 жылдардағы мал қыстату кезеңіне жасалған жем-шөп теңгерімінің есебі әзірленген.
Қолдағы мал 5862 мал қыстату орындарына орналасса, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, құм өңірінде. Дайындалған шөптің негізгі бөлігі мал қыстауларына уақтылы жеткізілуде. Әр ауданда мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуге байланысты штаб құрылған. Оған аудан әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары басшылық етеді. Штаб құрамына ауыл шаруашылығы саласына жауапты тұлғалар, іргелі кәсіпорындардың жетекшілері енген.
Штаб мүшелері мал қыстау учаскелерінде жол тазалау, техника қажет болған жағдайда қамтамасыз ету сынды мәселелерді шұғыл шешіп отырады. Әзірге қолға алынған нақты жұмыстың нәтижесінде шаруашылық құрылымдарында мал қыстату науқанында ешқандай мәселе туындаған жоқ. Дегенмен жылдың соңы, қыстың басы желтоқсан әлі келген жоқ. Алда қақаған қаңтар, аязды ақпан бар. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген бұрыннан келе жатқан сөз жеке ауыл шаруашылық құрылымдары басшыларының да, аудан әкімдерінің де есінен шықпаса дейміз.
Амангелді ӘБІЛ