ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 МЫҢ ТОННА ҚҰС ЕТІН ӨНДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі