ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-1 бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде және Түлкібас ауданы мәслихаты депутаттарының келісімдері бойынша, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Түркістан облысы, Түлкібас ауданының әкімі болып Естібаев Асқар Сұлтанұлы тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді аудан активіне таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттары жаңа әкімнің канидатурасына қолдау білдірді.
Түлкібас ауданының әкімі қызметін атқарып келген Ізтілеуов Нұржан Жақсылықұлы басқа қызметке ауысуына байланысты, қызметінен босатылды.
– Ауданның жаңа әкімі депутаттармен бірлесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға, Президентіміздің саясатын жүйелі түрде іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды деп сенемін. Бағыт айқын – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын көтеру, – деді Дархан Сатыбалды.
Асқар Естібаев 1974 жылы, 18 шілдеде Түлкібас ауданында дүниеге келген, білімі жоғары. «Заңгер», «экономика» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1998 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының приставы болып бастаған. 2002-2006 жылдары Астана қаласы сот әкімшісінде бөлім бастығы, Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша «Қаржылық борыштармен жұмыс орталығы» филиалының директоры, Астана қаласы «Қалалық жылжымайтын мүлік» кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарған. 2006-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат, Көлік және коммуникация, Мәдениет және ақпарат министрліктерінде түрлі деңгейде басшылық лауазымдарда еңбек еткен.
2013-2022 жылдары Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, «Шымкент» әлеуметтік–кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде басқарма басшысы, департамент директоры қызметтерін атқарған. 2022 жылдың қазан айынан осы уақытқа дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып келді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі