ТҮЛКІБАСТА ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОБАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу шараларын жалғастыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түлкібас ауданында тиісті жұмыстар жүруде.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев «Састөбе инновациялық кешені» және «Стандарт пауер» ЖШС өкілдерін қабылдап, жоспарлары мен жобаларымен танысты.
Жылына 1 млн тонна цемент, 400 мың тонна әк және басқа да құрылыс пен өнеркәсіп саласына аса қажетті материалдарды өндеуді жоспарлап отырған кәсіпорындар 2026 жылы іске қосылады деп көзделіп отыр. Жалпы құны 299 млрд теңгені құрайтын жобалар толығымен іске асқан жағдайда 1200 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Басқосуда кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік қолдаулары жайында сөз қозғалып, құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды.
Аудан әкімі кәсіпорындар іске қосылған жағдайда жұмысшының басым бөлігі аудан тұрғындары болуы қажеттігін ескертті. Сонымен бірге Қытай еліне жаңа технологияларды меңгеру мақсатында қысқа мерзімді оқу курстарына баратын 30 маманды сол маңдағы ауыл тұрғындарынан жіберу керектігін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс науқаны уақытында мердігер компанияларды ауданға тіркетіп, жергілікті бюджетке салық түсіру, құрылыс кезінде ауыл азаматтарын барынша жұмысқа тарту, Кершетас ауылында балалар ойын және спорт алаңшасын салу және Састөбе кентін жедел-жәрдем автокөлігімен қамту бойынша демеушілік көмек беру мәселесі келісілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі