Тұрар ізімен келген құндылық
Мемлекеттілігіміздің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға Тұрар Рысқұловтың туғанына – 130 жыл. Айтулы мерейлі датаға орай еліміздің барлық өңірлерінде мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов өмірі мен қызметінен мол мағлұмат беретін әртүрлі іс-шаралар, көрмелер мен конференциялар және жастармен кездесулер өтіп жатыр.
Желтоқсан айының соңында Алматы облысы Талғар ауданы Т.Рысқұлов ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы №16 орта мектепте «Тұрар ізімен келген құндылық – бүгінгі ұрпақ келбетінде» тақырыбымен тағылымды іс-шара өтті. Шараға тарихшылар мен ардагер ұстаздар, Т.Рысқұлов жайлы документалды кино түсірген көрнекті режиссер Е. Рақышев, Алатау ауылдық округі әкімі А. Сейітов, музей қызметкерлері, аудандық тілді дамыту мен мәдениет бөлімінің басшысы Ф. Бегенбаева, қоғамдық келісім дәне дамыту орталығының басшысы Д. Бутабаева, ҚХА жанынан құрылған аналар кеңесінің төрағасы А.Нұрбатырова және мектеп ұжымы қатысты. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық саяси өмірі мен басшылық қызметі туралы, келешек ұрпаққа қалдырған мұрасын жан-жақты зерттеп, жаңа қырынан тануға мол мүмкіндік беретін жиын барысында мектеп басшысы Дүйсенова Алия Талғатқызы қонақтарға ізгі тілегін арнады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев бейнероликтен оқып берді.
Т.Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойына орай «Тұрар ізімен келген құндылық – білімді ұрпақ келбетінде» атты әдеби кешке Тұрар Рысқұловтың немересі Аделя Рысқұлова онлайн сұхбат берді. Атасының атындағы мектеп ұжымы мен шәкірттеріне Тұрар Рысқұловтың есімін одан әрі насихаттап, еңбектерін ұрпақ санасына сіңіру бағытында атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап, алғысын айтты.
Кезінде Алатау бөктеріндегі осы ауылға сол кездегі Алматы облысының басшысы болған Асанбай Асқаров Тұрар Рысқұлов атын бергізіп, осы аттас колхоз құрғызған екен. Кейін ауылдағы мектеп Тұрар Рысқұлов атын иемденген. Ұлтжанды азаматтардың ұйытқы болуымен, сұранысымен Талғар қаласындағы ең ұзын орталық көшеге елім деп еңіреп өткен ердің есімі берілген-ді. Сол жылдары мектепте Тұрар мұражайы салтанатпен ашылған болатын. Бұл мұражайдың негізі осыдан ширек ғасырдай бұрын қаланып, әуелі шағын бұрыш болып ашылған екен. Мектептің сол кездердегі басшылары Сәния Тұрлиева, Ханым Солтанқұловалардың басшылығымен бірталай алғашқы ізденіс жұмыстары жасалып, Т.Рысқұлов ұрпақтарымен байланыс орнатылып, көптеген жәдігерлер, құжаттар сол кездерде жинақталған-ды. Бұл игі іске өз ықыластарымен мектеп ұжымы толық атсалысты. Ұстаздар Дүйсеке Рақымжанұлы, кітапханашы Гүлжан Ахметова, қазақ әдебиеті, тарих пәні мұғалімдері құлшына атсалысқан. Көптеген құнды материалдармен, жаңа жәдігерлермен толықтырылған. Содан бері мұражайды өркениет өлшеміне сай жасақтау жұмыстары жасалып отырған. Тұрар Рысқұлов мұражай жұмысының қалыпты жұмыс жасауына атсалысқан тарихшы Рысжан Бекбосынованың да еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Шара барысында қонақтарға Тұрар Рысқұлов мұражайына экскурсия жасалып Тұрар Рысқұловтың өмір жолы, қайраткерлік қызметі, сондай-ақ шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды. Мұражай алғаш ашылған жылдары белгілі Кеңес және қазақ жазушысы, қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналист-аудармашы Шерхан Мұртаза, мәдениеттанушы Молдияр Серікбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейісов, рысқұловтанушы ғалым Ордалы Қоңыратбаев мектеп мұражайына келіп, жоғары баға берген болатын. Қаламгер Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов жайында «Қызыл жебе» (екі кітап), «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты бес кітап жазған. Шерхан Мұртазаның халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Тұрар Рысқұловты «тірілткен» «Қызыл жебе» роман-эпопеясы – ұлттың рухын көтерген бірден-бір шығарма. «Қызыл жебе» романының негізгі кейіпкері – өз дәуірінің «қызыл жебесі», қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов.
Мектеп ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен Тұрардың өмірін қазіргі мектеп оқушыларымен байланыстыра отырып, үш деңгейде «Бала Тұрар, дара Тұрар, Тұлға Тұрар» көріністері тамашаланды. Тұрар Рысқұловтың өмір жолы күрделі сынақтарға толы. Ол қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Бала кезінен жоқшылық көріп өсті. Үш жасында анасынан айырылып, ерте есейді. ХХ ғасырдағы қазақтың саяси, қоғамдық өміріндегі қайраткерлерінің бірі, ұлт мақтанышы екендігі дәріптелді.
Іс-шарада Тұрар Рысқұловтың Пішпектегі ауыл шаруашылығы училищесінде оқығаны, құжаттарында ол кезде басында Қырғызбаев тегімен жүргендігі туралы көріністер көрсетілді. 10 жасында Тұрар Рысқұловтың әкесін Саймасай болысты өлтіргені үшін қамауға алады. Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 10 жылға сотталып, итжеккенге жер аударылады. Сол кезде Бала Тұрар әкесінің қасында абақтыда бірге болады. Қудалауға түспеу үшін Тұрардың тегі «Қырғызбаев» тегіне ауыстырылып, нағашыларының қолына келеді. Бозбала бойында темірдей мінез қалыптасып, отаршылдық саясатқа қарсы наразылығы оянады. Бар өмірін осы күреске арнайды. Верный түрмесінде әкесімен бірге қамалған ол сол кездегі саяси тұтқындармен араласып, қоғамға деген ой түсінігі өзгереді. Осындай қиындықтарды көріп өскен бала өзінің ұлтын нағыз сүйетін кемеңгер қайраткерлердің бірі болады. 1916 жылы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Меркіге аттанады. Ауылына келген кезде халықтың бас көтеріп жатқанын көреді. Қарулы қақтығыстар да өрши бастады. Белсенділердің әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеді. Шеру өршіп кеткенде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды. Алайда ешбір әрекетінен кінә таппайды. Айып тағуға дәйек пен дәлел болмаған соң босатып жібереді.
Мектепте өткен іс-шара соңында халықаралық, республика, облыс деңгейінде жетістікке жеткен шәкірттердің «Жұлдызды шеруі» өтіп, мектеп ұстаздары «Қазағымның Тұрары» әнін орындады.
Тұрар Рысқұлов атындағы №16 орта мектептің ерекшелігі – сапалы білім берумен қатар, әр баламен жеке жұмыс жасау және арнайы көңіл бөлуде. Тұрар Рысқұлов білім саласын жетірдіру, жас өренге ғылым-білімнің маңызын ұғындыру жолында да аянбай еңбек етті. Ұстаздар оқушыларға оқу оқуға ғана емес, болашақты бірге құруға мүмкіндік береді. Қазақ елінің ғана емес, түбі бір түркі халықтарының қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жылдығына арналған шараның терең мағыналы, жан-жақты, ғылыми дәрежеде ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн. Тарихи тұлғалардың ел мүддесін қорғау жолындағы қажырлы еңбегін түсіндіре отырып, оқушылардың азаматтық ұстанымын және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруды мақсат ететін іс болды.
Жас кезінде қиындық көрсе де, соған қарамастан білім алуын жалғастырып, үлкен қызметте болғаны белгілі. Сол кездегі Кеңес мемлекетінің басшысы, И.О.Сталиннің ұлт істері жөніндегі орынбасары, Түркістан автономдық социалистік кеңес республикасының Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1930-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Азық-түлік комитеті төрағасының қызметін атқарып, қылышынан қан тамған кеңестік заманға қарамастан 1 миллионнан астам қазақ қандастарымызды аман алып қалған еңбегімен есте қалды. Тарихшылардың айтуынша, Тұрар Рысқұлов – тек мемлекеттік қайраткер емес, тағы халықаралық деңгейдегі кәнігі дипломат. Мәселен, Моңғолияның қазіргі астанасы Ұлан-Батыр қаласының атауын бекітуге шешуші қолды Тұрардың өзі қойған. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға да сүбелі үлес қосты. Тұрар Рысқұлов «Наурыз» мейрамын мерекелеуді бекіту туралы құжатқа қол қойған тұлға.
Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді күшейту, елін сүйетін, тарихын білетін ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу мақсатын көздеген тағылымды шаралар қатары сиремесін.
Гауһар Тұрсынқожа