ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Мен бұл мақаланы тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдан қалап алып, сұрап алып оқырмандармен бөлісіп отырмын.

Сәбит Шілдебай, тарих ғылымдарының кандидаты

На изображении может находиться: 1 человек, улыбается, часть тела крупным планомЖалпы, Т.Рысқұловтың Қазақстанда атқарған жұмыстары деген сұраққа толық жауап беру тек бір ғана тарихшының қолынан келмес еді. Өйткені, Т.Рысқұловтың бүкіл саналы ғұмыры мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жолына бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының тарихымен еншілес. Сондықтан, Т.Рысқұловтың сан-салалы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зерттеу еңбегіне жүк болып келеді. Біз осы мақаламызда тек қана Т.Рысқұловтың Қазақстанда өте қысқа мерзімде жұмыс істеген кезеңіндегі қызметіне ғана тоқталуды жөн көрдік.
9 ай Коминтерннің өкілетті өкілі ретінде Моңғолияда жұмыс істеген Т.Рысқұлов 1925 жылғы шілде айының басында Мәскеуге қайтып келген соң өзінің Моңғолиядағы қызметіне есеп береді. Оған дейін-ақ, 1925 жылы 10 шілдеде өткен МХРП ОК-нің мәжілісінде Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметін тұтастай мақұлдап, оған оң баға берген болатын. Көп ұзамай, КСРО Сыртқы істер халкомы Г.В.Чичерин де осындай баға берді және Т.Рысқұловқа барынша қолдау көрсету қажет деген пікір білдірді. Осыдан соң, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне жоғары баға бере отырып, әбден ысылған партия және шаруашылық қайраткерін одан ары жұмысқа пайдалану мәселесін ойластыра бастады. Т.Рысқұлов бұл кезде Түркістанда үкімет басшысы болған қызметі арқылы-ақ өзін шебер шаруашылық қожайыны, ТК(б)П Мұсылман бюросындағы жұмысы арқылы дарынды партиялық ұйымдастырушы ретінде мойындатқан, Моңғолиядағы қызметі арқылы халықаралық дәрежедегі сұңғыла саясаткер, шебер мәмлегер екенін көрсеткен тұлға болғандықтан да оған қай саладан болса да қызмет ұсынуға болатын еді.
БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы Т.Рысқұловты партиялық жұмысқа пайдалану орынды болады деген тоқтам жасайды. Бірақ, сол кезеңде БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті аса қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан еді. 1925 жылдың қыркүйек айында Қазөлкекомының бірінші хатшысы қызметіне кіріскен Ф.Голощекин Қазақстанда асқынып тұрған қазақ топшылдығымен күрес бастады. Әрине, бұл күрес өте тәжірибелі саясаткер, кәнігі басқарушы Ф.Голощекин үшін де оңайға соқпады. Бұл күрестің аса ауыр, әрі ұзаққа созылатынын БК(б)П ОК-і де, Ф.Голощекин де анық түсінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен V Бүкілқазақстандық партия конференциясы мұны анық көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл кезеңде республика шаруашылығы да 1913 жылғы деңгейге көптеген салалар бойынша жете алмай, ақсап жатқан болатын. Сондықтан, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловты Қазақ өлкелік партия комитетіне қызметке жіберуді ойластыра бастады. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т.Рысқұлов та осыған қарсы емес еді.
Т.Рысқұловтың Қазақстандағы топшылдыққа ешқандай қатысы жоқ. Ол біріншіден, Қазақ АКСР-інде бұған дейін қазмет атқарған жоқ. Екіншіден, Түркістан АКСР-індегі оның тобы – Орталықтың эмиссарлық органы Түріккомиссияға қарсы жергілікті түрік халықтарының мүддесін қарсы қоя білген Мұсбюро болатын. Түріккомиссияның Т.Рысқұлов тобын талқандауы – Түрік Кеңес Республикасы мен Түрік халықтарының Компартиясын құру туралы идеяға берілген соққы болатын. Сондықтан, Т.Рысқұловты топшылдықпен айыптау ешбір қисынға келе қоймайды.
Бірақ, Қазақ АКСР-індегі асқынған топшылдық одан әлдеқайда жоғары тұрған түрікшіл тұлға Т.Рысқұловқа да салқынын тигізбей қоймады. Ол 1926 жылы Қазақстанға қызметке келген кезде осы мәселемен бетпе-бет кездесті.
Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын БК(б)П ОК-і Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл-күй ауанын байқау мақсатымен Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар деген мазмұнда жеделхат жолдады. Өйткені, БК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы 1919 жылы Түріккомиссияның мүшесі болған Ф.Голощекин мен Т.Рысқұлов арасының жақсы емес екенін өте жақсы білетін. Оның үстіне, оған дейін өте жоғарғы деңгейдегі партиялық және мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленген Т.Рысқұловтың қатардағы қызметке келмейтіні ау бастан-ақ белгілі. Яғни, бұл дегеніңіз, біреудің жылы орнынан жылжуы деген сөз. Бір қызығы, 1926 жылы 10 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросының Ф.Голощекин, И.Киселев, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, А.Серғазиев, С.Сәдуақасов, О.Исаев, М.Тәтімов, И.Игеновтардың қатысуымен өткен мәжілісінде «Жолдас Рысқұловты Қазақстанда жұмысқа пайдалану туралы ОК-тің жеделхаты» қаралып, «жолдас Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» деген қаулы қабылданды [1]. Осы жерде, барлық жағынан тығырыққа тіреліп, одан шығар жол іздеп отырған Ф.Голощекиннің бұдан басқа амалы жоқ болған шығар деген ойдамыз. Себебі, Т.Рысқұловтың керемет ұйымдастырушылық дарыны Қазақ АКСР-і үшін ауадай қажет болатын.
Қазақ өлкелік партия комитетінің ресми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдасыру бюросы 1926 ж. 3 наурызда БК(б)П ОК Хатшылығының келісімімен Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу туралы шешім шығарды.
Біздің қолымызға Т.Рысқұловтың Қазақстанға дәл қай күні келгенін айғақтайтын құжат әзірге түсе қойған жоқ. Тек белгілісі – 1926 ж. 10 сәуірде өткен Қазөлкекомы бюросының мәжілісі оның қатысуынсыз-ақ «жолдас Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, оны БК(б)П Қазөлкекомының Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ал 19 сәуір күні өткен аталмыш бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың қатысуымен өтеді. Осы мәжілісте Ф.Голощекин «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы туралы» хабарлама жасап, ол бойынша «Рысқұлов, Сәдуақасов және Жандосов жолдастар «Еңбекші қазақ» редакциялық алқасына мүше болсын, Т.Рысқұлов газеттің жауапты редакторы болып тағайындалсын» деген шешім қабылданды [2]. Яғни, Т.Рысқұлов Қазақстанға осы екі аралықта келсе керек.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келе салысымен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т.Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында орасан жұмыс атқарды. Үнемі қазақ ауылдардарындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қазақ кедейлерінің кеңестердегі рөлін арттыруға баспасөзді жұмылдыруға күш салды. Сонымен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге баса назар аударды. Біз Т.Рысқұловтың аз уақытта Қазақстанда атқарған жұмыстарын кеңірек көрсету үшін нақтылы деректермен бере кетуді жөн санап отырмыз.
Мысалы, Т.Рысқұлов 1926 ж. 21 сәуір күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысады. Т.Рысқұловтың мәжілістегі рөлі мен ықпалы, оның энергиясы хатшылықтың хаттамасынан-ақ айқын сезіліп тұр. Осы мәжілісте Т.Рысқұлов қаржының жетіспеушілігі салдарынан шығуы тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған «Қызыл Қазақстан» журналына қаржы іздестіру туралы мәселені көтере отырып, журналды шығаруды тоқтатпау және оған бөлінген 3000 сом субсидияны жеткіліксіз деп есептей отырып, керекті қаржыны тез арада табуды Қазақ ХКК комфракциясына жүктеу, журналдың редакциясына журналды тарату мен насихаттау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсыну, 5 мамыр күні өтетін «Баспасөз күні» мерекесіне орай Қазақстанның партиялық ұйымдарына журналдың беделін көтеру мен оны тарату мәселесіне көңіл аударуды сұрау жөнінде шешімдердің қабылдануына ұйытқы болды. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов Сырдария губкомының Сырдария облысының «Ақжол» және «Смычка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттерімен біріктіру туралы 1926 ж. 27 наурыздағы қаулысы туралы айта келіп, губкомның шешімін мақұлдау және осы шешімді аяғына дейін жеткізу үшін Ә.Байділдинді Шымкент қаласына іссапарға жіберу жөнінде шешім қабылдатты [3].
Көріп отырғанымыздай, Т.Рысқұловтың бір күндік жұмысының нәтижесінің өзі осыншалықты ауқымды. Бірақ, Т.Рысқұловтың басы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да, Ф.Голощекин одан үнемі тартынып, аяғын аңдап басатын. Ф.Голощекин БК(б)П ОК-нің ресми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хатшысы ретінде Орталықпен ым-жымы бір болғанымен, көп жағдайда Т.Рысқұловтың беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мысы Ф.Голощекиннен басым түсетін. Сондықтан да, Т.Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі деген сөз – Ф.Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі болып шығар еді. Ал Т.Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп болатын. Өйткені, қазақ қайраткерлерін бір-біріне бөліп соғу тәсілімен Орталықтың отарлық жымысқы саясатын жүзеге асыратын әккі Ф.Голощекин кеткен жағдайда, Т.Рысқұлов қазақ қайраткерлерін тұтас бір арнаға біріктіріп, орталық пен ұлт аймағы арасындағы қарым-қатынаста республика мүддесін қарыса қорғауы сөзсіз еді. Бұл жағдай, кейіннен, 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанына байланысты Т.Рысқұлов позициясынан анық көрінді. Осы жағынан келгенде, Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру Орталық үшін де Ф.Голощекин үшін де тиімді болатын. Екіншіден, Т.Рысқұловтың РКФСР-дің орталық мемлекеттік басқару органында қызмет атқаруы Қазақстан үшін де, өзі үшін де тиімді боларын Ф.Голощекин де анық бағамдаса керек. Осылайша, Қазақстанға келгеніне екі апта уақыт өтер-өтпес Т.Рысқұловтың басқа жұмысқа ауысуы туралы мәселе көтеріле бастады.
1926 ж. 25 сәуір күні Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары қызметкерлерінің (Н.Нұрмақов – ҚАКСР ХКК төрағасы, Ж.Мыңбаев — ҚАКСР ОАК төрағасы, Ахсан Мұхаметқұлов – БАКСР ХКК төрағасы, Хафиз Кушаев – БАКСР ОАК төрағасы, Шайгардан Шаймарданов – ТАКСР ОАК төрағасы) қатысуымен өткен кеңесте «РКФСР орталық мекемелерінің жауапты орындарына ұлт қызметкерлерін ұсыну туралы» мәселе қаралып, Т.Рысқұлов — РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Саитгалиев – РКФСР Кіші Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Биишев – РКФСР Қаржы халкомының орынбасары қызметіне ұсынылды. Ж.Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК-нің бас хатшысы И.Сталиннің, хатшысы В.Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В.Куйбышевтың атына жазған хатында олардың тағайындалуын сұрай отырып, бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және саяси байланыстарға жағымды дәнекер болатынын атап көрсетті [4].
Т.Рысқұловтың РКФСР ХКК төрағасы қызметіне бекітілуі туралы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан болатын. Ол 1926 ж. 26 сәуір күні өткен Қазөлкеком хатшылығының мәжілісінде «комсомол баспасөзі туралы» айта келіп, комсомол газетінің қайта шығарылу қажеттігін, комсомол газетіне қатысты Қазөлкеком шешімінің қайта қаралуы туралы мәселені Бюро мәжілісіне қою керектігін, Қазөлкекомның баспасөз бөлімі мен БЛКЖО Қазөлкекомына бірлесе отырып бюроның келесі мәжілісінде шығатын газеттің сипаты мен оған керекті қаржы туралы мәселені баяндау тапсырылды. Т.Рысқұловтың осы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылдың 8 ақпанынан бері «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде қосымша ретінде «Лениншіл жас» атауымен, 1925 жылғы 3 ақпаннан (С.Сәдуақасовтың редактор болуынан кейін – С.Ш.) бері «Жас қайрат» атауымен қосымша ретінде шығып келген комсомол газетін жеке шығару мәселесі орынды шешім тауып, 1927 жылдың басынан бастап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бастады [5].
Сондай-ақ, Т.Рысқұлов хатшылықтың осы мәжілісінде «Семей мембаспасы туралы» хабарлама жасап, Семей мембаспасының мүмкіндіктерін республика үшін пайдалану жөнінде шешім шығарып, Семей мембаспасының жұмысы мен Қазмембаспасының жұмысын ұштастыруды және оның орындалуы мен жүзеге асуын бақылауды өзі басқаратын бөлімнің қарамағына алуды ұсынды. Ұсыныс толық қабылданып, Семей мембаспасы республикалық маңызы бар баспаға айналды.
Мәжілісте қаралған келесі бір мәселе – «Қазақстандағы шаруалар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу туралы» мәселе болды. Бұл мәселе бойынша да оң шешім қабылданып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтудің жоспарын жасау үшін Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Брудный, Рязанов және Хангереевтерден тұратын комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орынды тарихи баға берілгені белгілі.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келгеннен кейін көп ұзамай, 1926 жылдың 30 сәуірі – 3 мамыры аралығында өткен 5-сайланған Қазөлкекомның ІІ пленумында жергілікті кеңестердегі байлардың ықпалына соққы беру қажеттігін көрсетті. Байлар рулық және туысқандық қатынастарға сүйенгендіктен емес, қолына биліктің экономикалық тұтқасын ұстағандықтан да кеңестерде жеңіске жетеді деді Т.Рысқұлов. Ал өз кезегінде осы жағдай қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі деді. Сондықтан, байларға салынатын салық көлемін өсіріп, қазақ шаруалары мен жұмысшылар одағының нығаюына жәрдемдесу керек деген пікір білдірді.
1926 жылы 5 мамырда қызылорда қаласындағы Іскерлер клубында Баспасөз күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтеді. Осы жиында баяндама жасаған Т.Рысқұлов қайта құру жағдайындағы Қазақстанның даму барысына тигізетін баспасөздің рөлі мен маңызын ғана айтып қоймай, ол республикалық баспасөздің алдына нақтылы міндеттер қоя білді. 1926 ж. 13 мамыр күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі іс-шаралардың» (Қазөлкеком Баспасөз бөлімінің жоспары – С.Ш.) осы баяндама тезистері негізінде қабылданғаны айдан-анық. «Реализовать права Отдела Печати Крайкома, как самостоятельного Отдела» [6] деп басталатын аталмыш құжаттан Т.Рысқұловтың ноқтаға басы сыймайтын қолтаңбасы мен «төртінші билік – төрге шық!» деген ұран мүлтіксіз көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Бюро мәжілісі Т.Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тарту бойынша да Т.Рысқұлов ұсынған шараларды бекітті.
1926 ж. 19 мамыр күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу ақысын 8 миллион сомға дейін көбейту туралы шешімнің шығуына ықпал жасады. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді [7].
Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хатшысы В.Молотовтан 1926 ж. 31 мамырдағы БОАК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілгені туралы хабарлама келіп жетті. «Еңбекші қазақ» газеті бұл жөнінде 8 маусым күнгі санында ресми хабар берді. Ал 14 маусым күні өткен БК(б)П Қазөлкомы хатшылығының мәжілісінде, Т.Рысқұлов 5 мәселе бойынша хабарлама жасап, өз ұсыныстарын толық өткізіп кетті. Олар:
— Қазақ тілінде өлкелік шаруалардың жаңа газетін шығару шешілді;
— Өлкелік шаруалар газетінің редакторы болып Ж.Мыңбаевты, орынбасары етіп Ә.Байдильдинді бекітті;
— БК(б)П Қазөлкекомы Баспасөз бөлімін басқару уақытша Ә.Байдильдин мен А.В.Шверге жүктелді;
— «Еңбекші қазақ» газетінің уақытша редакторы болып О.Жандосов бекітілді;
— Қазақ тілінде ғылыми терминологияны тексеріп, оны Қазөлкекомға баяндау Баспасөз бөліміне тапсырылды [8].
Осыдан кейін, Т.Рысқұлов 14 маусым күні өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 маусым күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың жаңа қызметке тағайындалуына орай, оны Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды [9]. Осылайша, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.