Тұратыда туған тарландар

Біреу білсе, біреу білмес, Ұлы Отан соғысына қатысып батыр атағына ие болғандардың ішінде басқа жерде туып-өскен қазақтар да бар. Мысалы, Таулы Алтай Республикасының Усть-Кан ауданы, Черный Ануй ауылдық әкімшілігіне қарасты Тұратыда қазақтар тұрады.

Бұл қазақтар ертеде қымыз сатқандықтан, бұл ауыл саяхатшылар күнделігіне жазылып, Тұраты қымызымен әйгілі болыпты. Ал, орыстар болса бұл қазақтарға шоқынып, өз діндерін қабылдаған жағдайда ғана жер бергенге ұқсайды. Орыстарға қарсы шығып, шоқынбай кеткен екі адам болыпты. Бірінің аты – Туғанбай, екіншісі – Елеусіз деген екен.

Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Тұраты қазақтары да ел қатарлы соғысқа аттаныпты. Ғажап, аядай ауылдың төрт жігіті «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған. Осылардың екеуі туралы нақты дерек бар. Бұлар ертеде бұғауға басын имей кеткен Туғанбай мен Елеусіздің ұрпақтары.

жәнібек
Жәнібек Елеусізов пен Қадыран Туғанбай

Черный Ануй аулының ортасында қос батырға қойылған ескерткіш бар. Ауылдың орта мектебі Қ.Туғанбаевтың атында болса, Ж.Елеусізовтің атында Тұраты ауылында көше бар екен. Ж.Елеуісовтің туған қарындасы мектепте тарихтан сабақ береді. Туған ауылының тарихын зерттеумен айналысып жүр. Новосібір, Томск қалаларының архивінен біршама мәлімет тапқан. Сондай-ақ, ауылда Қ.Туғанбаевтың қызы, әлде қарындасы тұрады. Енді осы батыр қандастарымыз туралы не білеміз:

Қадыран Туғанбаев – 1942 жылы 18 жасында соғысқа шақырылып, барлаушы болған. Совет армиясының 333-ші дивизиясы, 1116-ші атқыштар полкында жауынгерлік міндетін атқарады. 1943 жылы Совет армиясы Днепрге келіп тіреледі. Немістер өзеннің арғы жағалауына өте күшті қорғаныс шебін орнатып, Совет әскеріне қарсы соққы беруге көп уақыт дайындалады. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір шешуші шайқастардың бірі осы. Әскерлердің арғы жағалауға аман-есен өтіп, шығуын қамтамасыз ету 333-ші дивизияға жүктеліпті.

Арғы жағалауда биікте орналасқан жау пулеметі біздің әскерлерге оқ бүркіп, аттап бастырмай қинайды. Жаудың пулеметіне қарсы шапқан қазақ Қадыран граната тастап, тажалдың үнін өшіреді. Бірақ өзі де ауыр жараланады. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Есіл ер оны көре алмапты. Жарлық шығардан үш ай бұрын қайтпас сапарға аттаныпты.

Жәнібек Елеуісов — 1925 жылы туған. 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Бірақ оның өтінішін 1943 жылы қабыл етіп, 6 айлық мергендер курсына жібереді. Сол жылы ол Воронеж майданының 6-ншы гвардиялық дивизиясының 25-інші гвардиялық пулемет полкына командир болып барады. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады.

Ол ата-анасына жазған хатында былай деген екен: «Мен үшін қайғырмаңыздар, қайта қуаныңыздар, өйткені, мен өз отаным алдыңдағы борышымды өтеуге бара жатырмын. Мен жаудан қорықпаймын. Отанымды соңғы күшім қалғанша қорғаймын… »

Ж.Елеуісов пулемет полкына командир болып тағайындалады. Майданның алғашқы күні оның полкі жаудың 40 жаяу әскерін өлтіріп, 95 немісті тұтқындайды. Сол ұрыста Жәнібектің өзі 4 жау әскерін өлтіреді. Тағы бір ұрыста ол жаудың 5 әскерін жойып жіберген. Өзінің аяғына оқ тиіп, жарақат алады. Сонда да майдан шебін тастап кетпейді. Полктың Днепр, Припяти өзендерінен аман-есен өтуіне елеулі үлес қосады. 6-шы гвардиялық дивизияның командирі, генерал-майор Г.Ивановтың естеліктерінде: «… Бір соғыс есімде: ұрыс кезінде Жәнібектің полкінен бір адам қалмай қырылып қалыпты. Жалғыз қалған Жәнібек бір пулеметтен екіншісіне жүгіріп жүріп атысып, жау әскерін тұсап тұрды. Немістер ол жерде біреу емес, бірнеше адам бар деп ұққан екен. Міне, осы батыр қазақ баласы Жәнібек болатын»

Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісов 1946 жылы майданнан аман оралды. Тұратыдағы орта мектепте директор болды. Алтай өлкелік Кеңесіне депутат болып сайланды. Қазақстанға 1954 жылы көшіп келіп, өмір сүрді. Балалары қазір әртүрлі әскери салада ойдағыдай қызмет етіп жүр.

Бекен Қайратұлы